Білім

Оқушылар олимпиадасы басталды

Кеше елордада «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен химия және биология пәндері бойынша 7-8 сыныптар арасында республикалық жасөспірімдер олимпиадасы басталды. Олимпиада «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен «ZERDE-LIDER» білім беру орталығымен бірлесе ұйымдас­тырылды.

Олимпиаданың мақсаты – химия, биология пәндерін тереңдетіп оқуға оқушылардың қызығушылықтарын арттыру, олимпиадаларға дайындық жүйесін жоғары деңгейде жетілдіру және олимпиадалық резервті қалыптастыру.

Бүгінгі таңда мектеп оқушылары арасында химия-биологиялық бағыттағы пәндерге қызығушылық күннен-күнге артуда. Қазіргі таңда еліміздің алдында тұрған ғылым, білім, кәсіби кемелдену әлеміндегі мәселелерді шешу үшін жас дарындарды қолдау қажет. Осындай қолдауды екінші жыл қатарынан қайырымдылық қызметімен танымал, Олимпиаданың бас демеушісі – әлемдегі ең ірі мұнай компаниясы Exxon Mobil көрсетіп келеді.

Теориялық және практикалық секілді екі кезеңнен тұратын Олимпиадаға 171 оқушы қатысып жатыр. Марапаттау рәсімі 28 сәуірде «Думан» қонақ үйінде өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының I, II және III дәрежелі дипломдарымен және грамоталарымен, сондай-ақ Exxon Mobil демеуші компаниясы ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталады. Олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар табысталады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button