Басты ақпаратЕлорда тынысы

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Астана қаласының әкімі: Тұрғындарды жұмыспен қамту – өзекті мәселе

Жеңіс Қасымбектің Астана әкімі болып қызметке кіріскеніне бес айға жуықтады. Осы уақыт аралығында елордада атқарылған жұмыстар, әсіресе бас қаладағы су тапшылығы, мектеп, балабақша және тағы басқа мәселелер туралы «Власть» интернет-журналының тілшісімен болған сұхбатты ықшамдап беруді жөн көрдік. 

– Жеңіс Махмұдұлы, бас қалада өзіңіз бетпе-бет кездескен басты қиындық қайсы?

– Негізгі проблема көші-қонды реттеумен байланысты болып отыр. Өткен аптада Президент кеңейтілген отырыс өткізді, онда бірінші кезекте тұрақты, сапалы және жоғары ақы төленетін жұмыс орындарын қамтамасыз етумен айналысу керектігі айтылды. Егер қала жыл сайын 60-70 мың адамға өссе, оның ішінде бала туу көрсеткіші шамамен 30-40 мың болса, қалған 20-30 мың тұрғынды біз жыл сайын жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Яғни, бірінші мәселе – жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету.

Ресми түрде бізде жұмыссыздық деңгейі еліміз бойынша төмен көрсеткіштердің бірі – 4,5%, қалада 1 млн 350 мың адам тіркелгенімен, бүгінгі таңда елордада 1,5 млн адамға дейін тұрып жатқанын білеміз. Мұнда басқа аймақтардан келетіндер көп. Олардың барлығын лайықты жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек.

– Бірақ әкімдік оларға жұмыс тауып бере алмайды ғой?

– Әлбетте. Біз бизнестің дамуына, кәсіпорындардың құрылуына, медициналық нысандардың салынуына жағдай жасаудамыз. Бұл – ең маңызды мәселелердің бірі. Халық табысының өсуі де осыған байланысты. Одан әрі біз тұрғындарға әлеуметтік жағдай жасауымыз керек. Қалада жұмыс істейтіндердің дені – 30-40 жастағылар, олардың кем дегенде екі-үштен балалары бар, біз оларды мектеппен, балабақшамен, емханамен, ауруханамен және т.б. қамтамасыз етуіміз керек.

Үшінші мәселе – инженерлік инфрақұрылым. Тұрғындар саны өскен сайын, сәйкесінше жылу, су, кәріз қызметтерін тұтыну артатынына көзіміз жетті.

– Шынында да, инженерлік инфрақұрылымға қатысты қазір өте үлкен проблема туындап отыр. Неліктен?

– Мұндай өсу қарқынын ешкім жоспарлаған жоқ. Тек соңғы үш жылда елордалықтар қатары 200 мың адаммен толықты. Сонымен бірге мұнда табиғи өсім, яғни бала туу көрсеткіші жоғары. Ескі бас жоспар бойынша біз қазір 900 мың – 1 млн адам деңгейінде болуымыз керек, ал қазір Астанада іс жүзінде 1,5 млн адам тұрады.

– Сорғы-сүзгі станциясы неге үлгермей жатыр? Неліктен ол бұрын салынбаған?

– Ол осыдан бірнеше жыл бұрын салына бастады. Бізде Астана су қоймасынан келетін желілері бар тиісті инфрақұрылым салынуда. Бұл жарты жылда немесе бір жылда бітетін шаруа емес. Егер шартты түрде алсақ, осыдан үш жыл бұрын бұл үдеріс: жобалау, құрылыстың басталуы қолға алынбаса, біз бүгін шынымен қиын жағдайға тап болар едік. Үш жыл бұрын әкімдік өте дұрыс шешім қабылдады. Әрине, халық санының өсетіні алдын ала белгілі еді, бірақ осынша көлемде өседі деп ешкім ойламады. Сондықтан біз бұл жобаны аяқтаймыз, жазда суға тапшылығы толығымен жойылады.

– Төртінші станцияны жобалауды бірден бастайсыздар ма?

– Иә, жобалау жұмыстары биыл басталады. Сонымен қатар, Үкімет сумен қамтамасыз етудің бірнеше нұсқаларын қарастыруда. Біріншісі қарапайым, бірақ капиталды көп қажет етеді. Осылайша, Сабынды жерасты кен орнынан шыққан су, оны 1,5 жылда тез жасауға болады. Бұл жағдайда біз ауданда тәулігіне 40-50 мың текше метрді қосымша қамтамасыз етеміз, сол жағалау мәселелерін жауып, оң жағалаудағы жүктемені біршама азайтамыз.

Сорғы-сүзгі станциясының іске қосылуы аяқталғаннан кейін, шамамен жаздың аяғында біз су қысымының барлық тапшылығын толығымен жоямыз. Бұл ретте бізде орта есеппен 80-85 мың текше метр профицит қалады деп күтілуде, бұл барлық жобаларды шамамен 3-4 жыл мерзімде іске асыруға және тапшылықты сезінбеуге мүмкіндік береді. Жылу мәселесі де осылай шешіледі. Биыл біз осы қыста болған тапшылықтан 2,5-3 есе көп жылу беруіміз керек.

– Жылумен қамтамасыз етуде биыл тапшылық болды ма?

– Тұрғындар жылу тапшы­лығын сезінбеді, мысалы, тұрғын емес үй-жайлардағы, атап айтсақ, паркингтердегі және басқа да кейбір ғимараттардағы жылуды шектеу арқылы белгілі бір шаралар қабылданды. Олар жергілікті қазандықтарға ауыстырылды. Біздің стандарттар бойынша пәтерлердегі температура – 20-22 градус, Еуропада ол 4-5 градусқа төмен. Ал паркингтерде 21-22 градус жылу не үшін керек? Осыны ескере отырып, кейбір тұрғын емес үй жайлардағы температураны төмендеттік және бұл дұрыс шешім болды.

Тұрғын үй құрылысы жыл сайын артуда. Мәселен, өткен жылы шамамен 3 миллион шаршы метр үй тұрғызылды, орташа квадраты – 70-75 шаршы метр, бұл, шамамен, 35 мың пәтер. Биыл да құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңін және екі газ-жылу станциясын іске қосу арқылы берілетін жылу 1000 гигакалориядан асады деп жоспарланып отыр. Бұл – өте ұзақ мерзімге жететін қор. Сонымен қатар, келесі жылы біз үшінші газ жылу станциясын аяқтаймыз, бұл қаланы қосымша 300-400 гигакалориямен қамтамасыз етеді.

– Осыдан кейін қала экологиясы жақсара ма?

– Бұл нысандардың кесірінен нашарламайды, өйткені барлық төрт жылу көзі де газбен жылытылады. Соңғы жылдары бірінші және екінші ЖЭО да газға ауыстырылды. Егер газ бойынша айтатын болсақ, инфрақұрылым 12 мың тұтынушыға жеткізілді, 8 мыңға жуық тұтынушы оған қосылды. Газға қосылу бағасы бойынша айтар болсақ, бұл бағытта қалада 60-70 компания жұмыс істейді, біз оларды газға қосылу құнын 800 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін төмендетуге мәжбүрлей алмаймыз. Дегенмен, әкімдік тұрғындарға көмектесуге тырысуда. Мысалы, халықтың әлеуметтік осал топтарына  шамамен 400 мың теңгені субсидиялаймыз. Сонымен қатар, Халық Банкімен азаматтарға газға қосылу үшін пайызсыз несие беру туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, жыл сайынғы инфляцияны ескере отырып, қала тұрғындары үйлеріне өте арзан бағаға газ өткізе алады.

– Жеңіс Махмұдұлы, бізде жер көп, бірақ неге орталықта биік үйлер біріне-бірі тым жақын салына береді?

– Біріншіден, орталықта дайын инфрақұрылым бар.

– Соңғы кездері құрылыс нысандарының осылайша тым жақын орналасуы тұрғындар тарапынан наразылық тудыруда. Бұған не дейсіз?

– Демек, ол бұл жүктемеге төтеп бере алады. Жаңа үйлерді қолданыс­тағы желілерге жалғау оңайырақ. Сонымен қатар, тұрғын үйдің орталықта болғаны тиімді. Шамамен Керуен, Сарыарқа сауда ойын-сауық орталықтарының маңындағы тұрғын үйлердің құны қаланың шетіндегі үйлерге қарағанда қымбатырақ болады. Яғни, үйлерді жапсарлас­тыра сала берудің өзіндік факторлары жеткілікті. Бұл ретте мынаны айтқым келеді: төрт ай бойы біз қала орталығында тұрғын үй салуға ешқандай техникалық шарттар мен келісімдер берген жоқпыз. Осылайша, біз желідегі жүктемені азайтуға тырысудамыз. Екіншіден, біз биыл ЖЭО жобаларын, жылу станцияларын, сумен сорғы-сүзгі станциясын іске қосуды түбегейлі аяқтаймыз. Біз алаңға, саябаққа, рекреациялық аймаққа қарастырылған бірде-бір учаскеге тұрғын үй салуға рұқсат бермейміз. Бәрі тек қабылданған бас жоспар аясында жүзеге асырылады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button