Мәдениет

Журналистің жаңа кітабы

Бүгін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ғылыми кітапханасындағы Ақселеу Сейдімбек атындағы залда журналист-публицист, саясаттанушы, қоғам қайраткері, есімі елге мәлім қаламгер, бір жыл бұрын дүниеден өткен Кенжеболат Жолдыбайдың «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Бас редакторлар клубы мен ЕҰУ-дің журналистика және саясаттану факультеті бірлесіп өткізген салтанатты жиынға марқұмның туған-туыстары, Ұлытау, Қарағанды, Атырау облыстарынан арнайы келген мәртебелі меймандар, ҚР Парламенті депутаттары, Бас редакторлар клубының мүшелері – отандық БАҚ басшылары, жазушылар, ғалымдар, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Жаңа кітаптың тұсауы кесілген соң, жиналған жұрт Кенжеболат ағаның мінез-құлығы, болмыс-бітімі, адамдық қалпы, қоғамдағы орны мен ұстанымы, қазақ журналистикасы мен саясаттану ғылымына сіңірген еңбегі жөнінде ой-пікірлерімен, жылы естеліктерімен бөлісті. Мінбеден сөйлеген жандардың барлығы марқұмның рухани мұрасының жоқтаушысы, артында қалған бай дүниесін қағазға түсіріп, 467 бетті құрайтын керемет кітап етіп құрастырған өмірлік қосағы Төкен Қорғанбековаға алғыстарын жаудырды. Төкен апаның өзі кітапты отбасының қаражатына шығарса да 50 данасын ЕҰУ-дің кітапханасына, тағы бір 50 данасын Ұлттық академиялық кітапхананың қорына сыйға тартқанын айтты.

«Фолиант» баспасынан 500 данамен жарыққа шыққан жинақта Кенжеболат Жолдыбайдың соңғы жылдары отандық баспасөзде қазақ және орыс тілдерінде жарияланған мақалалары, сұхбаттары, ой-толғамдары топтастырылған. Бес бөлімнен тұратын кітаптан оқырман автордың қоғамның, елдің дамуы туралы ой-тұжырымдарын, өзекті тақырыптарға арналған сұхбаттарын, шетел сапары туралы жазбаларын, К.Жолдыбайдың қазақ қоғамындағы тұлғалар туралы пайым-толғаныстарын және К.Жолдыбай жайындағы әріптестерінің, жерлестерінің, қаламдас жанашырларының естеліктерін оқи алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button