Uncategorized

Салт-дәстүр сайысы

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен елордада жас отбасылар арасындағы «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты қалалық сайысының үздіктері анықталды.

Қалалық сайыс Астана қаласының және оған іргелес ауылдардың аумағында тұратын, шаңырақ көтергендеріне 1-5 жыл аралығындағы жас отбасылардың арасында өткізілді. Оған қатысуға 30-ға жуық отбасыдан өтінім түскен. Байқау шартына сәйкес 9 отбасы іріктеп алынды. Байқау бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңызын арттыру, қазақ хaлқының сaлт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптaрын заманға сай жаңғыртып, жастар арaсында насихaттау, отбасы институтының мәртебесін көтеру, іргесін нығайту, дәстүрлі отбaсылық құндылықтaрды жастар арасында дәріптеуге бағытталды. Үлгілі отбасылар байқауы шынымен де елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейді.

Сайыстың қазылар алқасының құрамында мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, публицист Сәуле Мешітбайқызы, тарихшы, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Шәкен, «Наз» би мемлекеттік театрының директоры ­Еркебұлан Ағымбаев, мәдениет қайраткері, ақын, сазгер Оспан Сүлейменұлы, қалалық мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова, театр және кино актері Толқын Сұлтан болды.

«Қазақтың ең басты құндылығы – тіл, дін және мәдениет. Оның барлығы салт-дәстүрге арқа сүйейді. Ал отбасы дәстүрге берік болса, мемлекет те мықты болады. Сондықтан бүгінгі сайыста өнер көрсеткен отбасылар дәстүрге берік екендерін анық көрсете алды» деп қазылар алқасының төрағасы Дархан Мыңбай жеңімпаздарды құттықтап, отбасы құндылықтарын берік ұстанған әулеттерге ризашылығын білдіріп, құрметін жеткізді.

Жас отбасылар үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқысы «Біздің отбасының бір күні» атты бейнесайыс кезеңі болса, одан кейін «Он саусақтан өнер тамған» кезеңінде ері мен зайыбының әзірлеп әкелген дүниелері назарға ұсынылды. Келіншектер ұмыт бола бастаған ұлттық дәмдерден ас әзірлеп әкеліп, тарихы мен дайындалу жолын баяндаса, жолдасы қамшы өру, теңге соғу, зергерлік өнер, ағаш бұйымы, мүсін жасау, т.с.с. дәстүрлі өнер бұйымының тарихы мен әзірлену жолымен таныстырды. «Өнер, білім бар жұрттар» атты соңғы шығармашылық кезеңде отбасылар өздерін таныстырып, тарих, этнография, салт-дәстүр, фольклор, мақал-мәтел бойынша сұрақтарға жауап беріп, ән айтып, би билеп, өнер көрсетті.

«Бұл байқаудың көпке тигізер пайдасы мол. Әр отбасы қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, балаларына көрсетіп отырғаны жөн. Сол арқылы саналы ұрпақ тәрбиелейді. Мұндай жарысқа біз отбасымызбен бірінші рет қатысып отырмыз. Бос уақытымда балаларыммен асық ойнауды, арқан тартысты ұнатамыз» деді қатысушылардың бірі Нұрлыбек Сәмеков.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде Сәмек жанұясына, 1-орын Ұлықпанұлы отбасына, 2-орын Халат жанұясына, 3-орын Қазиевтер отбасына және «Көрермен көзайымы» номинациясы Рашитовтар отбасына табысталды. Жеңімпаз отбасыларға ағаштан жасалған қазақтың тұрмыста қажет заттары, жазушы Зейнеп Ахметованың салт-дәстүр жайлы «Күретамыр» кітабы және балаларға арналған боямақтар сыйға берілді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button