Басты ақпаратҚала мен Сала

Сын сағатта сыр бермейді

Адам өміріне араша түсу, айтып келмейтін апатпен арпалысу, төтенше жағдайға төтеп беру – бұл жүрек жұтқан жандардың ғана ісі. Күн сайын өз өмірін қатерге тігетін құтқарушы болу, әсте, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сын сағатта өзгеге көмек қолын созатын жандар қатарында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Азамат Жұмабаев бар. Елордалық азамат таймас табандылығының арқасында бауырлас түрік елінде болған зілзала кезінде үш адамның өмірін өлімнен арашалап қалған.

Мансап жолын құтқарушы елорданың Төтенше жағдайлар департаментінде 2015 жылдан бастады. Кәсіби құтқарушы болу – бала арманы. Уақыт өте келе арманын мақсатына айналдырған ол құтқарушыларды дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясында білім алды. Тілсіз жау төтеннен тап бергенде, білек сыбана кірісетін жігерлі жастардың сапы осында тәрбиеленеді.

Азамат та ержүректердің қатарынан табылды. 8 жыл қызметінде ол алуан оқиғаның да куәсі болыпты. Талай адамды ажал ауызынан арашалап, талайға өмір сыйлады. Оның көпке көмектесуге дайын тұратыны, қайтпас қайсарлығы, мамандығына адалдығы өз ортасында аз уақытта беделді етті. Сөзінше, жасақ құрамындағы жігіттердің бәрі де жұмысын абыройлы атқарып жүр.

– Құтқарушы жұмысының қиын тұсының бірі – жол-көлік оқиғаларында мүрдені алып шығуға, жарақатынан қан тыйылмағандарға жедел көмек көрсету. Осындайда көп адамның жүрегі шыдамайды. Ал құтқарушы мұндайда сыр бермеуі тиіс. Бірақ әркім бұл салаға келе бермейді. Әуел баста тағылымдамадан өтіп, кейін іске көшкенде шыдамағандар талай болды. Жұмысқа қызығып, бірақ аз жалақыға келіспегендер де кезікті. Яғни мұнда тек саланы сүйіп таңдағандар қызмет етеді, – деді бас құтқарушы.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, құтқарушы – сан қырлы мамандықтың иесі. Жұмыс барысында стропальщик те, сүңгуір де, альпинист те, тіпті фельдшер де болады. Құтқару қызметінің шегі белгіленбеген. Маман жұмыстан тыс жерде де ажалға араша түсуге даяр. Азаматтың айтуынша, медициналық көмектің арқасында өмірге қайта келген адамдар саны көп. Мұның бәрі құтқарушының күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Денсаулығына қауіп төндіре отырып жұмыс атқарған оның басты міндеті – апатқа жол бермей, халықтың тыныш өмірін, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ал қауырт, ауыр жұмысы құтқарылған адамдардың алғысымен бағаланады.

– Диспетчерлік бөлімнен кү­ніне 10-15 шақты хабар түседі, кейде түспейтін де жағдайлар болады. Иә, кез келген хабарға біз сақадай сай болуымыз қажет. Бастысы – шапшаңдық пен сабырлылық. Хабарлардың сипаты да әртүрлі. Оның ішінде астанада ата-ананың баласын пәтерде қараусыз қалдырып кету жағдайлары жиі кездеседі. Өз-өзіне қол жұмсау жайты да қайталанады. Мәселен, мынадай жағдай болды. 1992 жылғы қыз құрбысының шалған хабарлама, қоңырауына, есіктің шырылына жауап қатпаған. Содан ол қыздың әпкесі келіп пәтерді кілтпен ашпақ болғанда, есік ашылмады. Біз терезе арқылы арнайы құрал-жабдықтың көмегімен ішке кірдік. Сөйтсе ол қыз көп мөлшерде дәрі ішкен екен. Кейін дәрігерлерді шақырып, аман алып қалдық. Сол сияқты көпқабатты үйдің бірінде бір ер адам суицидке бармақшы болған. Біз жеткенде, жақыны болу керек, бір әйел адам айғай-шу шығарып, көршілерімен бірге балға алып, есікті бұзбақ болған. Жасақ есікті бұзып кірді. Құтқарушылар алғашқы медициналық көмекті меңгерген. Сондықтан мен жүрек-өкпе реанимациясын жасадым, содан ол кісі аман қалды, – деді ол.

Құтқарушылар орны әсіресе Түркиядағы жойқын зілзала кезінде байқалды. Бас қаладан аттанған 20 маманның қатарында Азамат Жұмабаев та болып, қас-қағым сәтте қанша адамның өмірін жалмаған ғасыр апатын өз көзіме көргенін, елордалық жасақтың үш адамды қалай аман алып қалғанын айтты.

«Түркияда барлығы 12 күн болдық. Алдымен Газиантепке, кейін Нұрдағы қаласына бардық. Нұрдағы жер сілкінісі салдарынан толығымен жермен-жексен болып, шаһарда қираған үй мен құлаған ғимараттар санында есеп жоқ еді. Жер сілкінісін көрмеген соң, құтқарушыларға жұмыс істеу қиынға соқты. Десек те үлкен тәжірибе жинадық. Қалаға келгенімізге шамамен бес күн болғанда, тірі жан табыла қоймас деген ой болды. Бірақ сол күні екі әйел адамның дауысын естіп, оларды үйінді астынан алып шықтық. Қызығы, дәл сол жолда құлағының мүкісі бар еркекті де таптық. Ол темір есіктен шыға алмай қалған еді. Оны алып шығуға шамамен 4-5 сағат уақыт кетті» деп еске алды А.Жұмабаев.

Халықаралық деңгейде ерлік көрсеткен құтқарушылардың еңбегі елеусіз қалған емес. Азамат Жұмабаев еселі еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты мен ведомстволық наградасымен марапатталды. Айтуынша, бұл – оның тәжірибесіндегі үлкен жетістіктің бірі.

«Құтқарушы – жай ғана мамандық емес, өмір салты» деген сөз құтқарушылардың арасында жиі айтылады. Атқарған жұмысы үшін өзгенің алғысына бөленуден артық марапат жоқ. Біздің мақсатымыз да сол – адал қызмет. Салада өзекті болып тұрған жалақы, баспана, зейнет жасына қатысты мәселелер бар. Қоғамда орнымыз айқындалып, еңбегіміз еселенсе, сөзсіз, қуанамыз. Дегенмен біз үшін маңыз­дысы – жалақы емес, таңдаған ісіміз» деп қорытындылады ол.

Бүгінгі таңда Астана қаласындағы жедел-құтқару жасағының штат саны 74 адамды құрайды. Жасақтың жарағында 16 бірлік техника бар. Жыл басынан бері олар 302 рет жедел шығып, 45 адамды, оның ішінде 17 баланы құтқарды.

Нәпақасын осы саладан тауып жүрген өз ісінің мамандары шыбын жанын шүберекке тү­йіп, еңбектің зейнетіне жетсем деген арманын өлтіргісі келмейді. Себебі құтқарушылардың лексиконында «соңғы ауысым» деген сөз жоқ. Олар тек кезекті ауысымдағы міндетін, кезекті тапсырмасын ғана орындайды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button