Басты ақпаратМәселе

Шалқар шырайынан айырылмасын десек…

Еділ, Жайық – екі өзен

Талсыз болар деймісің.

Көкшетаудың көп көлі

Елсіз болар деймісің, – деп Ақтамберді жырау жырлағандай, бүгінде көрікті Көкше төңірегіндегі көп көлдер отырықшы елдің ғана емес, саяхаттап келетіндердің де негізгі түйініне айналды. Әсіресе Арқаның ажарын асырған Бурабай мен Зеренді бұл күнде берісі бүкіл республикаға, әрісі түрлі халыққа дейін танылып, саяхатшылардың алыстан ат өксітіп келетін айтулы аумағына айналды. Дегенмен апай төсінде арудың жанарындай мөлдіреп сексен көл орналасқан Арқа жерінде бұдан басқа да көрікті өңірлер аз емес. Солардың бірі – Имантау-Шалқар курорт аймағы.

Имантау-Шалқар курорт аймағы туризмдi дамытудың перспективалы аумағының бiрi ретiнде қаралып келе жатқан аумақ саналады. 2018 жылы бұл аймақ республикалық маңызы бар ТОП-10 басым жобаға және 2019-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының туристiк саласын дамытудың мемлекеттiк бағдарламасына енген.

Біз сөз етіп отырған аймақ Көкшетау қаласынан 60 шақырым, Петропавлдан 245 шақырым жерде орналасқан. Петропавлдан Имантау ауылына автобуспен, одан таксимен аталған демалыс орталығына жетуге болады. Көкшетаудан Арықбалық және Чистополье ауылдарына тұрақты шағын автобустар қатынайды. Қалаған жерге таксимен де жетуге болады.

Айыртау ауданының ең көркем жері саналатын, толқынды көлі, жайқалған орманы бар Шалқар мен Имантаудың көркі көз сүріндіреді. Оның үстіне Шалқар көлінің суы емдік қасиетімен төңірекке танымал. Бiрде-бiр өзен ағып шықпайтын бұл көл ағынсыз, суы теңiз суына да ұқсап қалады. Әрине, бұл өлкеге саяхаттай барсаңыз тек Шалқар, Имантау көлдерін ғана емес, Ботай, Айғаным (ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным ханша) қонысын, Қарасай мен Ағынтай батыр мемориалдық кешенін де көріп қайтуға мүмкіндік бар. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ауасы таза, суы мөлдір, табиғаты көркем бұл аумаққа, ел тұрғындарынан бөлек, Ресей, Германия, Өзбекстан және басқа мемлекеттердің азаматтары жиі келеді. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мәліметінше, өткен жылы бұл өңірге 87 мың саяхатшы келді деп болжанса, биылғы туристердің саны 100 мыңға жуықтаған.

Дей тұрғанмен Солтүстік Қазақстанның інжу-маржаны саналатын демалыс орнының шешілмеген, туризмді дамытуға тұсау болып тұрған қордалы мәселелері де баршылық. Ең алдымен, Шалқар көлінің бойында автомобиль жолы жоқ. Бас-аяғы 17,5 шақырым жерге жолдың салынбай жатуы Шалқардың «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарайтыны себеп болып отыр. Яғни ерекше қорғалатын табиғи аумаққа көл бойын жағалата жол салу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтан шығарып, бос жер деп тану қажет. Бұл мәселе Экология министрлігінің құзыретінде. Оларға қорғалатын аумақтың табиғи қалпын сақтап қалу маңызды болса, туризмді дамытуға жауапты Мәдениет және спорт министрлігіне көл жағасын жағалата жол салып, демалыс орындарын ашу қажет болып тұр. Осылай 2 министрлік екі жаққа тартқандықтан, Шалқардың тірлігі шалқымай тұр. Сондай-ақ бұл маңда жарық та жоқ, интернет те дұрыс жұмыс істемейді. Электр желісін тарту үшін де ерекше қорғалатын табиғи аумақ тізімінен шығару қажет. Туризмнің дамуына үлкен кедергі болып отырған бұл мәселені өңір әкімдігінің шеше алмай келе жатқанына біраз жылдан асты. Дегенмен қазір сең қозғалып, 17,5 шақырым аумақты бос жер деп танып, жергілікті әкімдіктің басқаруына беру мәселесі қарас­тырылып жатыр.

«Жақында арнаулы комиссия құрылды, олар арнайы тексеру жүргізіп, мемлекеттік ұлттық табиғи парктен шығару жағын жоспарлап отыр. Бұл жүзеге асса, туристік аумақтың жолы жасалып, жарықтың жетуіне мүмкіндік туады. Өйткені Экология министрлігі ештеңені өзгертуге мүдделі емес. Ал бізге қазір жол салу үшін де, жарық тарту үшін де дәл осы министрліктің шешімі қажет болып тұр» дейді Айыртау ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Аманбек Мақметов.

Сондай-ақ Аманбек Ғазизұлы Имантау, Шалқар көлдеріне дейін баратын аудандық деңгейдегі жолдарды жөндеуге облыстан, мемлекеттен қаржы бөлінбей отырғанын да атап өтті.

Шалқар-Имантау аймағында аңшылық, балық аулау, емдеу-­сауықтыру туризмі салалары бойынша маманданған демалыс орталықтары да бар, бірақ саусақпен санарлық деуге болады, себебі бұл аумақта инфрақұрылым дамымаған, демалушыларға жайлылық сыйлайтын қызмет көрсету орындары жоқ немесе өте аз. Демалушылардың көбі көл жағасына шатыр тігіп түнеп, өздері тамақ жасап қайтуға мәжбүр. Дәретхана, қоқыс жәшіктері де тапшы болғандықтан, көл жағасының тазалығы нашарлап барады. Туристер жаққан ашық оттан орманға өрт кету қаупі де жоқ емес. Демек, мемлекет бұл өңірдің туризмін дамытуға баса назар аудару керек деп санаймыз. Мәдениет және спорт министрі болса Шалқар көлінің жанында үлкен туристік нысан салынады деп отыр. Биыл 24 шілдеде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өзінің Telegram арнасында «Шалқар көлінің жанында үлкен туристік нысан салу жобасының авторларымен кездестім. Жоба 2019 жылдан бастап СҚО әкімдігімен бірлесіп әзірленіп жатыр, сондай-ақ «Kazakh Tourism ҰК» АҚ мақұлдаған. Алайда оны жүзеге асыру үшін қолайлы жер учаскесін бөлу қажет» деп жазған. Бұл жоба қашан жүзеге асады? Ол жағы да белгісіз.

Қысқасы, Шалқар шырайынан айырылмасын десек, шынайы әрекет қажет. «Екі байға бір малай» дегендей, Шалқарды 2 министрліктің арасында тартысқа салуды да тоқтату керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button