Басты ақпаратШартарап

Қытайдағы дағдарыс: Себебі мен салдары

Жақында Қытай төрағасы Си Цзиньпин басқарып ашқан бір жиналыста қытайлық шенеуніктер мен экономистер ел экономикасының жаңа қиын сынақтарға дөп келгенін ашық мойындады. Шын мәнінде, Қытай экономикасының ­баяулауы 2021 жылдан басталған еді. Сарапшылар Қытай экономикасындағы көрсеткіштің күрт төмендеуіне бастысы электр қуатының жетіспеушілігі салдарынан зауыттар жұмысының тоқтауы, елдегі ең ірі компанияларының бірі Evergrande 300 миллиард доллар қарызын өтей алмай дефолтқа ұшырауы, ішкі сұраныстың төмендеуі, күрделі және құбылмалы халықаралық саясаттың әсері мұрындық болды деп санайды. Әрине, көрші ел экономикасының қуаттанудан құлдырауға бет алуында басқа да себептер баршылық.

Қытайда қазір тұтынушылардың сатып алу қуаты әлсіреп, өндірушілер өз өнімін нақты бағасына сата алмай, елде дефляция қаупі артты. Тұтыну тауарларының жалпы бөлшек саудасы да, өнеркәсіптің қосымша құны да шілде айында экономистер күткеннен әлдеқайда төмен болды және жылжымайтын мүлікке салынған инвестиция күрт азайды. Сонымен қатар, елдегі жылжымайтын мүлік секторындағы жағдай да барған сайын нашарлап барады. Сарапшылар бұл мәселе елдің бүкіл экономикасына ықпал етеді деп алаңдап отыр, өйткені Қытайда құрылыс нарығы елдің ЖІӨ-нің шамамен 25 пайызын құрайды.

Жақында The New York Times Қытайдың жылжымайтын мүлік саласының жағдайына жасалған талдауын жариялады.

«Елдегі Country Garden компаниясы қарыз қайтаратын уақытын кешіктіргендіктен, дефолт шегіне жетті. Демек, Қытай экономикасы үлкен қиыншылық алдында тұр. Мұның бәрі үш жыл бұрынғы қытай билігінің құрылыс компанияларына қаратқан қатаң саясатына қатысты» деп жазады басылым.

Жалпы соңғы 30 жылда Қытай халқы қалаларға ағылып, нәтижесінде жылжымайтын мүлік секторы экономиканың драйверіне айналды, ол күні кешеге дейін елдің барлық экономикалық қызметтің төрттен бірінен астамын иеленіп келген еді. Алайда қазір сұраныс төмендеп, жылжымайтын мүлік бағасы арзандады. Ірі қалаларда үй сатылмай, бұрын қарызданып бір басына неше үй алып алған тұрғындар берешегін төлей алмайтын күйге жетті. Елдің 70 ірі және орта қаласында тұрғын үй бағасы күрт төмендеді. Сондай-ақ өткен 24 айда пайдаланылған тұрғын үй мәмілесінің бағасы 14 пайызға дейін құлдыраса, 2023 жылдың шілдесінде Қытайдың 100 ірі құрылыс компаниясы салған жаңа үйлердің сатылымы өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға дейін төмендеген. Соның салдарынан соңғы үш жылда 60-қа жуық қытайлық құрылыс компания дефолтқа ұшырады.

Сонымен қатар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысынан ке­йін көптеген қаржы салушы Қытай нарығынан кете бастады. Елдегі қалталы байлар да саяси жағдай мен экономикалық ахуалдың болашағына алаңдаушылық танытып, жиған қаржысын шетел асырып, қауіпсіз елде сақтауға ұмтыла бастады. Бұған мысал ретінде соңғы 2 аптада ин­весторлар қытайлық акциялардан 7,5 мил­лиард долларын алып кеткенін айтуға болады. Бұл онсыз да тығырыққа тірелген қытайлық акция нарығына «жығылғанға жұдырық» боп тиді.

Әрине, Қытай экономикасының осыған дейін ұшқан құстай дамуына, бастысы, бұл елде аса көп әрі арзан еңбек күшінің болуы, шетелдік инвестицияның молдығы, сондай-ақ урбанизация аяқ алысының тездігі мен сыртқы сауданың жедел дамуы аса көрнекті ықпал жасағаны жасырын емес. Алайда бүгінгі таңда соның бәрі керісіне айналған күйге тап болды. Атап айтқанда, еңбек күші қымбаттады, аралдарға талас пен Қытай оңтүстік теңізіндегі текетірес­ке байланысты Қытайдың теңіз тасымалы да күтпеген кедергілерге тап болды. Әсіресе АҚШ қысымынан кейін шетелдің ірі компаниялары бұл елден кетіп, Шығыс Азияға қарай бет бұруы ел экономикасына қатты әсер етіп қана қоймай, жұмыссыздық жағдайын да күрт асқындырды. АҚШ-тың Қытайды алқымнан алуы бұрын шетелден техника ұрлап, атақты брендтердің көшірмесін жасап байыған Бейжіңнің берекесін қашырды. Қытайға чип сату саудасына да шүйлігіп, оған шектеу қоюы және оны Ұлыбритания, Жапония сияқты одақтастарының қолдауы, Huawei сияқты компаниялардың шетел нарығында шектеуге ұшырауы да ел экономикасына үлкен ықпал жасады. Тұрғындарының қарттануы, ұзақ жылдық жоспарлы туу саясатының әсерінен бір үйде өскен жалғыз баланың жатып ішер жалқау болуы, елдегі табиғи байлықтың барған сайын азаюы, экологиялық тепе-теңдік бұзылып, қалалардың зор дәрежеде ластануы да елдің дамуына тұсау болуға айналды. Ақшаның артық басылып шығуы, өндірген өнімдердің сұраныстан асып қалуы, инфляцияның артуы, тұрғын үй бағасының шарықтауы себебінен экономика көбіктенді. Міне, осы себептерден жылдам даму жолына түскен Қытай экономикасының өсу қарқыны тоқырауға бет алды.

Экономиканы ынталандыру үшін Қытайдың Орталық банкі жақын арада банктердің резервін азайтуды көздеп отыр. 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу қарқынының орташа болжамы 5,5 пайыз деп мөлшерленген еді. Алайда экономистер мұнымен келіспей, «биыл ЖІӨ асса, 4,9 пайыз болады, тіпті 4,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Келесі жылы өсу қарқыны одан да төмендеп, ЖІӨ 4 пайызға түседі» деген пікірде. Сондай-ақ Қытай билігі өткен аптада жастар арасындағы жұмыссыздық туралы мәліметтерді жариялауды тоқтататынын жариялады. Өйткені соңғы кездері бұл елде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 21,3 пайызға өсіп, рекорд деңгейіне жетті.

Қысқасы, әлемдік экономиканың драйвері атанған Қытай экономикасы қазір үлкен тоқырауға бет алды. Көрші елдегі бұл жағдайды 2008 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыспен салыстырып отырғандар да бар. Өйткені Қытай экономикасы күйресе, әлемдік нарыққа да үлкен ықпал жасайтыны анық. Ал Орталық Азияға қандай ықпал жасауы мүмкін? Оны да тұспалдап көрейік.

Біріншіден, сауда-саттық азайып, инвестиция қысқарады. Қытай – ­Орталық Азиядағы елдердің маңызды сауда серіктесі әрі инвесторларының бірі. Мұндағы экономикалық дағдарыс Қытайдың Орталық Азия елдерімен саудасының қысқаруына әкеліп соғуы мүмкін, осылайша Орталық Азия елдерінің экспорты мен экономикалық өсуіне әсер етеді. Сонымен қатар қытайлық инвестицияларға сүйенетін кейбір Орталық Азия елдерінің инфрақұрылымы мен экономикалық жобаларына әсер етеді.

Екіншіден, энергия тасымалдаушыларға сұраныс төмендейді. Қытай – Орталық Азия елдеріндегі мұнай мен табиғи газ сынды энергия­ның маңызды тұтынушысы. Қытайдағы экономикалық дағдарыс оның энергия тасымалдаушыларға деген сұранысының төмендеуіне әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде Орталық Азия елдерінің энергия тасымалдаудан түсетін табысына әсер етеді.

Үшіншіден, шетелдік көмек ­азаяды. Егер Қытайда экономикалық дағдарыс асқынса, ол шетелдерге берілетін көмекті еріксіз азайтады. Бұл жағдайда қаржы қажет болса, Қытайдың алдына баратын Орталық Азия елдеріне үлкен ықпал жасайды.

Төртіншіден, юань бағамы аутқиды. Қытайдағы экономикалық дағдарыс юаньның зор дәрежеде құнсыздануына әкелуі мүмкін. Бұл Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сауда мен қаржы алмасуына әсер етеді.

Бесіншіден, геосаяси жағдайға да әсер етеді. Қытай экономикасындағы дағдарыс аймақтық саяси тұрақтылық пен геосаяси модельдерге де әсер етуі ықтимал. Сол үшін Орталық Азия елдері Қытай экономикасына тәуелділікті азайту үшін басқа серіктестер табуға талпынады. Өйткені қазір Ресейдің экономикалық жағдайы да мәз емес. Былайша айтқанда, Орталық Азия елдерінің қос бірдей «қолдаушысының» жағдайы нашарлап барады. Мұның соңы жаңа серіктес табуға итермелейтіні анық. Ал «аттан түссе де, үзеңгіден түспейтін» Қытай мен Ресей қалайда Орталық Азия елдерін уысынан шығармауға тырысады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button