ӘлеуметБасты ақпарат

Қара киіну қазаққа жат

«Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деп Базар жырау айтқандай, сәбиіне ақ сүтін беріп, ана бақытына бөлеген, Алланың мейірім-шапағатын сезінген, арамыздан алыстаған ардақты әжелер мен аяулы аналарымыз мына көріністі тіпті қаламас еді: көшеде қап-қара киіммен тұмшаланған келіншек бала арбасын сүйретіп келеді, екі жасар сәби шалғайына жармасып жүгіріп жүр. Өзге түгіл, ішінен шыққан сәбиі де тек көзі ғана көрінген қара киімді – никаб киген анасының шешімін құптамайтындай айналасына құлындай ойнақ салып келеді.

Қай жерден сүріндік?

Қазақтың бір тамаша әдеті – далада өскен ерке қызының бет-аузын тұмшаламай, атқа жайдақ мінгізіп, қолына қамшы ұстатып, ел шетіне жау келгенде садағымен жебе атып, қол бастаған, жерін қорғаған, дәстүрге сай бейбіт өмірде кәмшат бөрік киіп, қос етек көйлегімен шашбау тағып, шолпысы сыңғыр қаққан, даланың қызғалдық гүліндей құлпырып, жайқалып өскен. Қазір киімі, салты өзгерсе де, ұлттық құндылығымыз ата-бабадан жалғасып келеді. Бірақ өкінішке қарай, исламды әлемге терроршы ретінде көрсеткен содырлар әрекеті тыйылар емес. Жалпы әлем кеңістігінде экстремизм мен терроризм мәселесі күйіп тұр. Таяу Шығыс елдеріндегі жағдай да көңілге алаң туғызады. Әрине, ғалымдар, философтар, дін өкілдері дін және мемлекет қатынасының теориялық негізін анықтауы тиіс. Ортақ жүйе, ортақ платформа болмай, діни сауаттылықты арттыру мүмкін емес. Дін мен дәстүрді жақтайтын Ясауи ілімін, «Имам Ағзам» Әбу Ханифа жолын қазіргі заманға лайықтап насихаттаудың кемшілігін дәл осы қара киінген, тұмшаланған жастарға қатысты айтуға болады.

Дін өкілі не дейді?

– Қара киіну қазақ дәс­түріне жат. Біздің әжелерімізде хиджаб деген болмады, бірақ олар орамал тағып, кимешек киді. Ал қап-қара киініп, бетті толық тұмшалау қазақтың салты мен дәстүріне жат. Біз ұлттық нақыштағы оюы бар киімдерімен дараланған елміз. Қара қолғап, қара көзілдірік киіп, телефонын қап-қара қылып қаптау – еліктеудің бір түрі. Алайда қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайта айналып үйі­рін тапса» деген жақсы сөз бар. Зиялы қауым мен көзі ашық азаматтарымыздың арқасында ақырындап түзелеміз, – дейді әлеуметтік желіде аты танымал имам, дінтанушы, теолог Нұрлан Асанов телеарнаға берген сұхбатында.

Қара киіну қазақ дәс­түріне жат. Біздің әжелерімізде хиджаб деген болмады, бірақ олар орамал тағып, кимешек киді. Ал қап-­қара киініп, бетті ­толық тұмшалау қазақтың салты мен дәстүріне жат. Біз ұлттық нақыштағы оюы бар киімдерімен дараланған елміз. Қара қолғап, қара көзілдірік киіп, телефонын қап-қара қылып қаптау – еліктеудің бір түрі. Алайда қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайта айналып үйі­рін тапса» деген жақсы сөз бар

– Бірақ мәселе осы түзелу жолында қанша шығынға ұшырайтынымызда. Қаншама нәрсені өткізіп аламыз. Оның белгілі бір жарасы болады. Кемеміз дұрыс бағытта жүріп келе жатыр деп сенемін. Шоу-бизнестегі азаматтар еліктемей, Алладан қорқып таққан болса, біз тек қуанамыз. Тек менікі дұрыс, қалғаныкі қате деу – экстремизм. Джунглиге көшіп кеткендей қоғаммен санаспау, сыйыспау, қалғандары тозаққа түседі деп ойлау – экстремизмнің басы. Осылай есептейтін жастарға менің кейбір сөзім ұнамайды. Ұнамаса, ұнамасын. Біз қоғамбыз, біртұтас елміз, намаз оқып, ораза ұстауға еш кедергі жоқ. Осыны пайдаланып, басқаларды төмен түсіргенді қоюымыз керек. Діннің басты миссиясы – мейірім мен жақсы мінез-құлық. Жаратқанды танудың ең бірінші әліппесі – осы жақсы мінез. Өкінішке қарай, бауырларымыз бен қарындастарымыздың көпшілігіне осы нәрсе жетпей жатыр. Тек өзі сияқтыларды жақсы көріп, өзінен басқаларды төмен қояды. Қайдан білесіз, Құдайдың алдында оның дәрежесі сізден жоғары шығар? Сіздің күнәңіз ашылып, ол кісі, керісінше, Аллаға амалымен жағатын шығар. Бәріне тура жол беріп, қоғамға сіңуші болайық, – дейді ол.

Әжелер не дейді?

– Биыл жасым жетпістің алтауына келді. Отағасымен бес баланы өсіріп, пәлен немере көріп, шөбере сүйген жағдайымыз бар, шүкір, жапырағымыз жайылып, өсіп-өніп жатыр­мыз. Балаларды барынша оқытып, білімді болуына күш салдық. Алды – ғылым докторы, немерелерден де ғылым жолын қуған, дін саласында қызмет еткен шырақтарым да бар. Отбасымызда бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстайтындар көп. Қыздарымыз, келіндеріміз ақ орамалын тартып, мұнтаздай болып жүреді. Ал енді көшедегі қап-қара киінген келіншектерді көрсем аза бойым қаза тұратыны рас. Қазақ кісі өлгенде қара жамылған болар, бірақ күнделікті өмірде тіршіліктен түңіліп, қарамен тұмшаланған емес. Қара киімді аналар балаларына қандай дұрыс тәрбие бере алады деп ойға батамын. Жеткіншек қызды да хиджабпен тұмшалап қойғандарды көріп жүрміз. Бұл киім, бұл әдет қай атаңнан қалған дәстүр еді, сәбилердің не жазығы бар, балалық шағын мұңсыз, қайғысыз өткізуге мұрсат бер деп айтқың келеді, – дейді елордалық әже Айғаным Сәбитова бізбен әңгімесінде.

Қазақтың қыздары қалай киінген?

Ұлттық киімдеріміз халықтың салт-дәстүрін сақтап, өзінің әсемдігімен көз тартып, тәлім-тәрбиенің тамаша үлгісін көрсетеді. Егер сұлу да сымбатты қазақ қыздарының киім-кешегі туралы айтсақ, оларда сан жоқ және де неше түрлі үлгісі бар, қызыл, сары, жасыл, ақ сияқты ашық түсті болған. Бұған себеп – әйел затының көркем заттарды, киімдерді ұнатып киюі не тағуы. Оның үстіне, қазақтардың әлеуметтік деңгейін әйелдердің киіміне қарап анықтауға болатын, сол себепті де олардың киімдері ер адамдардың киімдерімен салыстырғанда қымбат матадан тігіліп, асыл тастармен көмкерілген. Негізінде, қазақ қыз­дары жастайынан ұлттық киімдерді киюді бастаған.

Р.S: Ұлттық киімдер, кию ерекше­ліктері, ұлттық киімдерді киюдегі кемшіліктер туралы алдағы уақытта тағы айтатын боламыз. Бүгінгі әңгімеміз – қара киінудің қазаққа жат екенін айту. Қазіргі заман ағымына түсіп, кімге және қай ұлтқа еліктерін білмей жүрген жастарымыз осы бір асыл қазынамызға көңіл қойып, зер салып, жақсы жағынан үлгі алса игі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button