Басты ақпаратРуханият

Шәкәрім қажыны суретке түсірген кім?

Шәкәрім Құдайбердіұлының есімімен байланысты қазақ даласын зерттеуге келген экспедицияның бірі – құрамында Ресей этнографы Фёдор Артурович Фиельструп болған 1926-27 жылғы этнографиялық экспедиция.

Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «1925 жылдың мөлшерінде, Ленинград жоғары мектебінің филология бөлімін бітірген Филистров деген орыс азаматы, қасында жоғары мектептің оқушысы, жас қазақ жігіті бар, екеуі жайлауда «Қара бұлақ» деген қоныста, біздің ауылға келеді. Филистров қазақтың әдет-ғұрпын зерттеуге шыққан. Бұлар бір жұмадай жатып, әкейден қазақтың түрлі ғұрпын – қыз ұзату, құдалық жайлы, ырым-­жораларын, әртүрлі ыдыс, ер-тоқым, үй мүлкі бөлшектерінің аттарын, түрлі ырымның қалай аталатынын, олардың неге, қандай ғұрыпқа байланысты екенін және басқа да қазақтың ескі тарихи әдебиет­терін сұрап, көп әңгімелесті. Әкейдің құсын ұстап отырған және өзін жекелей суретке түсірді. Сол Филистров қайтып барған соң, қазақтың этнографиясы жайынан кітап жазып бастырып, бір кітабын әкейге жіберді» деп атап өткен.

Осы естелікте аталған «Филистров» кім деген сұраққа жауап іздеген зерттеушілер бұл есімді көп жылдар Қазақстанның Орталық музейінің қызметкері болған М.Әбдешевтің «Шәкәрім қажы деп отырмыз» атты мақаласында кездестіреді. Мақала 2002 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді.

Бұл мақалада 1988 жылы Мәскеуде жарық көрген белгілі этнограф Б.Кармышеваның «Этнологическое изучение народов Средней Азии и Казахстана в 1920-е годы: (Полевые исследования Ф.А.Фиельструпа) // Очерки истории русской этнографии, фольклористики и антропологии» атты кітабында «Охотник с беркутом. Казахи. Бывший Семипалатинский у. 1927 г.» деген жазбамен жария­ланған фотосуретте Шәкәрім Құдайбердіұлы бейнеленген деген тұжырым айтылады. Тұжырымына дәлел ретінде автор Ахат Шәкәрімұлының естелігінде айтылатын «Филистровты» ­Фиельструп болуы әбден мүмкін дейді.

Мақаланы жариялап отырған «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы да айтылған ақпаратқа күмәнмен қарап, мақаланың соңында: «Редакциядан: мақала авторы Марат Әбдешевтің ізденісін, ниетін біз жақсы түсінеміз және оны толық қолдаймыз. Бірақ бұл тұжырым бір ғана адамның көзқарасы болып қалмаса дейміз. Табылған фотосуретке ҚР Ұлттық Ғылым академиясындағы тиісті институт мамандары не дейді? Мәселеге сарапшы-ғалымдардың кәсіби тұрғыдан назар аударып, өз пікірін айтуын қалар едік» деп жазған еді.

Аталған мақалаға қатысты көптеген пікір айтылып, Шәкәрім Құдайбердіұлын көрген көнекөз қариялар фотосуреттегі бейнеде қажыны танығанын айтып, фотодағы Шәкәрім бейнесі деген тұжырымды жақтағандар басым болды. «Шәкәрімнің дәл өзі», «Шәкәрімнің ел күмәнданған суреті туралы» деген мақалалар жарық көрді. Сонымен бұл фотосурет ақынның бейнесін қазіргі күнге жеткізген екінші фотосуреті деп танылды.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарих-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-­музейінің қызметкерлері осы фотосуретке қатысты зерттеу, ізденіс жұмысын жүргізді.

Ең алдымен Фёдор Артурович Фиельструптың «Из обрядовой жизни киргизов начала ХХ века» деген 2002 жылы Мәскеудің «Наука» баспасында жарық көрген кітабында аталған фотосурет жарияланбаған болып шықты. Ф.Фиельструп туралы Б.Кармышеваның мақалалары іздестіріліп, ондағы этнограф туралы мәліметтер жинастырылды.

Шәкәрім суреті басылған кітап анықталды, ол «Очерки истории этнографии, фольклористики и антропологии. Выпуск Х. Труды института этнографии им. ­Н.Н.Миклухо-Маклая. Том 114. Москва, 1988 г.» басылымы. Бұл кітапта суреттің Шәкәрім Құдайбердіұлы екені жазылмаған. Жоғарыда айтылғандай, фотосуреттің астында «Охотник с беркутом. Казахи. Семипалатинский у. 1927 г.» деген ғана жазба бар. Көп еңбекте Фиельструптың жеке архиві Санкт-Петербургтегі музейлерде сақталды деген жазбаларға сүйеніп, кезінде «Русский музейге» қараған, кейіннен жеке ұйымдастырылған этнография музейі қызметкерлерімен хабарласып, онда тек жекелеген деректер ғана сақталғаны туралы ақпарат алынды. Ал зерттеушінің жеке архиві Мәскеу қаласында екені анықталған соң, ғылыми зерттеу жұмысы Ресей астанасында жалғасты. 2014 жылы Мəскеудегі Ресей Ғылым академиясы Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология жəне антропология институтының архивінде этнографтың жеке архиві мен түсірген суреттері, жазбалары табылды.

Ресей Ғылым академиясы Этнология және антропология институтының архивінде Ф.Фиельструптың жеке архиві сақтаулы екені туралы зерттеулерде айтылады. Осы архивте қазақ этнографиясына қатысты қандай деректер бар екенін анықтау үшін институт қызметкері Е.Наумовамен хабарласып, кездесіп, қажет ақпарат алынды.

Осы архивте сақталған фотосуреттердің арасынан Шәкәрім суретінің түпнұсқасы табылды. Суреттің сыртында «Казахи. Семипалатинская губ., Семипалат. у., уроч. Кенбулак, Шакпактас. Шакарим аджи со своим беркутом. Фиельструп. 1927 г.» деп жазылған. Бұл суреттің басты жаңалығы, біріншіден, түпнұсқа болғаны, екіншіден, фотоның анық Шәкәрімдікі екені туралы жазбаның болғаны. Сонымен қатар Шәкәрім қажы ауылының көрінісі, қазақтың тұрмыс-салты мен ерекшелігін көрсететін өзге де көптеген сурет табылды. Бұрын қолданыста жүрген Шәкәрімнің бүркіт ұстап түскен осы суреті газет пен кітаптардан көшірме жасалғандықтан анық емес болатын. Сонымен қатар Шәкәрім бүркітінің жеке суреті де табылғаны жайлы музей қызметкерлері БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтқан еді.

Осы уақытқа дейін жарық көрген мақалалар мен зерттеулерде Ф.Фиельструп архивіндегі қазақтарға қатысты фотосуреттер мен аздаған деректер туралы ғана айтылады. Бұл жарияланымдарда қазақтың белгілі ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының фотосуреті туралы ғана айтылады да, ал халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне қатысты қандай деректер бергені туралы үстірт қана айтылып келді.

Қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы салт-дәстүрі, айналысқан кәсібі туралы құнды жазбаларды зерттеп, ресейлік этнограф Ф.Фиельструптың және Шәкәрім Құдайбердіұлының еліміздің этнологиясына қосқан үлесі жайлы айту – музей қызметкерлерінің алдағы ғылыми жұмысының мақсаты.

Мейрамгүл ҚАЙРАМБАЕВА,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-­мәдени және әдеби-­мемориалдық ­музей-қорығы ­директорының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button