Басты ақпаратМәселе

70 мың орын жетіспейді

Елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Бүгінде оларға жатақхана жетіспеушілігі 70 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни 70 мың студент пәтер жағалап, оқудың емес, керісінше, пәтерақының қамымен жүргені анық.

Соңғы 3 жыл бойы Amanat партиясы студенттердің жатын орын мәселесін жүйелі көтеріп, шешіп келе жатыр. Жылда ең болмағанда тағы 10 мың студенттің жағдайын жақсарту партиямыздың «Халықпен бірге» бағдарламасында арнайы көрсетілген. Ол үшін біз 2023 жылдан бастап жатақхана құрылысы үшін мемлекеттік тапсырыс төлемін 1,5 есеге, ал мегаполистерге шамамен 2 есеге көтеріп, әкімдік тарапынан жер учаскесін қайтарымсыз беру мәселесін де пысықтадық. Бірақ биыл тағы да мәселе ушығып тұр. 2023 жылдың жоспарына сәйкес, 11400 орындық 34 жатақхана іске қосылуы тиіс еді. Алайда бұл процестің өте баяу әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары.

Біле білсеңіздер, студенттер жатақханасы бұл ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Жыл бел ортасына жетсе де, 6 айда 11 мың орыннан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 пайызы ғана іске қосылды. Бұл – бір. Екіншіден, сол тізімдегі жатақханалардың 2,2 мың орны мүлдем салынбай қалу қау­пінде тұр. Яғни қойылған меже де, берілетін студенттік жатақханалар да салынбайды деген сөз. Үшіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес екенін нақты көрсетуде. Оның ішінде білім беру ұйымдарына жер бөлу, ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгерту, қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмысты бюрократияға айналдырудың қажеті жоқ. Меніңше, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша «қалдықты принципті» ұстану жас студенттерге жасалған әділетсіздік деп санаймын.

Осы ретте, аталған мәселенің маңызын ескере келе, төмендегіні ұсынамыз: біріншіден, жатақхана мәселесі ушығып тұрған аймақтардың әкімдіктері мен орталық мемлекеттік органдар тарапынан тез арада бірлескен нақты іс-қимыл жоспарын бекітуді ұсынамыз. Екіншіден, инвесторлармен жүйелі жұмысты ұйымдастырып, жаз, күз айларында құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейту керек. Ол үшін жергілікті әкімдіктердің де мүмкіндіктерін заң аясында пайдалануды қарастырсақ. Үшіншіден, студенттік жатақхананы әлеуметтік маңызы бар нысан ретінде қарастырып, жатақхана салу мәселесінде арнайы мемлекет пен жекеменшік әріптестік деңгейіндегі жаңа бағдарламаны іске қосу қажет. Күзгі оқу науқанында вокзалда, далада қонған жас ауылдастарымызға аянышпен қарамау үшін нәтижелі жұмыстарды пысықтау керек.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button