Басты ақпаратСпорт

Батырға құрмет

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат ­Бигелдиновтің туғанына 101 жыл толуына орай Триатлон паркінде ерлер мен әйелдер 10,1 және 5 шақырым қашықтықта жүгірді.

Бұл іс-шара «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған 700-ден астам адам қатысты. Олардың арасында Ақмола гарнизонының, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, кәсіби спортшылар мен спорт сүйер қауым бар.

Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов жарысқа қатысушыларға арнап сөз сөйледі.

Жарыс алдында Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштердің, Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның құрылымдық бөлімшелерінің атынан қатысқан әскери қызметшілер жүгірді.

18-49 жас аралығындағы ерлер арасында 10,1 шақырым қашықтықты жарыстың қорытындысы бойынша бірінші болып келген – Әлімжан Балтабек, екінші орынды Дамир Әбдірахманов, үшінші орынды Сұлтан Базарбаев иеленді. Осы жас санатындағы әйелдер арасында Жанна Әлжанова үздік деп танылды, Алиса Крафт және Алена Ақымбекова осы үштікке ілінді.

50 жастан асқан ерлер арасында Ринат Саликжанов бірінші орын алса, Лоренс Россов екінші, Арсан Жүзенов үшінші орынды қанжығасына байлады. 50 жастан асқан әйел­дер арасында Соня Вэкстейн жеңімпаз атанды.

18-49 жас аралығындағы ерлер арасында 5 шақырым қашықтықта Дәулет Сәдуақасов мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Одан кейін Архат Қалдыбек келсе, үшінші болып Бейбіт Ахмуров мәреге жетті. Осындай санаттағы әйелдер арасында Дина Жәкенова жеңіске жетсе, екінші орынға Мәдина Берқалиева, ал үшінші орынға Лунара Бекеева табан тіреді.

50 жастан асқан ерлер арасында Елеусіз Пардабай жеңіске жетсе, екінші орынды Сәкен Губашев, үшінші орынды Абай Тасболатов иеленді. Одан өзге 50-ден асқан әйелдер арасында Гүлмира Тұрлыханова жеңіс тұғырынан көрінді.

Жарыстың барлық қатысу­шысына милитари үлгісіндегі футболкалар мен аты аңызға айналған ұшқыш басқарған шабуылдаушы ұшақ түріндегі медальдар табыс етілді.

Іс-шара аясында Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери ансамбльдері, елорданың шығармашылық ұжымдары мен құрмет қарауыл ротасының дефилесі көрсетілді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button