Руханият

Таусылмайтын кен

Осы біз мерейтой, атаулы дата, біреудің жылы дегенге тым әуес болып кеткен сияқтымыз. Мысалы, жақында ғана хакім Абайдың күнін ел болып атап өттік. Өте құнды бастама, аса айтулы күн, ғибраты мол мереке. Алайда Абайдай ақылманның дана болмысы, дара тұлғасы бір күнге байланып қалмайтыны да белгілі. Хакімнің мұрасы – айдан-айға, жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға кете беретін таусылмас кен, баға жетпес байлық. Білген, түсінген жанның өмірлік кредосы, адастырмас темірқазығы, рухани құбыласы.

Түптеп келгенде, Абайдың әлемі, Абайдың арман-аңсары, тіпті Абайдың аманаты күллі қазақ баласының арман-аңсарына, әлеміне айналуы тиіс. Сонда ғана Асқар Сүлейменов ағамыз айтпақшы «қазаққа ес кіреді, Абай да сонда ескіреді». Қысқасы, жыл – он екі айдың бір күнінде Абайды еске алып, өлеңін жаттаған боп бір-бірімізге челлендж жолдап әуреленіп, артынан оны «благополучно» ұмытып, жылы жауып қоймайықшы. Оның керегі шамалы-ау, осы.

Менің мынадай бір ұсынысым бар. Грузин халқында бір тамаша дәстүр бар екен. Ұзатылып бара жатқан қыз жасауына сүйікті шайырлары Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасын салатын көрінеді. Онсыз қанша жерден алтынмен аптап, күміспен күптесе де қыз жасауы жасау емес деп саналады екен. Міне, ұлт перзентіне деген құрмет. Бұл – өткеніңе, рухани құндылығыңа деген тағзым. Бұл – болашаққа деген сенім. Ел боламын деген ұлттың бесігін түзеуге ұмтылысы.

Меніңше, бізге де қажет дәстүр. Жақсыдан неге үйренбеске?! Біз де Абайдың шығармаларын қыз жасауының ажырамас бөлшегі етейік. Жасауымен бірге жас отаудың төрінде тұрсын хакім мұрасы. Сол үйдің бала-шағасы оқып өссін, санасына сіңіріп, жасынан жаттап өссін. Одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз хақ. Осыны дәстүрге айналдырайық, салтымызға сіңсін, ғадетіміз болсын!

Ерлан ҚҰСАЙЫН,

мемлекеттік қызметкер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button