#Жаңа Қазақстан

ІТ-мемлекетке айналуға тиіспіз



– Ел Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында қоғамымыздағы ең өзекті мәселелер ретінде ел экономикасына, білім және ғылым саласына, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздікке, әлеу­меттік мәселелерге, еліміздегі ауыл шаруашылығына, т. б. салаларға тоқталды. Аталған салалардағы қордаланған мәселелерді қалай шешу керектігі мен алдағы атқарылатын маңызды істерге басымдық берді.

Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты мақсатымыз қағаз жүзіндегі жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде, халықтың тұрмыс жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту керек екенін баса айтты. Осы бір сөздің ар жағында үлкен мәселе жатыр. Әрине, жылдар бойы халықтың әл-ауқатын көтеру, халықты жұмыспен қамту, әсіресе жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету басты назарда екені мәлім. Осы орайда нақты істер де атқарылып келеді. Жыл сайын бюджеттік сала мамандарының табысын арттыру, жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасының алдымыздағы жылы жүзеге асырылуы, орта және шағын бизнесті қолдау, т. б. да шешімін тауып жатқан істер баршылық.

Президентіміз әрбір сөзінде әділдік, үнемшілдік болу керек екеніне де тоқталып жүр. Бұл сөздің төркінінде маңызды ой жатыр деуге болады. Бүгінде мынау әлемдік жаһандану жағдайында дарақылық пен даңғазалық, ысырапшылдықтың қазақ қоғамына алып келер зияны шаш етектен екенін білуіміз керек. Оның орнына еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өнеркәсіптік негізді қалыптастыру, білім беруді дұрыс жолға қою, ғылымды дамыту, интеллектуалды қабілеті жоғары ұрпақ тәрбиелеуге аса мән беріп, нақты іске кіріскеніміз жөн.

Жолдауда маңызды мәселелердің бірі ретінде ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындарының әлеуетін көтеруді Президентіміз басты мақсат етіп отыр. Еліміздің экономикасында ауыл шаруа­шылығы – ең маңызды салалардың бірі. Осы орайда Мемлекет басшысы Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу үшін елімізде ет, сүт, көкөніс, астық өндіруді арттыру керектігіне тоқталды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ұлан-байтақ жері бар, жайылымы мол елімізде аса ­ауыртпалық әкеледі деген – жаңсақ пікір. Шаруашылық ісін қолға алу барысында мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Мәселен, еліміздің фермерлері үшін жылдар бойы субсидия түрлері қарастырылуда. Мал шаруашылығын дамытуға аса мән беріп, оған жұмсалатын шығындарды қаржыландыруға да баса назар аударылуда. Ауыл шаруашылығы техникаларын біртіндеп жаңартып отыруға да мән берілуде. Әрине, мұның барлығы бір күнде жүзеге асатын шаруа емес, дегенмен ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, оларды экспортқа шығару арқылы ел экономикасы басқа елдермен бәсекелік қабілетін қалыптастырады деуге толық негіз бар. Сонымен бірге импортқа тәуелділікті жойып, экспортты көбейту мәселелерінде де таптырмайтын құрал екені белгілі.

Президентіміз елімізде шетелдің ірі ІТ-компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу ісін қолға алуды көздеп отыр. ІТ саласы – қазіргі таңда әлем елдері бойынша заман талабына сай сұраныс. Технология қарыштап дамып жатқан кезеңде қоғамда цифрлық сауаттылықты арттыру – бүгіннің өзекті мәселесі. Елімізде көптеген салада ІТ-мамандарына сұраныс артуда. Сондықтан да ақпараттық технология ағымынан қалыспай, технопарктер құру, білім беру саласында ІТ-мамандар даярлау ісін белсенді түрде қолға алу басты міндет екені сезілуде. Осыған байланысты Цифрлық даму министрлігі отандық IT саласын дамыту үшін 2021 жылдан 2023 жылға дейін 7,5 млрд теңге бөлген. Ал 2022 жылы – 2,7 млрд теңге, 2023 жылы – 2,9 млрд теңге. Ал 2021 жылы саланы дамытуға 1,9 млрд теңге бөлген. ІТ-мамандарын даярлау үшін грант санын көбейту, ІТ-мектептер жанынан филиалдар ашу ісі болашақта еліміздің дамуына бірден-бір септігін тигізетін құрал болмақ.

Қорыта келе, Президен­тіміздің аталмыш Жолдауы өткенге сараптама жасай отырып, болашақта атқа­рылатын істерге жоспар жасап, халықпен ақылдасуы деп білеміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы еліміздің өркендеуіне жол ашатын және қоғам сұранысына жауап беретініне сеніммен қараймыз.

Зәмзәгүл БАЙЖҰМАНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ­институтының ғылыми қызметкері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button