Басты ақпаратМәселе

Қатыгездік қанға сіңіп бара ма?!

Мына заманда жаманшылық жерде жатпайтын болды. Небір жантүршігер оқиғаларды әлеуметтік желіден көрген сайын жағамызды ұстап, айтарға сөзіміз қалмаған жайымыз бар. Желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектердің мұндай жолға түскені әсіресе жанды ауыртты. Жас балаға тән аяушылықтан ада, жақынын жоғалтудың, жүректі жаралаудың не екенін түсінбейтін бозөкпелердің бір-бірін тепкілегені аздай, оны видеоға түсіріп, елге таратудан шімірікпейді. Мұрындарының суы кеппей жатып зорлық-зомбылықтың жолын неге таңдады екен деген сұрақ мазалап, себебін түсінуге тырыстық.

Мұндайда алдымен әке-­шешесі қайда жүр деп айтамыз. Дұрыс, бірақ қылығын түзде көрсететіндердің ізін қалай аңдисың? Олардың бірге жүрген қатар құрбыларының, араласқан ортасының әсерін де жоққа шығара алмаймыз. Мына заманда балалардың басына сор болып жабысқан тағы бір нәрсе бар. Ол – қалта телефонындағы қатыгездікке баулитын қауіпті ойындар. Жаманы, сол ойын үстінде өзіне бейтаныс адамдармен байланысып, солардың арам пиғылының жетегінде кетіп, торына түсіп те жатады.

Расында да, ата-анасынан гөрі бөтенге сенгіштігі де осы өтпелі кезеңге тән. Баланың қараусыз және қадағалаусыз қалуы, әке-шешесі тарапынан мейірімнің, түсіністіктің аздығы үйдегі баланы түзге алаңдатып, бұралаң жолға жетелеп жүр.

Бесікте дұрыс тәрбие көрмеген бала мектепте таяқ жейді. Жасыратыны жоқ, күштісі әлсізді келемеждеп, соны қызық көріп есіретін бәтшағарларды бұрындары мұғалімдер тежеп ұстау­шы еді. Қазір мұғалімнің оқушыға деген көзқарасы өзгеріп, баланың жүрегіне үңілмейді. Мектепке тек оқулықтағы білімді оқытуға келдім деп қарайтын мұғалімдер жеткіншектің кейбір мінездеріне көз жұма қарайды. Негізі, оларға мектептегі балалардың бірін-бірі қорлауы (моббинг) – таныс нәрсе. Ұстаздардың мұның салдарына мән бермей, балалар өсе келе қоятын, зияны жоқ әлеуметтік құбылыс деп санайды. Алайда мүлдем олай емес. Бұл кезең – баланың тұлға ретінде қалыптастыратын, оның болашақ өмірін айқындайтын аса маңызды құнды бөлігі. Еске түсіретін болсақ, бәріміз де сол кезеңнен өттік. Егер біреудің тілінде, мінезінде, бойында, тіпті киген киімінде бір өзгешелік болса, соны іліп әкетіп, өзгелерді келемеждеген кезіміз болмады дей алмаймыз. Мектептегі «моббинг» ізсіз кетті деуге де келмейді. Өзіміздің де көп қарғаның арасындағы ақ қарға болған кезіміз болды. Жүрегіміздің түкпіріне барлап қарайтын болсақ, оның ізі толық жазылмай, өміріміздің кейбір сәтінде сол моббингтің кесірінен талай жерден тосылғанымыз немесе жаза басқан жеріміз бар екен. Оның бәрін зерттеуші психолог мамандар жіпке тізіп түсіндіріп айтып береді екен.

Бұл әдет әлі мектепте қалмаған. Осалдарды қорлап, жаны рахаттанатын жүгермектер бір топ болып алып, нысанасына алған жеткіншекті қазақша айт­қанда «көк есекке теріс мінгізіп» орталарының сорлысына айналдыруы өзгеше жауыздық сипат алуда. Әлімжеттіктің шектен шығып бара жатуына тосқауыл бола алмаса, мұның соңы суицидке дейін апарады.

Бала мінезінің қаттылығы ерекше қатыгездікке айналуына не себеп?! Меніңше, оның басы үйде айтылған әңгімеден басталады. Айналаның «бәрі жауыз», «теледидардағылар түгел жауыз». Керек десеңіз, бірге туған туысымен де жауығуы қалыпты жайттай қабылданатын болды. Үлкендердің сөзімен болса да «жау іздеуі» баланың дүниетанымында жауыздықтың құрты жайлайды. Мейірім-шуақ сирек құбылысқа айналды. Жұмыс­тан, тұрмыстан қажыған ата-ана шартсынып, бала бірдеңені бүлдірсе, біреуді ренжітсе өздерін бас салып ұрамыз, сөгеміз. Өзгенің баласын үлгі етіп, өзіміздің баланы мақтап, мадақтамаймыз. Сөйтіп «жаудың» қасына еріксіз қосақтап қоямыз.

Осы күнгі бала бұрынғыдай бірігіп ойнамайды екен. Ыңғайы келсе бірін-бірі түйіп, төбелесуден тартынбайды. Ойын болып көрінсе де, соңына қарай қандары бетке шауып, қатыгездікке ұласады. Төбелестің де небір тәсілін біледі. Оған баулып отырған фильмдер, компьютерлік ойындар жеткілікті. Осының бәріне жеткіншектердің еліктегіш келетінін ескерсек, уысымызда ұстау тіпті қиын.

Түптеп келгенде, мұның бәрінен зардап шегетін – жасөспірім. Бұл жол тығырыққа алып келеді. Санасын қорқыныш жайлап, жан баласына сенбейтін, адам сыйлап көрмеген, жүрегінде мейірім жоқ жарымжанға айналады. Бізге жеткен қатыгез жастардың видео­сы осындай тығырыққа тірелгендердің, тас керең қоғамға арналған ақырғы дауысы. Одан әрі ұстаздар мен ата-аналар бірлесіп, қоғам тік тұрып болашақ қамын ойламаса, мектепке қару әкеліп, бірін-бірі қырып тастайтын кадрларды америка жаңалықтарынан емес, өз еліміздің ақпарат құралдарынан еститін боламыз…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button