Мәдениет

Абай шай ішкен самаурын

10 тамыз күні Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толды. Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Абай атындағы Халықаралық мәдениет және өнерді қолдау қоры атынан көненің көзіндей болған құнды жәдігерді ҚР Ұлттық музейі қорына салтанатты табыстау рәсімі өтті.

Ендігі таңда Ұлттық музейдің төрінде жарқырап тұратын жәдігер – 1893 жылы жасалған кіші Тула самаурыны. Қаншама уақыттан бері көздің қарашығындай сақталған асыл қазына енді халықтың көзайымына айналмақшы. Абай дәуірінен сыр шертетін бұл жәдігерді Ермек Айтқалиұлы ҚР Ұлттық музейі қорына табыс­тады. Бұл – Ұлттық музейде сақталған, ұлы Абайдың өзі тұтынған 43-жәдігер. Олардың арасында ақынның пайдаланған құтысы және тағы басқа құнды дүниелер бар.

Ақын Абайдың мұражайы алғашында Семей қаласы Ертіс өзенінің жағасындағы Бекбай Баисов пен Әнияр Молдабаевтың үйлерінде орналасқан. Бұл үйге Абай қыр­дан Семейге келгенде түсетін болған. Бір кездері Ертістің сол жағалауынан, қаланың Жаңасемей бөлігінен келгендердің барлығы таңертеңгі паромды күтіп, Бекбай Баисовтың қонақ үйіне жиналатын. Әңгіменің тиегі ағытылатын. Алаш қайраткерлері де осы үйде жиі бас қосатын. Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатұлы отбасымен бір жылдары осы үйде тұрғаны белгілі. Бүгінгі іс-шараға дәнекер болған самаурыннан Абай, Әлихан, Шәкәрім бастаған Алаштың көптеген ардақтысы шай ішкені аян. Кейін Абай мұражайы басқа орынға көшіріледі де, Бекбай Баисовтың үйі қаңырап бос қалады. Сәулетті үйдің ауласынан әралуан самаурын табылған. Тарихшы, рухани-мәдени құндылықтарды жинақтаушы Айтқали ­Бейсембайұлы ­Қыстаубаев досының көмегімен бірі үлкен, бірі кіші екі Тула самаурынын аман алып қалды. Содан бері самаурындар Қыстаубаевтың отбасында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жеткен.

– Әкем ескі жәдігерді көп жинаған. ­Самаурынның бірінші реставрациясын 1980 жылдары Семей қаласында қарапайым ұста жасаған. Ал екінші реставрацияны атақты ресейлік ұста Кубрин деген кісі жасады. Кубриннің әкесі Тула самаурын зауытында істеген маман болыпты. Сол кісіден үйренгені бойынша жасап шықты. Самаурынның түбі мен ортасы жақсы сақталған, – деді Абай атындағы Халықаралық мәдениет және өнерді қолдау қорының құрылтайшысы, кәсіпкер Ермек Айтқалиұлы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button