Мәдениет

«Әдемінің» өнер әлемі

«Әдемі» ардагерлер ансамблінің елорданың Алматы ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жанынан құрылғанына екі жылға жуықтады. Зейнеткерлерден құралған, әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнап, ән салатын, жанынан өлең шығаратын өнер ұжымы мүшелерінің жалпы саны – қазір 34. Соның ең үлкенінің жасы – 78-де. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Жалдыбай Байғараұлы.

«Ансамбль мүшелері – жүректері ән деп соғып тұрған адамдар. Бірақ бұрын сахнада ән салып көрмеген. Оның үстіне біздің кезімізде «әртіс боламын» десең, ата-аналарымыз шошып, өнерге жібермей қойған жағдайлар көп кездесті. Содан таланты болып тұрса да, іштегі өнерді тұншықтырған замандастарымыз да бар. Солар ансамбльге келіп, жастық шақтарындағы армандарын орындап жатыр. Жетекшіміз Жалдыбай Байғараұлы – өте талантты жігіт, сауатты музыкант, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Өзі әртүрлі аспаптарда ойнайды. Қазір сол кісі бізге ұстаз болып отыр. Біз сияқты үлкен кісілердің тілін табу оңай емес қой, Жалдыбай Байғараұлы мол тәжірибесінің, шыдамдылығының арқасында бәрімізді бір іске жұмылдырып отыр. Бізге ерлі-зайыптылар да келеді. Қазір төрт жұбымыз бар» дейді ансамбльдің жетекшісі Райгүл Оспанқұлова.

Оның айтуынша, ансамбль құрамы түрлі мамандық иелерінен, әр саланың бұрынғы қызметкерлерінен құралған. Арасында заңгер де, мұғалім де, дәрігер де, экономист те, банк қызметкері де кездеседі. Өнерге еш қатысы жоқ салаларда қызмет еткен адамдардан ансамбль әншілерінен бөлек, домбырашылар, қобызшылар, сазсырнайшылар, дабылшылар тобы құрылды.

«Бұрын «Арқа әуендері» ансамблі құрамында болдым. Онда төрт жылдай ән салдым. Өткен жылдың қараша айында жұбайыммен бірге «Әдеміге» ауыстық. Өнер ұжымында қалыптасқан ауызбіршілік, татулық, жылулық өзіне баурап алады. Кейде бір жарым сағаттан үш сағатқа дейін концертке дайындаламыз. Соның өзінде еш шаршамай, керісінше демалып шығамыз. Ортаның аурасы бөлек» дейді оркестр мүшесі Ибрагим Бейсенбайұлы.

«Әдемі» ансамбліне қабылданғаннан кейін өмірге құштарлығы артқан, өнер құдіреті іштегі қайғыны сейілткен адамдар да бар. Ансамбль мүшелері тек өнерді ғана насихаттамай, ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Соның ішінде ұлттық киімге ерекше көңіл бөледі. Киімге, әшекей бұйымдарға өз есебінен Түркияға дейін тапсырыс береді.

Ансамбль орта мектептермен, «Бақытты отбасы» секілді әлеуметтік орталықтармен тығыз байланыс орнатқан. Осы мекемелерде концерттерді беріп тұрады. Мәселен, жақында Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қыз­метін пайдаланушылардың көңілін көтерді.

Әдеби-сазды кеш форматында өткен кеш барысында өлеңдер оқылып, әндер мен күйлер әуеледі. Концертте халық әндері мен халық күйлерімен қатар Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев сынды қазақтың классик және Кентау Назарбек, Халықберген Әбілжанов, Құрал Молжанов, Исламхан Байгесінов секілді қазіргі композиторларының әндері, Үлебай Әнетұлының «Дудар-айы» мен Қорабай Есеновтың «Жас қаламы», Құрманғазының күйлері орындалды. Музыкалық шығармаларды Күлән Сүлейменқызы, Айжамал Досымқызы, Жұмабике Кәтімханқызы, Ибрагим Бейсенбайұлы, Серік Құлмағанбетов, Бақыткүл Ақанқызы, Аманай Төлеуұлы, Жалдыбай Байғараұлы, Гүлбаршын Сейітқызы, Меңдеш Тоғанқызы, Марсия Рақымбердіқызы нақышына келтіріп орындады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button