Елорда тынысы

Шығармашыл мұғалімдер бас қосты

Елордадағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-­лицейде Астана қаласының Әдістемелік орталығымен бірлесіп «Заманауи мектеп: даму және ынтымақтастық мүмкіндіктері» атты өңірлік семинар өтті. Оған Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыс­тары мен Астана қаласы орта білім беру ұйымдарының басшылары қатысып, іс-тәжірибемен бөлісті.

Семинарда жалпы білім беретін мектептер мен әртүрлі ұйымдар арасындағы ынтымақтастық тәжірибесі, білім беру және әлеуметтік жобалар аясында оқушылар мен мұғалімдер арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың нәтижелері көрсетілді. Оқушылардың функционалдық сауатын дамыту шеңберінде кіріктірілген сабақтар, құндылықтарға негізделген білім беру, lesson study әдісін қолданатын сабақтар, халықаралық, қалалық және мектепішілік деңгейдегі мұғалімдер мен оқушылардың жұмысын келушілер тамашалады.

Республикалық семинар аясында «Шығармашыл ұстаз» аймағы салтанатты түрде ашылды. Мектептің 3-қабатында ашылған аймақ көркем еңбек пәні мұғалімі Ерлан Ахметқалиевтің еңбек жолындағы өмірлік іс-тәжірибесімен жасалды. «Шығармашыл ұстаз» аймағының басты мақсаты – оқушыларға рухани әрі шығармашылық демалыс аймағын жасау, өнерге деген қызығушылығын, талабын ояту, қолдау және бағыттау.

– Бала тәрбиесінде ең маңызды дүние бар. Бұл – балаға уақыт бөлу. Мектепте үзіліс кезінде баланы тәрбиелеуге 15 минут уақыт бөлуге болады. Осы орайда ата-аналарға айтарым, балаға ақыл-кеңес, пайдалы дүниелерді айтуға да осы уақыт жеткілікті. Сондықтан күн сайын балаға тәрбиені мектепте педагогтар, үйде ата-ана берсе, болашақта саналы әрі білімді ұрпақ өсіреміз, – дейді Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей директоры Күлжан Түлеуова.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button