Басты ақпаратМәдениет

Ахметтің Ақкөлінен – Анадолыға

Веломарафоншы, журналист, аудармашы Ернат Мелсұлы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық велошеруден Астанаға қайтып оралды. Алаш қайраткері дүниеге келген 5 қыркүйек күні оның туған Торғай топырағындағы Сарытүбектен аттанған Ернат еліміздің батыс өңірін, Грузия мемлекетін басып өтіп, велошеруді Түркияда аяқтады. 55 күнде 5555 шақырымды еңсерді.

Биыл ұлт ұстазының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып жатыр. Халықаралық велошеру өткізуге осы жағдай себеп тудырды. Веломарафоншының бастапқы мақсаты велосипедпен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижге дейін барып қайту болды. Бірақ белгілі жағдайларға байланысты ол мүмкін болмады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылардың құрылтайына қатысқаны тарихтан белгілі. Ернат Ақтау қаласы арқылы осы шаһарға да барып қайтуды көздеген. Алайда геосаяси жағдайға байланысты Әзербайжан астанасының топырағын басу бұйырмады. Сосын Грузияға жол тартып, Түркияға өтті.

Анкарадағы Абай Құнанбайұлы және Мағжан Жұмабаевтың ескерткіштеріне, Ескешеһирде түгел түркіге ортақ Қожа Насырдың зиратына тағзым етті. Ыстамбұл қаласында өткен «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі өркениеті» атты ғылыми конференцияға қатысып, сөз сөйледі. Мұстафа Өзтүрк негізін қалаған таэквондо мектебіне барды. Барлық қалада веломарафоншыны түрік ағайындарымыз үлкен құрметпен қарсы алды. Велошеруді Мұстафа Өзтүрктің Ыстамбұлдағы зиратында аяқтады.

Веломарафоншы жол бойы Ахмет Байтұрсын­ұлының есімін және еңбектерін насихаттады. Түркиядағы қандастарымызбен, Мұстафа Өзтүрктің отбасы және шәкірттерімен кездесті. Түркия топырағы бұйыр­ған қазақтың тұңғыш скрипкашылардың бірі Әлім Алматтың туған жері Ақтөбеден топырақ түйіп алып, зиратына апарып салды.

Ернат Мелсұлы енді келесі жылы Бейбарыс сұлтанның  800 жылдығына орай  Мысырға велосипедпен барып қайтпақ. Ал 2024 жылы Мұстафа Өзтүрік зиратынан Парижге баруды жоспарлап отыр. Сол жылы Мұстафаның туғанына 70 жыл толады және Франция астанасында жазғы Олимпиада өтеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button