Мәдениет

Қайраттың қылқаламы

Елордадағы «Sal Seri» галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Көркем академиясының корреспондент мүшесі Қайрат Жәйір­бекұлының «Арнау» атты жеке көрмесі ашылды. Автор әртүрлі кезеңде салған 80-ге тарта иллюс­трация, карикатура, каллиграфия туындыларының топтамасын көпшілік назарына ұсынды.

– Қайратты білгеніме біраз уақыт болды. Ол – өте талантты суретші. Оның тарихты білетіні көрмеге қойылған суреттерден көрініп тұр. Мысалы, Абылай ханның бала кезінен хан болғанға дейінгі бейнесін салды. Қазір Қазақстанның көп суретшілерінің жұмыстары шетелдерде, музейлерде, көрмелерде кең сұранысқа ие, жеке коллекцияларға да алынған. Менің білетінім, мәдениетіміз, өнеріміз ешкімнен кем емес. Соған Қайраттың да қосып жатқан үлесі зор. Карикатуралары да маған қатты ұнады. Сол арқылы суретші өз ойын білдіреді, – деді белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Қазақстан Көркем академиясының президенті Амандос Ақанаев.

Астана қаласы Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірәлі Исмаилов, Қазақстан Көркем академиясының вице- президенті Ерлан Айтуаров, «Sal Seri» галереясының негізін қалаушы Арыстан Смағұлов суретшіні көрменің ашылуымен құттықтады. Көрме барысында Қайрат Жәйірбекұлы Мәдениет және спорт министрлігінің салалық «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Көрме 15 қарашаға дейін жалғасады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button