Басты ақпаратСұхбат

Алатаудай көрген кей ағаларым жай төбешік екен

Мінезі де, өлеңі де өзгелерден бөлектеу ақын Маралтай Райымбекұлымен сұхбаттасу көптен ойымызда жүрген. Сөйтіп жүргенде «Қазақ әдебиеті» газетінен бір топ жаңа өлеңін оқыдық. Сол топтамадан ақынның өмірден өлең іздеген рахатын да, азабын да аңғардық. Жаңа өлеңдеріне риза кейіппен шайырды әңгімеге шақырған едік. Шығармашылығы жайлы басталған сұхбат әдебиет жанкүйерлері көз тіккен бәйге – Мемлекеттік сыйлыққа барып, бір-ақ тірелді. Екеуара әңгімеде елорданың көркем, дегдар, бекзат болмысы айтылды, ақынның ұлттық идеология төңірегіндегі ойларын да білдік.

– Әдеби басылымда жарық көрген соңғы өлеңдеріңіз жайлы оқырман тарапынан, әдебиеттегі аға-апаларыңыздан пікір естіген боларсыз? Сол лебіздерден бастайықшы әңгімемізді…
– Бұрын мен көп мән бермеген екенмін, жақсы сөз адамның жанын жылытып, орынды сын ақынды өсіреді екен. Бұл – менің соңғы бес жылда жазған өлеңдерім, сондықтан мен күткен де, күтпеген де пікірлер естідім. Күләш Ахметова апамыздан бастап, Иран-Ғайып ағамыз, әдебиеттің білгірі Амангелді Кеңшілікұлы пікір айтып, хабарласты. Әлеуметтік желіден қаншама іні-қарындас ақжарма ойын, шынайы тілегін жазды. Ақынға өлең жазбау деген – қылмыс. Оны ешқандай да себеппен ақтап алуға болмайды.
– Қызметпен жүріп, соңғы уақытта өлең жазуды сирексітіп алған жоқсыз ба?
– Ақын жүрегі үнемі жырлап тұрады. Жүрегіміз дүрсілдеп соғып тұрғанда, көңіл мәңгі жырдың үстінде тұрады, солай болуы керек те. Күнде не­месе күнара өлең тудыратын өнеркәсіп емеспін, бірақ жазып жатырмыз. Ол жырлардың барлығын жіпке тізгендей жариялап жатпасақ та, қалам қолымыздан, өлең ойымыздан кеткен жоқ. Кезінде бір жазушы: «Роман дайын, тек оны жазып шығу ғана қалды» деп айтқан екен. Сол сияқты көкейде жүрген, пісіп-жетіліп қалған нәрселер көп. Сөзімнің басында айтқанымдай, өлең жазбау – қылмыспен тең. Тіпті өлгеннен кейін де өлеңіміз оқыла берер.

Мемлекеттік сыйлықтың қаламгерлер
арасына ала мысық жүгіртетін қолайсыздығы да бар

– Шығармашылық адамы үшін маңызды бәйгенің бірі – Мемлекеттік сыйлық. Екі жыл бұрын өзіңіз де осы додаға кітабыңызды қос­тыңыз. Әлеуметтік же­ліде «Осы бәйге биыл кімге бұйырады?» деген сауал төңірегінде жазбалар жазылып, әдебиет жанкүйерлері өзара дау­ласып та жүр. Прозадан Мархабат ағамыздың, ­поэзиядан Тыныштықбек пен Ғалым ағамыздың, Ақұштап апамыздың және өзгелердің шығармашылығы бәске түсер биылғы бәйге жөнінде пікіріңізді білгім кеп тұрғаны…
– Екі жыл сайын әде­биет әлемінде үлкен дүмпу, алашапқын бола­ды. Бәріміздің назарымыз осы марапатқа ұсыныл­ғандарға қарай бұрылады, бұл – заңды да. Мем­лекеттік сыйлықтың ақын-­жазушылардың арасына ала мысық жүргізіп қоятын қолайсыздығы да бар. Сонысы көңілді күпті етеді. Өз басым шығарма­шылық өкілдерінің бір-­біріне тілеулес, тілеу­қор болғаны дұрыс деп ойлаймын. Светқали Нұржан, Шөмішбай Сариев, Бексұлтан Нұржекеұлы, марқұм Рақымжан Отарбаев ағаларыммен бірге екі жыл бұрын осы додаға мен де «Қаратау ғазалдары» атты кітабымды қостым. Сонда тізімдегі 20 адамның бәріне тілекші болдым. Өйткені кез келген адам өнерге өзін мойындату үшін келеді. Көріпкелдік пен сәуегейлік менің табиғатымда жоқ, сондықтан сұрағыңа пәлен деп жауап бере алмаймын. Биылғы бәйгеге кітабын қосқан аға-апаларымның қай-қайсысы да шын жүйрік. Олардың ешқайсысының маған жаттығы жоқ.

 Мемсыйлықты кім алса да, лайықты деп ойлаймын. Себебі олардың әрқайсысы шығармашылыққа тағдырларын арнады ғой. Бала-шағаларын бір жаққа ысырып қойып, күндіз-түні жазумен айналысты, әде­биетпен «ауырды». Аллаға шүкір, әлеуеті жағынан мықты елміз. Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне берілетін қомақты қаржыны қаламгерлердің әрқайсысына ұстатып, разы қылса да, Қазақстан еш кедейленбейді.

Кезінде 2000 жылы Мұқағали Мақатаевқа Мемсыйлық берілгенде, Рамазан Тоқтаров, Баққожа Мұқай ағаларымызға да қатар беріліп, 5-6 адам Мемлекеттік сыйлықтың иесі атанды ғой. Сыйлық қатарынан осылай бірнеше адамға берілсе ерсі емес.
– Қазіргі жастар өзіңіздей ақындарды оқығаннан гөрі, тарсыл-күрсілі көп эстраданың жағында. Ақын-жазушылар емес, әншілер алға озған заман жайлы ойланасыз ба кей-кейде?
– Уақыт пен заман ағымы ойландырмай қоймайды, әрине. Кезінде Жұматай Жақыпбаевты замандастары, оқырмандары «құдайский» ақын санаған, Мұқағалидан артық болмаса, бір пәс те кем емес, мықты ақын деп бағалады. Жұматайдың әрбір өлеңі шедевр еді! Сол Жұматайды кім айтып жатыр қазір? Мені осы сұрақ мазалайды… Бүгінгі жастар эстраданы тыңдаумен қатар Жұматай Жақыпбаевтың, Марат Отаралиевтің, Кеңшілік Мырзабековтің, Серік Томановтың, олардан бергідегі Есенғали Рау­шанов пен Тыныштықбек Әбдікәкімовтің, қазақ поэзиясын дамытуға еңбегі бар басқа да аты аталмаған ақындарды оқыса екен дейсің.

Ауылыма Мәдінің ескерткіш-бюстін орнатуға атсалыстым

– Жыл басынан бері елімізде рухани жаңғыруға бағытталған шаруа­лар көптеп атқарылып жатыр. Осы бағытта өзі­ңіз не бітірдіңіз?
– Бүгінде Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасында көрнекті қаламгер Әлібек Асқаровпен бірге жұмыс жасаймын. Астанадағы Ака­демиялық кітапхана мен Алматыдағы Ұлттық кітапханада жоқ қаншама құнды кітаптың негізгі данасы осы мекемеде сақтаулы тұр. Еліміздің аудандарынан, облыс орталықтарынан шыққан газет-журналдардың әрқайсысына мөр басылып, мемлекеттің маңызды құжаты ретінде сақталуда. Кітап палатасына қызметке келгелі еліміздің жауһары болған сол құндылықтардың насихатталуына көңіл бөліп, рухани күретамырдан қол үзбеуге бағытталған шаралардың басы-қасында жүрмін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында айтылған туған жерге көңіл бөлу, аты аталмай кеткен дарындарды іздеп табу деген дүниелер көзі қарақты адамды ойлантпай қоймайды. Менің туған ауылым Игіліктен Мәді Шәутіұлы деген біртуар күйші шыққан. Мәдідей қазақ күйінің білгірін адамдардың бірі білсе, бірі білмейді бүгінде. Он сегіз жасында шешек ауруымен ауырып, Мәдінің екі жанары суалып, әз болып қал­ған екен. Құдайдың құ­діретімен 70-ке келгенде туыс немересі ойнап отырып, атасының көзін тырнап алып, күйшінің көзі шайдай ашылып, зағиптықтан құтылған. Мәді Шәутіұлының артында қалған мұрасын жинақтауда Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың атқарған еңбегі орасан зор. Қайбір жылы Қазақ радиосында жұмыс істеп жүргенімде мен де өзімше жинақтаған болдым. Биыл біздің Сарысу ауданының 90 жылдығы ғой. Соған орай, «Мәді» атты естелік-кітап құрастырдық. Алда, 29 қыркүйекте – сол кі­таптың тұсаукесері әрі Игіліктегі Мәдениет үйі­нің алдына тұрғызылған Мәдінің ескерткіш-бюс­тінің ашылу рәсімі. Осындай ірілі-­­ұсақты істер атқарып жүрген жайым бар.
– Кеңес заманы кезінде ақын-жазушыларды идеологиялық жұмысқа жақсы пайдаланды. Қазір солай пайдалануға болатын қаламгер бар ма?
– Уақытқа, заманның ағымына үн қосып, кезеңдік дүниелер жазуға болады. Бірақ шығармашылық адамын ылғи осы бағытқа «жұмсау» да дұрыс емес, меніңше. Өнер адамы еркін болуы керек, азат ғұмыр кешуі керек. Қоғамдағы әртүрлі жаманды-жақсылы құбылыс­тар, соңғы жетістіктер ақын шығармашылығында қалайда көрініс табады. Ақынның әр өлеңінде уақыт пен кезеңнің табы болады өйткені. Басқаға бармай-ақ, жеке өзімнен айтайын. Біраз бұрын Астанаға арнап «Қазақ елі» атты өлең жаздым. Осы өлеңге Арман Айтқалиұлы Жайымов романс сынды керемет шығарма жазды. Бүгінде бас қала­дағы мәдени шаралардың шымылдығы осы әнмен түріліп, жабылып жүр. Айтайын дегенім, шығармашылық адамы қоғамда болып жатқан жетістіктерге осылай шын тамсанғанда ғана жақсы шы­ғарма туады. Біздегі идеология­ның түп-тамыры, төресі – жеке мемлекет болып, еңсемізді тіктегеніміз, кешегі бабаларымыз армандап кеткен жерге Ақорда салуымыз ғой. Кез келген шығарма­шылық адамы Астананы ұлықтауға міндетті, ол әрбір азаматтың парызы деп ойлаймын. Өйт­кені Астана – тәуелсіздік алғалы, жеке мемлекет болғалы бізді әлемге танытқан қала.

Астана – өзім сияқты мейірімді,
мендей тәкаппар, қайсар да қаһарман

– Сіз Астанада емес, Алматыда тұрасыз. Әйт­кенмен, елорданың кешегі келбеті мен бүгінгі 20-ға келгендегі бейнесін салыс­тырғанда не байқайсыз?
– Бұдан 20 жыл бұрын мемлекетіміздің Астанасын Алматыдан ауыстырарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жер жәннаты – Жетісуға сыймай бара жатқан жоқпыз, қимай бара жатырмыз. Бүгінгі дәуір бізден осындай шешімді талап етуде» деген сөзі бар. 20 жыл бұрын бұл шешімге Елбасы білегін түріп, жүрегін желдің өтіне қойып тұрып кірісті. Бастапқыда руханият пен әдебиет әлеміндегі көп адам қолдай қойған жоқ. Жасы үлкен зиялы кісілердің аузынан «Астанада мәдени орта қалыптасқан жоқ, әлі де болса жерсінбей жатырмыз, рухани жұтаңдықта жүрміз» дегендей пікірлер айтылып қалатын. Қазіргідей сәулетті Астанамыз­дың болатынына, онда ұлт руханиятының өкілдері орта қалыптастыратынына сенбегеннің бірі мен едім. Желдің өтіндегі жерде ертегідегідей қала бой көтеріп, ондағы биік ғимараттарда еліміз үшін маңызды шешімдер қабылданады дегенге алғашқыда иланбадым. Ақын деген мұндайда елдің алдында жүруі керек қой. Бірақ көп өтпей-ақ, Елбасының ұстанған сарабдал саясатына, Астананың кес­кін-келбетіне тәнті болдық. Содан да:
«Аспаған елiм,
таспаған елiм,
Тарихын қайта
бастаған дедiм.
Жұмыр Жер, кенет,
жүзiк боп кетсе,
Гауһардай жанған –
Астанам менiң!» деп өлең жаздым. Астанаға қазір күллі әлем қызыға көз тігіп қарайды.
– Астанаға арнаған осы өлеңіңізді қай жылы жаздыңыз?
– Осыдан 10 жылдай бұрын, сәл ілгеріректе жаздым. Өлең жазылардан бұрын «Ұлттық тұтас­тығымыздың мәселесi ең өткiр қойылған арғы Тоқтамыс пен Едiге, бергi Тәуке мен Абылай замандарында билiк ордасының осы маңайға қайта-қайта көшiп барып, көшiп кетуiнде де көп сыр бар» деген Елбасының сөзі ойыма орала берді. Мұның өзі бас қаламыз орналасқан аймақтың магиялық сипатын, елдігіміз бен бірлігіміздің қа­сиетін білдірсе керек. Содан да елорда жайлы өлеңіме Президентіміздің жиі айтатын осы сөзін эпиграф етіп алғанмын. Астана – саяси, әлеумет­тік, рухани жағынан тұ­тастығымыздың кепілі болатын құтты ордамыз бүгінде. «Бір меңіңе Бұқара мен Самарқанды берер ем» дейтін баяғы Қожа Хафиз сияқты Астананы өзіме иемденіп айтар болсам, Астана – өзім сияқты мейірімді, мендей тәкаппар, қайсар да қаһарман. Елорда мыңжылдық­тар бойы көзіміздің нұры, жүрегіміздің тілі болып қала бермек.

Басымнан ауыр кезеңдер өтті

– Ердің жасы – елуіңіз де иек астында тұр. «Елу – екі жиырма бес» десек те, өткен күндеріңізге, артыңызға бұрылып қарайсыз ба? Не көресіз?
– Елуге дейін түрлі тарау жолдардан өттік. Ал­матыға келген кезде Ала­таудай көрген кей аға­ларымның тау емес, жай төбешік екенін аңғардым. Ішкі шындығым өмір шындығымен бетпе-бет келгенде, мен жығылып, жеңіліп қалдым. Содан да кезінде Кеңсайға шығып, бейіт кезіп кеттім. Өлі ақындармен, аруақтармен тілдесіп, бірінің өлеңін екіншісіне барып оқып, өзім жақсы көрген ақындар Мұқағали, Жұматайлардың рухымен тілдес­тім. Талай рет өмірден іздеген ақиқатымды таппай, шыншыл деген адамдардың екіжүзділігін көргенде, Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының бейітіне барып, көзіме жас алып, егілген сәттерім болды. 9 жыл бойы жұмыссыз жүрдім. Маңда­йымнан сипап, жаны ашы­ған адамдар болды, бірақ жұмысқа тұра алмадым. Оған бір жағынан менің жүріс-тұрысым, мінезім де әсер етті ме, әлде ол кезде заман сондай ма, әйтеуір, басымнан ауыр кезеңдер өтті. Сол уақыттарда менің тағдырым бірде Алматының көшесінде, бір қаладан екінші қалаға асыға жүйткіген пойыздарда, одан басқа қалаларда айлап-апталап өтіп жататын.
– Бұл іштегі рухтың қоғаммен, уақытпен санаспай, аласұруы ма? Тіке айтсам, кешіріңізші, сіздің есіміңіз аталғанда «Маралтай бұрындары тағдырлы ақын болып көрінгісі келетін» дегендей әңгімелер әлі де айтылып қалады. Осындай сөздерді естігенде қандай күйде боласыз, жалпы?
– Менің тағдырымды әркім қалай қабылдайды, оны өздері біледі. Бірақ Алматыда 9 жыл жұмыссыз жүргенім де, көше кезіп, Кеңсай аралап кеткенім де рас. Оны қазір кімге барып «олай емес, былай еді» деп айтқандайсың. Кезінде Абайдың қадіріне жетпеген, Махамбеттің «басын кескен», Ақан мен Біржан салды «жынданып кетті» деп «арбаға байлап сабаған» қазақ мені аясын ба? Ойы озық азаматтардың ел ішінен, өз қазағынан зәбір көрмегені кемде-кем ғой. Біреулерден сөз естіп қалсам, осы нәрселер есіме түседі. Сөйтіп, «Құдай-ау, дана Абай мен батыр Махамбеттің, сал Біржанның қасында біз кім едік?» деп тәубемізге келеміз. Бірақ бұл қазағым жаман деген сөз емес. Біз сол барымыз бен жоғымызды бүтіндеп, бір-бірімізді сүйреуге, аялауға тиісті елміз. Менің өмірімдегі көп нәрсе тә­уелсіздікпен байланысты болды. Еліміз егемендігін алған жылдары мен де есімді жиып, жан-жағыма қарадым, бойым мен ойымды түзеп, рухымды тіктедім. Ішкі мүмкіндігімді таныған ағалар қыз­метке шақырды. Менің тағдырым Астанамен тағдырлас, бас қаламен мерейлес. Астанада менің жырым мәңгі күліп, сөйлеп тұратын болады. Менің жырым дегенім – қазақтың жыры.

Әңгімелескен
Қарлыға ИБРАГИМ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button