Sport

«Алау» мұзайдынды сарайы



Елордадағы сәні мен сәулеті келіскен ғимараттардың бірі – «Алау» мұзайдыны сарайы. Сол жағалаудан орын тепкен жабық стадион коньки тебу, шорт-трекхоккейкёрлинг және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлері бойынша жаттықтыру және спорт жарыстарын өткізуге мамандандырылып салынған. 

 

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН ЖАБДЫҚТАЛҒАН       

2011 жылы пайдалануға берілген сарай кешені жобасының авторы – сәулетші В.А.Лаптев. Жалпы ауданы 65481 шаршы метрді құрайтын «Алауда» 8 000 орындық бар. Мұз жолының ұзындығы – 400 метр. Ғимаратта екі хоккей алаңы, төреші алқасының залы, баспасөз мәслихатын өткізуге арналған зал, спортшылардың киім ауыстыруына арналған сегіз шешінетін бөлме қарастырылған.

Сәулетті ғимараттың сыртқы түстері де белгілі бір мағынаны білдіреді екен. Мысалы, жасыл түс жаңаруды, жастықты, көктемді білдірсе, көк түс мұз алаңын бейнелейді. Ал қызғылт сары, яғни алау түсі – бұл әрекеттің, жігерліліктің және бостандықтың, еркіндіктің түсі. Жалпы қызғылт сары түстің мағынасы жылдамдық пен ырғақтық, өмірге құштарлықты үндейді деседі.

Мұз ахуалын және климатын бақылау тұрғысынан «Алау» заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда ең жылдам мұз қалыптастыру үшін ауа температурасының және ылғалдылықтың тиімді параметрлері сияқты барлық жағдай қарастырылған. Мысалы, мұз үстінің температурасын өлшегенде 400 метрлік жолақтағы температура 1 градустан аспайтын көрінеді. Осы жүйенің арқасында көрермен орындарының жайлылығы қамтамасыз етіледі. Ал мінбеден бірнеше метр ғана қашықтықтағы мұзайдынның микроклиматы мүлде басқаша. Бұл тұрғыда жылы қабырғаның атқаратын рөлі зор. Мәселен, шаң-тозаң адам көзіне көрінбегенмен, мұздың сапасына өте зиянды көрінеді. Сондықтан жылы қабырға көрерменнің аяқ киімі мен сырт киімінен келетін шаңның бір бөлігін ұстап қалады деседі.    Ғимарат ішіндегі температура үнемі +14, +16 градус болып, ауа ылғалдылығы 40-60 пайызды сақтап тұрады.

ҮЗДІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ КЕШЕНІ

Ғимарат А, Б, В және Г деп аталатын 4 блоктан тұрады. А блогында – мұз алаңы мен трибуналар (35 970 м2), Б блогында көлемі 3 470 шаршы метрді құрайтын қонақ үй, В блогында фитнес-орталық (4 200 м2) орналасқан. Ал Г – әкімшілік блогы. Оның көлемі – 534 шаршы метр.

«Алау» фитнес орталығы сарайдың оңтүстік мұнарасында орналасқан. Бірінші қабатында кафе мен мини-футбол, гандбол мен баскетболдан дайындалуға арналған әмбебап спортзал бар. Екінші, үшінші, төртінші қабаттарында жаңа құрылғылармен жабдықталған кардио және үштік залдары орын тепкен. Сонымен бірге мұндағы фитнес пен йогаға арналған залдар және SPA-орталық келушілер құзырында.

Ал «Алау» қонақүй кешені мұз айдыны сарайының үш мұнарасының бірінде орналасқан. Қонақ үй өте ыңғайлы 46 нөмірден тұрады. Әр нөмірде спутникті тв-мен жабдықталған теледидар, телефон, мұздатқыш, салқындатқыш, сымсыз Wi-Fi интернет байланысы қарастырылған. Қонақ үйдің негізгі меймандары – «Алау» мұз айдыны сарайында өтіп жатқан жарысқа қатысушы спортшылар.

Алматыдағы «Медеу» мұзайдыны «Ең үздік ашық мұз айдыны» ретінде танылса, «Алау» мұз айдыны осыдан бірнеше жыл бұрын Санкт-Петербург қаласында өткен Тау шаңғысы индустриясының конгресі мен Мұз айдыны күндерінде «Үздік инфрақұрылым» аталымына ие болыпты. Аталмыш мекеменің маркетинг бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, ІSU-дың бағалауынша, инфрақұрылым сапасы бойынша әлем елдері арасында 1-орынмен көш бастап тұрған «Алау» жылдамдық рейтингі бойынша 317 коньки тебу стадиондары арасында 8-орынға тұрақтаған.

ӘУЕСҚОЙ СПОРТШЫЛАРҒА ЕСІГІ АШЫҚ

«Алау» – болашақ олимпиадалықтарға қызмет ету үшін ғана емес, сонымен қатар бұқаралық спорттың даму орталығы болу үшін жасалған керемет спорттық құрылыс» деген болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазіргі таңда аталмыш мұзайдын сарайында мәнерлеп сырғанау, хоккей, коньки тебу, шорт-трек спорт түрлері бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Онда жасөспірімдерді 7-8 жастан бастап қабылдайды. Қыс аяқталса да, коньки үйірмесінде балалардың жаттығуы жалғаса береді. Жас спортшылар конькилерін роликке алмастырып, өзге де тәсілдерді меңгереді. Спорт сарайында ролик тебуге арналған арнайы жолақтар бар. Бұдан өзге қатысушылар жазғы маусымда футбол ойнап, бассейнде жүзу арқылы да шынығады. Мұндағы талап бойынша балалар жарыстарға тек 9 жастан бастап қана қатыса алады.

2010 жылдан бастап мұз айдыны сарайы жұмысын сынақ жарыстарды өткізуден бастады. 2011 жылдың 30 қаңтардан 6 ақпанға дейін «Алауда» VІІ қысқы Азия ойындары өтті. Жарыс қорытындысы бойынша онда 9 рекорд жасалған болатын. Жалпы, 2011 жылдан бері стадионда 250-ден аса ірілі-ұсақты жарыстар өткізілген. Ал ашылған жылынан бері келушілердің саны 2 миллионнан асқан. Мамандардың мәліметінше, жұмыс күндері тәулігіне 1500, демалыс күндері 2000-2500 адам мұз айдынына жаппай сырғанауға барады екен.

Айта кету керек, «Алау» мұз айдыны сарайында 3-4 ақпан күндері мұздағы спидвей бойынша әлем чемпионаты өтеді. Сондықтан, 15 қаңтардан бастап жаппай сырғанау жұмысы уақытша өз қызметін тоқтатқан. Әлем чемпионаты аяқталған соң жаппай сырғанау 13 ақпаннан бастап қайта жалғасатын болады. Таңғы сағат 7.30-дан түнгі 23.00-ге дейін демалыссыз, мереке күндері де сарайдың есігі келушілер үшін ашық болмақ.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button