Басты ақпаратҚұқық

Алаяқтық түрі сан алуан

Цифрландыру өмірімізге дендеп енген сайын алаяқтық түрлері де жыл сайын «дамып» келеді. Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндер қандай да бір мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Мұндайлар елордада да аз емес.

Сондай алаяқ­тықтың бір түрі – «Қазақстан пош­тасы» аты­нан жалған SMS-хабарлама таратып, тұтынушыларға күмәнді сілтемеге өтуді ұсынады екен. Осыған орай, «Қазпошта» АҚ банк картасының нөмірі мен CVV кодын жарияламауды сұрап, сақ болуға шақырады.

«ҚР азаматтары мен «Қаз­пошта» клиенттеріне сәлемдемені жеткізуді тоқтату туралы хабарламалар жіберілуде. Хабарламалар жалған электрондық пошта мекенжайы арқылы жіберіліп жатыр. Егер сіз фишингтік сайттағы сілтемені пайдалана отырып, тауарды жеткізу төлемін жасауды шешсеңіз, бұған өзіңіз жауапты боласыз. «Қазпошта» АҚ хабарламаларды тек 1499 ресми қысқа нөмірінен жолдайды» делінген ресми таратылған ақпаратта.

Осыған орай, сарапшы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Сүйінбайдан пікір сұраған едік.

– Әлеуметтік портрет бойынша бұл санатқа психологиялық тұрғыдан арнайы дайындалған, 20-дан 45 жасқа дейінгі, орыс тілін жетік меңгерген, шетелдік ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қылмыстық қауымдас­тықтардың құрамына кіретін, «call-орталықтар қағидаты» бойынша жұмыс істейтін, жақын және алыс шетелде тұрақты орналасқан ерлер мен әйелдер кіреді. Олардың арасында рөлдердің нақты бөлінуі бар: «келіссөз жүргізушілер», «хакерлер», IT мамандары және өздерінің қауіпсіздік қызметі, – дейді сарапшы Жандос Талғатұлы.

Сондай-ақ алаяқтар «көлең­кеде» қалу үшін Telegram арқылы тауып алған Қазақстан азамат­тарының ішінен «дроптар» (оның банк картасы ұрланған ақша үшін «транзиттік» картасына айналатынына келісетін адам) пайдаланады.

Опық жегендер аз емес

«Осыдан 8-9 жыл бұрын оңбай алданғаным бар. Ұят та болса сол туралы айтып берейін. Ол кездегі арманым Астанадан пәтер алу болатын. Ақшаны 7 жыл жинадым. 2014-тің көктемінде шамалы қаражаттың басын құрап, дұрыстау компания іздеуді бастап кеттім. BI Group, BAZIS-A сынды мекемелердің бәріне бардым. Өңшең бір орысша шүлдірлеген ұл-қыздар, саған сатпақ үйлерінің қадасы да әлі қағылмаған. Бұлар қай уақытта салып бітеді деп ойлап қоямын. Сөйтіп жүріп «Сервистехмонтажстрой» дейтін атауы шұбалаңқы бір компания туралы естимін. Салып жатқан үйлерін барып көрдім. 70 пайыз­ға дайын тұр. 3 айдан кейін кілтін тапсырғалы жатыр екен. Қуанышыма орай, сатылып жатқан пәтерлер әлі бар екен. Әлгі BI Group-та миллиондаған ақшаның әңгімесін жап-жас балалармен талқыласаң, мұнда компания директорының өзі сені жеке қабылдайды екен. Не деген мәртебе?! Жетектеп бірден кабинетіне кіргізеді. Алдыңа шай-кофеңді қояды. Баптанып отырып, шаттанып сөйлесесің. Директоры да елуден енді асқан, салмақты, сабырлы адам екен. Орысша-қазақшасы бірдей, он сөз айтса, соның жартысы «Алла», «Құдай». Үстелде – Құран, шкафта – Құран, қабырғаларға қаптатып қасиетті кітаптағы сүрелер жазылған картиналарды іліп тастаған. «Ойпырмай, Құдайға қараған қандай жақсы адам!» деп қоя­мын ішімнен. Не керек, содан әлгі кісінің бар айтқаны көңілге қонып, қолдағы бар ақшаны сол кабинетке тастап шықтық қой. Содан 2-3 ай өткеннен кейін аузынан Алласы түспеген жаңағы ағамыздың алаяқ екенін білдік. 700 адам бар ақшасынан айырылып, сан соғып қалды. Солардың көбі, әсіресе қазақтар, сотта алаяқтың аллашылдығына, құдайшылдығына сеніп, үлес­кер болғанын ашына айтты. Ақырында 700 адамды алдаған алаяқ 9 жылға сотталды. Бірақ оған дейін 6 миллиард теңгені қылғытып үлгерді» дейді астаналық қоғам белсендісі Бахтияр Хамит.

Kaspi.kz қосымшасын, жалпы бұл банктің өнімдерін, картасын қолданбайтын адам жоқтың қасы. Алаяқтар оны жақсы біледі. Сол үшін банк қызметкері болып сізге қоңырау шалып, түрлі сылтау айтып, Gold-картаңыздың дерегін сұрауы мүмкін.

Kaspi.kz-тің Telegram-каналындағы мамандардың кеңесі бойынша банк ешқашан клиенттің жеке дерегін сұратпайды.

Kaspi берген кеңес бойынша:

Gold-картаның дерегін ешкімге айтпау керек;

Бейтаныс адамдармен жазысқан хаттар мен сенімсіз сайттарда карта дерегін көрсетпеген дұрыс.

Алаяқтар карта бойынша не сұратуы мүмкін?

– иесінің аты мен тегін;

– қолданылу мерзімін;

– CVV-картаның артқы жағындағы үш таңбалы нөмірді;

– PIN-кодты;

– төлем мен аударымды растайтын SMS-кодты.

Өзін Kaspi.kz қызметкерімін деп таныстырып, сізден осы деректі сұрайтын адам – алаяқ!

Жалпы алаяқтармен күресуге сіз де атсалыса аласыз. Күдік тудырған телефон нөмірін Kaspi-ге жолдауға ­болады. Банк міндетті түрде шара қолданады.

Әрине, үлескерлердің ­проблемасы өте өзекті. Алдағы уақытта сондай казусқа тап болмас үшін ақпараттанып жүрген дұрыс. «Қара тізімге» енген компаниялар бар Алматыда да, Астанада да. Әдетте, оның тізімін әкімдіктердің сайты жариялап жатады. Салынбаған үйге ақша салмас бұрын сондай тізіммен танысып алғанның да артықтығы жоқ дейді Ұлттық банктің «Қаржы сауаты» Telegram-каналындағы мамандар.

Қылмыскерлер алдаудың ең көп тараған 4 әдісін қолданады:

  1. Тауарлар мен қызметтерді сату туралы онлайн-жарнамаларды орналастыру.
  2. Азаматтарға телефон соғып, өзін банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп таныстырып, оларды әртүрлі жағдайға шабыттандырады.
  3. Олар әртүрлі инвестиция жобаларына ақша салуды ұсынады.
  4. Әртүрлі компаниялар мен ұйымдардың фишингтік сайтын жасап, кейіннен пайдаланушылардың құпия ақпаратын алады.

«Шетелдік интернет-алаяқ­тардың трансшекаралық қылмыстық қызметін тергеу мен жолын кесудің қиындығы олардың орналасқан жерінде ғана емес, яғни елден тыс жерлерде де, сонымен бірге олардың хакерлік бағдарламаларды қолдануында. Және бұл проблемаға әлемнің барлық елі тап болады» дейді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Сүйінбай.

Зиянды өтеудің төмендігіне және ұрланған қаражат қозғалысын дер кезінде бөгеу мүмкін еместігіне әсер ететін негізгі фактор – жәбірленушілердің полицияға кеш жүгінуі.

Картаны абайлап пайдаланыңыз!

Қаржы саласынан білгені көп Аякөз Ханетова желіде өте пайдалы ақпарат жариялады. Автордың осы қағидасын қаперде ұстап жүргеніңіз абзал.

«Егер біреу сізге төлем жасау үшін ақша аударамын десе, оған тек банк картасының алдыңғы бетіндегі нөмірі ғана жеткілікті. Ал қалған ақпарат тек сізге ғана керек. Алайда интернет-дүкеннен зат алып, төлем жасайтын кезде, әлбетте, банк картасының алдыңғы және артқы бетіндегі ақпараттың барлығын толық жаза аласыз.

Егер сіз бейтаныс адамға банк картаңыздың нөмірін ғана берсеңіз, ол ештеңе жасай алмайды;

– нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді жіберсеңіз, кейбір интернет-дүкен­дерде төлем жасай алады;

– нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді, CVV/CVC кодын жіберсеңіз, қонақүйді немесе көлікті жалға ала алады, картаңызды өзінің Google Play-ына «байлап» қоя алады, Litres сияқты сайттарда төлем жасай алады;

– нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді, CVV/CVC кодын және келген SMS-
кодты жіберсеңіз, интернетте еш шектеусіз кез келген төлемді орындай алады.

Ал карта дерегіңізге куәлігіңіздің сканерленген нұсқасын қоса жіберсеңіз:

– сіздің атыңызға несие ала алады;

– пәтеріңізге адам тіркей алады (прописка);

– ең сорақысы, жеке дерегіңізді білген адам сізді бопсалай алады.

Сақ болыңыз, ақша жіберу немесе алу үшін сілтемені баспаңыз, ақшаны карта нөмірі арқылы емес, басқа төлем жолы арқылы алу/жіберу мүмкіндігі болса, телефон нөмірін, PayPal, тағы басқаны пайдаланған жөн. Электрондық пошта арқылы банк картасының нөмірінен басқа деректі жіберуге болмайды. Сондай-ақ құжатыңыз­дың сканерленген нұсқасын тек танитын адамға, ұйымға жіберіңіз, онда да алдын ала хабарласып, анықтап алу керек. Поштаңызға бейтаныс адамнан, ұйымнан келген хатты «спам» бөлігіне жіберіңіз, сілтеме жіберсе, ешқашан да баспаңыз» дейді макроталдаушы, қаржы сарапшысы Аякөз Ханетова.

Ал Жандос Сүйінбайдың айтуынша, азаматтар алаяқтардың құрбанына айналғанын түсінгенше ұрланған ақша шоттан алынып, шетелге жіберіледі. Орташа алғанда, қылмыс жасалған сәттен бастап ішкі істер органдарына жүгінуге кететін уақыт 3 күннен бірнеше айға дейін созылады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button