Айтпайын-ақ деп едім!

Ақылды ананың әрекеті қандай?

Қазіргі жастардың рухани жансарайын түсіну қиын-ақ. Жаңа толқынның өзіндік танымы, көзқарасы, өз талғамы бар. Жастыққа тән жалыны да ұрып тұр. Алайда жастардың бет­алысына сынмен қарау аға ұрпаққа тән болса керек. Тіпті өз баласына да «сана бер» деген қазақтың даналығы, мұның аса қажеттігін білдірсе керек. Сол қағидамен біз де бір ауыз сөз айтпақпыз.

Жақында отызға келмеген әп-әдемі бойжеткенмен өмір туралы аз-кем сөйлесіп қалдым. Ата-анасының бауырында баршылықтың ортасында өскен, жоғары білім алып, өзінің қалаған биіктеріне жақындап келе жатқан бойжеткен. Келешекте күйеуге шығу да, сәбилі болу да ойында бар. «Иә, барған жеріңді бақытты ет, бағың ашылсын!» деген тілегімді естісімен әлгі бойжеткеннің шарт кетпесі бар ма. «Мен неге барған жерімді бақытты етуім керек?» деп қарсы сұрақ қойды. Әдетте, ұзатылар қызға солай айтылады, жас келін түскен жерін де бақытты етуін қалауы қалыпты нәрсе, әулеті де соны күтеді деп түсіндіріп көрдім. Бойжеткеннің өз талабы бар екен. «Мен барған жерімді бақытты етемін деп бармаймын, өзім бақытты боламын деп барамын деп тұрмысқа шығамын» деп жауап берді. Жарайды, ешкім бетіне қарсы келмеген қыздың еркелігі шығар. Алайда әзіл-шыны аралас айтылған сөздің астарында әдеттен бөлек қауіпті ой жатыр. Ол – жас қыздардың қазақы «келіндік» статусын өз мағынасында қабылдамауы. Басқа елге ұзатылып, бөтен жерге келін болу – адам өміріндегі үлкен өзгеріс. Бұрынғы еркелігі қалып, әулеттен бастап, ата-енесі мен таңдап тиген жары үшін, кейінірек сәбиі үшін жауапкершілік алады. Қыз кезіндегі еркелігі мен еркіндігін артта қалдырмаса, сол қалпымен «келіндік өлшемге» шақ келмейтініне көп жастар мән бере бермейді. Әрқайсымызда жалғыздан қыз болған соң, олардың бақытты болуын алдымен әке-шешесі ойлайды. Тым еркелететініміз де сондықтан. Десе де бір танысымның өз қызына «енесі менен қатты болмасын» деп қызын әбден пысық етіп, үй шаруасына бейімдеп тәрбиелегенін біліп таң қалдым. Көбіміздің ойымызға келе бермейді. Алайда бұл – ақылды ананың әрекеті. Тағы бір құрбым тіпті маңғаз. Бойжетіп қалған қызына ызыңдап «оны былай жаса, мынаны былай ет» деп айтқанын көрген емеспін. Себебін сұрағанымда, ертең барған жерінің тәрбиесіне, тәртібіне тез икемделіп, сол жерде қазанды қалай қайнатса, бұл да солай қайнататын болсын деген еркіне қойғанын айтты. Расында ол да – жақсы тәрбие. Бір қазақ болғанымызбен, әр ел түгілі, әр үйдің де өзінің қалыптас­қан әдеті мен әдебі де бар. Барған жерінің түтінін бір мұржадан шығарсын деген ананың да айтқаны дұрыс шығар. Жалпы, «енем біледі, енемдікі дұрыс» деген жаңа түскен келіндердің әулетінде сүйкімді болып, тез сіңетінін де байқап жүрміз.

Ал барған жерімде жабылып жүріп мені бақытты етіңдер деп қарап отыратын тікбақай қыздың сөзіне не дейміз. Ертең ойы өзгермесе баласын құшақтап қайтып келетіндердің қатарына қосылар. Ол да қорқынышты емес, қазір екінің бірі айырылысып жатыр. Бұл, әрине, менің ойым. Бірақ барлық қыздардың барған жеріне тастай батпай төркініне қайтып оралуы жақсылық емес қой. Оның алдын алу үшін алдымен шешелері ойлануы керек шығар.

Қазақ айтады екен, «Қызың жақсы болса – бір бақыт, ұлың жақсы болса – мың бақыт, келінің жақсы болса – шын бақыт» деп. Адам бақыты жанындағы жандардың қабағы мен жайдары мінезіне, шын ықыласы мен риясыз көңіліне байланысты. Ол болмаған жерде өзімшілдік, көңілдегісіне жетпей, ойлағаны болмай басымен алысқандардың бақыты баянды болмас.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button