Басты ақпаратШартарап

Қанға бөккен Газа

ХАМАС пен Израиль соғысындағы гуманитарлық үзіліс тағы екі күнге ұзарды. Оның алғышарты ХАМАС екі күнде тағы да 20 адамды босатуы тиіс. Ұзарту Қатар, Америка Құрама Штаттары және Египет елдерінің ара-ағайын болуымен жүзеге асты. Израиль атысты тоқтату туралы келісімді нақты растамағанмен, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың кеңсесі Twitter-де 50 палестиналық әйелді босатуға дайын екенін жариялады.

Келісім тағы ұзара ма?

Бір апталық тыныштық бұдан әрі созылуы мүмкін бе? Кейбір мемлекет басшылары осыған үмітті, басты себеп ретінде тұрғындарға гуманитарлық көмек керек екенін алға тартып отыр. Уақытша кідіріс тапқан соғысты біржолата тоқтатудың жолын қарастыру үшін осы аптада АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкен Израильге және басып алынған Батыс жағалауға барады деп күтілуде. Бірақ сарапшылар бейбітшіліктің ауылы алыс дейді, өйткені Израиль ХАМАС-ты толық жеңуді көздейді. Яғни қақтығыс әлі бірнеше аптаға жалғасуы мүмкін.

Соғысты уақытша тоқтату күшіне енген өткен жұмадан бері Израиль өз түрмелерінде отырған 3260 палестиналықтың арасынан 150 тұтқынды үшке бөліп босатты. Ал Еуропа Одағы мен АҚШ «террор ұйым» деп таныған ХАМАС тобы өзі кепілде ұстап отырған 200-ден астам тұтқынның арасынан 69 әйел мен баланы босатты, оның 51-і – израильдік, 18-і – шетелдік азамат.

Палестина тарихындағы ең ауыр қанды қырғын

Израиль армиясы «бейбіт халыққа тиіспейміз, біздің әскери операция ХАМАС-тың көзін құртуға бағытталған» деп мәлімдегенмен, бұл реткі қақтығыста Газадағы бейбіт тұрғындар қынадай қырылды. Нақтылап айтқанда, қазірге дейін 16 мың адам көз жұмды, оның 6000-нан астамы бала, 4000-нан астамы әйел деген мәлімет бар. Осы жағдайға байланысты БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль әуе шабуылдары күшейген сайын Газа секторы «балалар бейітіне» айналып барады деп мәлімдеген еді. Қазірге дейін ХАМАС қарулыларынан қанша адамның көзі жойылғаны, қираған ғимараттардың астында қанша адамның мәйіті жатқаны белгісіз, Израиль тарапының мәліметінше, он шақты ХАМАС қолбасшысының көзі жойылған. Қақтығыс басталғаннан бері Израильде 1500-ге жуық адам қаза тапқан. Мұның 360-ы – әскер. Дегенмен әскери сарапшылар Израиль әскерінен өлгендердің саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.

7 қазаннан бері Израиль Газаға 32 мың тоннадан астам бомба тастаған. Демек, оның қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 3 есе көп деген сөз. Израиль армиясының соққысынан солтүстік Газа, негізінен, жермен-жексен болды. Олар ХАМАС қарулылары бой тасалады деген желеумен тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға, керек десеңіз, емдеу, оқу орындарына дейін соққы жасап, Ислам университеті, әл-Шипа ауруханасы сияқты орындарды да қиратты. Салдарынан емдеу, денсаулық сақтау саласы бүкілдей тұралап, жараланғандарға, сондай-ақ босанған әйелдер мен жаңа туған сәбилерге де медицина қызметі көрсетілмей жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Газа секторындағы тұрғын үйлердің 60 пайызы қираған. Қаланың құбыр желісіне зақым келгендіктен, тұрғындар ауыз судан да тарығып отыр. Халықаралық қауымдас­тық гуманитарлық көмек қолын созғанмен, босқынға айналған (1,7 миллион халықтың барар жер, басар тауы қалмай, босып кеткен) қисапсыз халықтың қажетін қанағаттандыра алмай жатыр.

Израиль де қыспақта қалды

7 қазандағы ХАМАС бастаған шабуылды айыптап, «бұл Палес­тина халқын ұжымдық жазалауға себеп бола алмайды» деп мәлімдеген Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш дүйсенбі күні «палестиналықтар өз тарихындағы ең қасіретті тарихты бастан өткеріп жатыр» деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол тараптарды соғысты жаппай тоқтатуға және ХАМАС ұстаған барлық тұтқынды босатуға шақырды.

Қақтығыс басталғаннан бері ­Израиль армиясы жаулап алған Батыс жағалауда да Израиль армия­сының қолынан қаза тапқандар көбейген. Яғни 222 адамды ­Израиль әскері атып өлтірген. Біріккен Ұлттар Ұйымы гуманитарлық үйлестіру басқармасы мұны 2005 жылдан бері рекордтық көрсеткіш деп мәлімдеді.

Соғыс басталған кезде ­«ХАМАС-ты түп-тұқиянмен құртып, Газаны жау күшінен жаппай тазартамын» деп өрекпіген Израильдің де қазір арыны қайта бастады. Себебі Газадағы жерасты тоннельдеріне бекініп алған ХАМАС қарулылары оңай шағыла салатын жаңғақ емес екенін көрсетті. «Әл-Ақса су тасқыны» деп аталатын операцияны бастаған кезде-ақ 20 минут ішінде Газа секторынан Израильге 5000-нан астам зымыран атқан ХАМАС бұл жолы соғыс тактикасын жаңалап, бірқыдыру озық қаруларға да қол жеткізгенін аңғартты. Израиль күштері оларды Солтүстік Газаға дейін тықсырып келгенмен, қаланың астын тышқанның іні секілді қырық тесік тоннельге айналдырған олар (кейбір деректерде Газадағы тоннельдердің ұзындығы 500 шақырымға дейін жеткені айтылады) қуатты қарсылық көрсетіп жатыр.

Қазір ХАМАС-тың Израильді атқылауы тоқтады. Бірақ соғыстың алғашқы мезгілінде ХАМАС атқан 10 мыңнан астам зымыранды қағып түсіру үшін Израиль қыруар шығынға батты. Атап айтқанда, ХАМАС қарулылары атқан зымырандардың құны әрі кетсе 3000 доллар болса, оны аспаннан қағып түсіріп жатқан Израильдің әуе шабуылынан қорғану жүйесі – «темір күмбездің» бір снарядының құны 30 мың доллардан жоғары.

«The Times of Israel» газетінің мәліметіне қарағанда, 7 қазаннан бастап Израильдің Газа секторындағы соғыстың бір күндегі шығыны кемінде 1 миллиард шекельді (шамамен 269 миллион АҚШ доллары) құрайды екен. Израиль Қаржы министрлігінің алдын ала жасаған болжамынша, бұрынғы қақтығыс­тармен салыстырғанда бұл реткі соғыс Израиль экономикасына үлкен әсер етеді. 28 қараша күні Израильдің Орталық банкі өзінің макроэкономикалық болжамын жариялап, Израиль-ХАМАС соғысы Израиль экономикасына шамамен 198 миллиард шекель (53 мил­лиард АҚШ доллары) шығын әкелуі мүмкін деп жариялады.

Қазір Израиль билігіне ішкі және сыртқы қысым да күшейді. Израиль халқы биліктің қазірге дейін тұтқындарды толық босата алмағанына наразылық танытса, әлемнің әр бұрышында соңғы күндері Газадағы палестиналықтарды қолдаған митингілер жиіледі. Соңғы кездері қарым-қатынасы жақсара бастаған Сауд Арабиясы мен Түркия елдері де Израильден теріс айналды. Ердоған «Израиль – террорист мемлекет!» десе, Түркия үкіметі Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың үстінен Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа талап-арыз жолдады. Анкара оны Газа секторында тұратын тұрғындарға геноцид жасады деп айыптайды.

Израильдің Газада қан-қасап қырғын жасауы бұл елдің негізгі қолдаушысы – АҚШ-ты да ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ал АҚШ-тың көмегі болмаса, ұзақ соғысуды Израильдің да экономикасы көтермейді.

Палестина мемлекеті құрылуы мүмкін

Өткен айда Мысыр (Египет) астанасында «Бейбітшілікті жақтау саммиті» өтті. Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси бастамашы болған құрылтайға Еуропа, Африка, Таяу Шығыстың және басқа аймақтардың 30-ға жуық мемлекеті, соның ішінде араб елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Грекия, Қытай, Ресей өкілдері қатысты. Саммит қорытындысында тараптар ешқандай құжатқа қол қоймады. Тіпті бірлескен мәлімдеме де қабылданбады. Жиынға қатысқан басшылар қақтығыс үшін барлық жауапкершілікті ХАМАС-қа жүктейтін тұжырымға келіспеді де, бірлескен мәлімдеме орнына саммитке бастамашы болған, оған төрағалық еткен президент Әбдел Фаттах ас-Сиси араб елдерімен келісе отырып, өз мәлімдемесін жариялады. Аталған құжатта қақтығысқа «халықаралық қоғамдастықтың әділетті шешімді ұзақ уақыт таба алмауы» сынға алынып, әлем лидерлері «қақты­ғысты тоқтатуға емес, қақтығысты реттеуге» күш салып, «зардап шегуші халықтың тіпті ең төменгі мұқтаждығына сәйкес келмейтін уақытша шараларды» ұсынып, уақыт жоғалтты делінген. Осы жиналыста бұған дейін Израильге біржақты қолдау көрсеткен Еуропаның лидерлері саммит соңында ұстанымын жұмсартып, Палестина халқын Еуроодақта «террорист ұйым» деп танылған ХАМАС-пен теңестірмеуге шақырды.

Саммитте сөз алған Палестина автономиясының басшысы Махмұд Аббасқа «Біз халқымызды Газадан көшірудің, палестиналықтарды ­Иерусалимнен немесе Иорданияның Батыс жағалауынан аластаудың кез келген талабынан бас тарту керегін ескертеміз. Қандай қиыншылық көрсек те, өз жерімізде табан тіреп қаламыз. Біз кетпейміз!» деп ашық айтты.

Ең бастысы, Каир саммиті қорытындысында оның қатысушылары «тәуелсіз Палестина мемлекетін құру өңірдегі нағыз бейбітшілік пен тұрақтылықтың жалғыз ұстыны болады» деген байламға келді. Бұл туралы да БҰҰ басшысы Антониу Гуттериш мәлімдеді. Осыдан бұрын Қытай мен Ресей де «Палестина мемлекеті құрылу керек» деген талапты жақтаған. Еліміздің Сыртқы істер министр­лігі де «Қазақстан Палестина мемлекетін құруды қолдайды» деп мәлімдеген. Демек, осы реткі қанды қырғын аяқталғаннан кейін «Палестина мемлекеті» құрылуы әбден мүмкін. Алайда соғыстан кейін Газаны кім басқарады деген сұрақ әлі шешілген жоқ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button