Сұхбат

АЛҚАЛАҒАН ӘЛЕУМЕТКЕ АҚЖАРМА ТІЛЕГІМДІ АЙТАМЫН­



855653709099b2dc5db151ee783bb1b8Белгілі айтыскер ақын, бірнеше зерттеу­ еңбектерін жариялап, ізденіс нысандарын ғылыми айналымға енгізіп жүрген жас ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология­ ғылымдарының кандидаты­ – Серікзат Дүйсенғазы «Перзент­ тілегі» деген атпен шығармашылық кешін өткізгелі жатыр. Аягөздің тумасы, Ақтайлақ биден тарайтын он жеті ақынның ұрпағы Астана төріндегі «Қазақстан» орталық концерт залында­ 22 наурыз­ күні барша өнерсүйер, өлеңсүйер қауыммен қауышпақ. Осы шараның қарсаңында газет оқырмандарына арнайы­ сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Халық жыл басын сіздің кеші­ңізбен қарсы алғалы тұр. Не күтуге болады? Бөлісе отырсаңыз…

– Астана қаласының әкімдігі, оның ішінде Мәдениет басқармасы жыл сайын жасы қырыққа толмаған талантты азаматтарды қолдау мақсатында түрлі кештер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Бұған дейін ақын Қалқаман Сариннің, сазгер Медет Салықовтың шығармашылық кештері ұйымдастырылған еді. Сол жоба бойынша менің кешімді өткізу биылғы жылға жоспарланған болатын. Ұлттық өнердің өкілі болғандықтан ұлттық мерекеде, Ұлыстың ұлы күніне орайластырғанды жөн санап, осы күнді белгіледік. Бір жағынан, елдің бәрі мерекелік демалыс күн­дері жан-жақтан елордамызға ағылады. Қонақтар да, қала тұрғын­дары­ да өнермен сусындап бір дем алғысы келеді. Менің «Перзент тілегі» атты кешім осы айтыл­ған­ның орнын толтырады деген ойда­мыз. Атауына келетін болсақ, бұрын­ғы тәжірибе бойынша жұрттар өзінің танымал әндерімен, ақындар өлеңдерінің, жыр жинақтарының атымен атап жатады. Менікі де сол сияқты, бірақ , аса қатты таныла қоймаған әннің атауын қойып отырмыз. Ата-анаға арналған ән. Жастары жетпіске келген ата-анам, еңбек ардагерлері кешке Семейден арнайы келеді, қатысады. Дегенмен, бұл атауды екінші жағынан алып қарағанда, әз Наурыз мерекесіне арналған жалпы қазақ деген елдің перзентінің тілегі, мерекелік тартуы деген мағынада қабылдаса болады. Менің ойым осыған саяды. Өйткені, дәстүріміз бойынша бұл күні адамдар біріне бірі тілек айтысады, көріседі, ренжіскендер татуласады. Осы кеш арқылы мен де өз ақжарма тілегімді туған халқыма жеткізсем бе деймін.

– Әдетте, есеп беру кештері «өнер­де жүргеніме мұнша жыл, мерейлі жасқа келдім» деп ұйым­дас­ты­рылып жатады. Сіздікі ше? Деваль­ва­цияның дүбірі басылмай тұрған елімізде кеш өткізуге не түрткі болды? Қолдаушыларыңыз кім?

– Біріншіден, бұл ешқандай мерейтойға арналып жатқан жоқ. Қырыққа әлі тола қойған жоқпын. Жасым 39-да. Жоғарыда айтып өткендей, алдын-ала белгіленген жоспарға сай қаламыздың әкімі, ұлттық өнеріміздің жанашыры Иманғали Тасмағамбетов мырзаның бас болуымен, қалалық мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов мырзаның қолдауымен өтіп жатыр. Екіншіден, девальвация туралы айтып қалдыңыз. Елде әртүрлі экономикалық мәселелер болып жатады. Бірақ, сұраныс барда рухани өміріміз жалғаса береді. Тіпті 90-жылдардағы қиын кезеңдерде де концерттер болып жатты. Жазушылар кітабын жазып, ақындар өлеңдерін толғап жатты. Онсыз болмайды. Мемлекет тек қана экономикамен, саясатпен ғана өмір сүрмейді. Ел үшін руханият та үлкен рөл атқарады. Ақша жоқ, жағдай жоқ деп концерттер, кештер тоқтап қалатын болса, халықтың рухани дамуына қауіп төнеді. Мәселе осыда.

– Бұл кеш ақын Серікзаттың ба, айтыскердің бе, әлде ғалым Серікзаттың кеші бола ма?

– Бұл барлығының да кеші деп есептеңіздер. Бірақ, біріншіден, менің ақындық қырым көрсетіледі. Сол кештің қарсаңында «Қарашы­ғым­да көшкен бұлт» деген атпен поэзиялық жинақ кітабым жарыққа шыққалы жатыр. Бұған дейін менің өлеңдерім жеке жинақ болып шықпаған еді. Сол кітаптың да кеште тұсауы кесіледі. Сол сияқты сөзін жазған әндерімнің «Мөлдіреген жанарың» атты аудиожинағы құрастырылды. Ол да осы кешке орайластырып шығарылды.

– Қазір орта буын ақындардың арасында шығармашылық кеш өткізудің бір жаңаша түрі белең алып келеді. Сіздің кеште нендей ерекшелік, қандай креативтілік болуы мүмкін?

– Менің кешімдегі ерекшелік: айтыс өнері мен жазба поэзия қатар сахна төрінде салтанат құрады. Мысалы, қазіргі өтіп жатқан көптеген кештерде жазба ақындар тек жазба өлеңдер оқыса, айтыс ақындары айтыскерлік жағын көрсетіп жүр. Бізде екеуі де бар. Екіншіден, менің ұстаздық қырым көрінеді. Өйткені, университеттегі мен жетекшілік ететін «Топжарған» жас айтыскерлер клубындағы студент ақын-шәкірттерім өнер көрсетеді. Одан кейін, күнделікті сабақ беретін, дәріс оқитын студенттерім де өзіммен бірге шығып өлеңдерімді оқиды. Қысқасы, өлең де оқылады, айтыс та жасаймыз, әзіл де болады, ән де шырқалады.

– Шығармашылық кешке кімдер­ді қонаққа шақырып отырсыз?

– Сыйласатын, сырласатын ақын-жазушы, ғалым ағаларым, замандас­тарым әр қаладан қолдауға келеді. Менің қолдаушыларым, қанат­тас­та­рым, қатарластарым – бәрі-бәрі жан-жақтан шақырылып отыр. Семейден, Өскеменнен, Оралдан, Қызылордадан, Шымкенттен, Көкшетау, Қарағандыдан қонақтар келеді деп күтіп отырмыз. Алматыдан денсаулығы көтерсе жасы тоқ­сан­ға таяған ұстазым Тұрсынбек Кәкішев ағамыз бастаған есімі елге белгілі қалам­гер­лер келуі керек. Өзім қыз­мет істейтін Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мырза бастаған ұжым да менің қолдаушыларым. Ал Аста­на­дағы қаламдас барлық ағала­рым, зиялы қауым қатысады деген ойдамын.

– Жақында туған ауылыңыздағы мектепте сіздің атыңызбен сынып ашылғандығы жөнінен хабарымыз бар. Ол жақты да қуантып қайтуға ниеттеніп жүрген боларсыз?

– Бұл жерде бір мәселенің басын ашып алайық. Сонау алыстағы ауылда жатқан мектептің бір сыныбына менің атымды бергенмен атағым шығып кетпейді. Бұл Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Туған жерге тағзым» акциясы негізінде жасалып жатқан дүние. Акцияның негізгі мақсаты, сол жерде туған қалталы азаматтарды, танымал адамдарды тартып, өскен еліне көмек көрсетуге ынталандыру. Кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетіп, әр түрлі нысандар салуға демеушілік жасап жатса, әншілер концерттерін қойып, жазушылар мен ғалымдар рухани дүниелерін насихаттап қайтады. Бас­тысы елдің рухын көтеру, халықтың жағдайын жақсартуға септігін тигізу. Облыста маған дейін де бірнеше сыныптар ашылған болатын. Ақсуатта Айнұр Тұрсынбаева, Майра Ілиясова, Үржарда Кәп Құмарұлының атымен, одан бөлек спортшылардың атымен сыныптар, мектептер аталған еді. Біз сияқты ақындарды, университетте жұмыс істейтін ғалымдарды тартып мектеппен байланыс жасату арқылы, сол мектепті әрі қарай дамыту, кітап және басқа да көрнекілік құралдармен қамтамасыз ету, тіл-әдебиет саласы бойынша оқушыларға кеңес беру, балаларды жоғарғы оқу орындарына түсуіне, ғылыми жобаларға қатысуға дайындау сияқты біраз міндеттер жүктейді. Ол бізге атақ-абырой емес, керісінше жауапты жүк артады. Әйтпесе, біз елге ұзаса екі-үш жылда бір рет барып кетіп қаламыз ғой. Бұл Елбасымыздың тапсырмасы бойынша облыс басшылығының елді дамытуға жүргізіп жатқан көңілге қонарлық жұмысы деп есептеймін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Данияр ҚАЙЫРТАЕВ

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button