Жаңалықтар

Апаттың алдын алуды тапсырды



Кеше Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және көпшілікпен жұмыс жасау жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет жайы пысықталды.

Алдымен Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мейрам Искаков пен Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, апаттардың және дүлей апаттардың алдын алуын және жоюын ұйымдастыру жөніндегі басқарма бастығы Тимур Әбіжанов баяндама жасап, құтқару қызметтерінің табиғи және техникалық апаттарға қарсы 2012-2013 жылдар аралығында атқарған жұмыстары нәтижесін мәлім етті. Комиссия мүшелерінің назарына көгілдір экраннан үнемі өткізіліп тұратын оқу-жаттығу сабақтары барысын ұсынды.

Баяндама оқылып болғаннан кейін, 2010 жылдың 17 ақпанында Ы.Дүкенұлы көшесінде орналасқан «Астана қаласының коммуналдық меншік қоры» МКК-нің қорғаныс құрылысындағы өрт туралы бейнебаян көрсетілді. Бомбапана ішінде болған аса күрделі санаттағы «тілсіз жауды» ауыздықтауға қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің 35 қызметкері қатысқан. Сол кезде ТЖД бастығының орынбасары Валерий Зайцев, №6 өрт сөндіру қызметінің бөлім бастығы Руслан Кәкішев және ӨСБ-3 бастығының орынбасары Саят Әбеев қаза тапқан еді… Экран арқылы өткен шақты еске түсірген ТЖД қызметкерлері терең бір күрсініп алды. Мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов оларға өз жұмысына тиянақты болып, қоғамдық орындарға мұқият жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Оның айтуынша, елордамыздағы екі қабатты ескі баспаналар мен жер үйлерде пеш және көгілдір отынды тұтыну барысында орын алатын апаттардың алдын алу шарт. Ол үшін арнайы мамандар барлығын жіті қадағалап, жиі тексеріп тұрмаса болмайды. Тіпті, кейбір көпқабатты үйлердің де жеделсатылары мен кіреберістегі есік магниттері істемей қалып жатады. Сайып келгенде, бұның барлығы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі істің баяулығын айғақтайды. Сондай-ақ, халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне орай бой көтеретін жаңа шағынауданның қауіпсіздігіне де баса мән беру керектігі айтылды. Кездесу соңында төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтарды қауіптен құтқару қызметіне жауапты өкілдер орынды ескертуден оң қорытынды шығаруға уәде беріп тарқасты.

Е.БЕЙСЕНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button