Басты ақпаратҚала мен Сала

«Ақылды қаланың» айшықты жобасы

Әлемде өз халқына барынша жағдай жасап, тұрмыс-тіршілігін жеңілдеткен «ақылды қалалар» көп. Мәселен, Барселона көліктердің кейбір аудандарында жүруін шектеп, қала қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, Таллин денсаулық сақтау саласындағы ыңғайлы цифрлы бағдарламасымен ерекшеленеді. Дубай жүргізушісіз әуе көліктерімен танылса, Сингапур қоқысты дұрыс сұрыптау мәселесін түбегейлі шешу арқылы әлемге үлгі бола білді. «Жақсыдан үйрен» демекші, бүгінде елордамыз смарт қалалардың қатарынан көріну үшін жаһандық тәжірибелерден қалыспай келеді. Жаңа технологиялардың дендеп енуімен цифрлы даму жолына түсіп, өзгелерге де үлгі болуды мақсат етеді. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, сапалы өмір сүруін көздейтін жобалардың қатарында «Smart Astana» мобильді қосымшасы бар.

Бүкіл қала – сенің смартфоныңда

Қай-қайсымыздың қолымыз­дан түспейтін смартфондар арқылы «ақылды қала» тұрғындарының өмірін жеңілдетуді көздейтін мобильді қосымшаны «Astana Innovations» АҚ жүзеге асырған. Әлденеше модуль қатар жинақталған қосымша Play Market және AppStore дүкендерінде тегін жүктеледі. Мобильді қосымша онлайн режимде бір мезетте бірнеше операцияны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ұялы қосымша қала тұрғындары мен жергілікті басқару органдары арасындағы «алтын көпір» іспетті. Қосымшаның әрбір бөлімінде қалалық әкімдіктің көлік пен тасымалдау, білім беру, денсаулық сақтау, туризм, коммерциялық қызметтер, ойын-сауық секілді барлығы 60-тан астам мемлекеттік қызмет қолжетімді болып отыр. Ал қосымшаны жүктеп алушылар саны 300 мың адамнан асты. Бір айдағы белсенді қолданушылар саны 8-10 мың адамды құрайды. Осылайша көпшілік «Smart Astana» мобильді қосымшасының көмегімен Астана қаласының маңызды сервистеріне қол жеткізе алады. Сондай-ақ жобаның басты мақсаты – ақпараттық қолжетімділік пен әртүрлі қалалық сервисті ыңғайлы етіп ұсыну. Бұл ретте заманауи жаңашылдықтар енгізіліп, қосымшаның интерфейсі үнемі жаңартылып отырады. Ол туралы «Smart Astana» жобасының жетекшісі Айдын Еспек айтып берді.

«Мобильді қосымша іске қосылғалы бері ең алғашқы сервистердің қатарында push-­хабарламалар болған. Қолайсыз ауа райы, аязды боран салдарынан мектептегі сабақтардың болмауы, жолдардың жабылуы секілді хабарлар осында көрсетіледі. Бұл хабарламалардың көптеп таратылуымен қолданушылар саны да көбейді. Мысалы, мұнда қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты үздіксіз жарияланады. Сондай-ақ қосымшада қалалық автобустардың қозғалысын да бақылауға болады. Қоғамдық көліктер туралы ақпарат қалалық көлікті тиімді пайдаланып, экология жағдайына үлес қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосымшаны пайдаланушылар ауаның лас­тану деңгейін де бақылай алады» деді спикер.

Халықаралық және ішкі әуе рейстерінің ұшу және ұшып келу уақытын, сондай-ақ, теміржол вокзалы мен автобекет кестесін көруге мүмкіндік қарастырылған. Қала қонақтары үшін демалыс орындары, саябақтар және сауда орталықтарының тізімі ұсынылған. Қала тұрғындары «Smart Astana» қосымшасынан оқу, спорт мекемелері және өзге де ғимараттар жөнінде анықтамалық ақпарат ала алады. Мобильді қосымшаның басты артықшылығы – қажетті ақпаратты оңай табу және қала тұрғындарының қалалық қыз­меттерді кеңінен пайдалана алуы.

Қала қауіпсіздігіне жауапты

– «Smart Astana» мобильді қосымшасында 2023 жылдан бастап Ішкі істер министрлігімен бірлесе дайындалған «қауіпсіздік» сервисінің жаңа санаты іске қосылғанын атап өткім келеді. Солардың қатарындағы «Stop жемқорлық» функциясы арқылы қала тұрғындары жемқорлық фактілерін азайтуға үлес қоса алады. Мұндағы «жемқорлық бойынша шағымдану» бөлімінде жемқорлық фактісі бойынша кімнің не талап еткенін, оқиғаның қай ауданда және қалай болғанын нақтылап жазып, шағым жіберуге болады. «Жемқорлық бойынша арыздану» тетігін басу арқылы көрсетілген арыз үлгісі толтырылып жіберіледі. «Сall-орталық 1424» функциясы арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің call-орталығына қоңырау шалуға болады. Мобильді қосымшаның осы санаттан келіп түскен деректері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне жіберіледі, – деді спикер.

Мобильді қосымшаның қызметтері қатарында есірткі заттарының заңсыз жарнамасын (есірткі граффити) жедел жоюға бағытталған функцияның бары қуантады. Елордалық полицейлер синтетикалық есірткіні заңсыз сатумен күресу үшін пәрменді шаралар қабылдауда. Осы мақсатта бұл санат қалалық Полиция департаментімен бірлесе ұсынылды. Бұл жайлы Астана қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция ма­йоры Аделия Әлжан мәлімдеді.

«Тұрғын үйлердің, гараждардың, әкімшілік ғимараттардың қабырғаларында есірткінің таралуын насихаттайтын сайттардың жарнамалары бар трафареттер мен граффитилерді жою мақсатында жаңа технологиялар тиімділігін көрсетіп отыр. «Smart Astana» мобильді қосымшасы қолданушыға есірткі граффитиді суретке түсіріп жіберуге мүмкіндік береді. Бұл ретте бағдарламаның өзі оның орналасқан жерін танып, барлық деректі Астана қаласы Полиция департаментінің арнайы арнасына жіберіп, полицейлер тез арада шара қолданады. Әрбір өтініштің орындалу жағдайы арнайы есепке алу бағдарламасында көрсетіледі. Ақпараттық қызмет биыл ғана іске қосылып, бірінші күннің өзінде-ақ, «Алпамыс» тұрғын үй кешенінің тұрғынынан үйдің қабырғасында күдікті жазу бары айтылған хабарлама келіп түсті. Аталған жайт бойынша учаскелік полиция инспекторы шара қолданды» деді А.Әлжан.

«Қауіпсіздік» санатындағы «велосипедті тіркеу» қызметі ұрлық сынды жағымсыз жағдайлардың алдын алуға бағытталады. Ол үшін тұрғындар меншігін техникалық құжат бойынша тіркеуі керек. Сондай-ақ велосипедпен жүруге өтініш беру мүмкіндігі де осы қауіпсіздік сервисінде қамтылған.

– Жыл сайын велосипедтер саны артып келеді. Өкінішке қарай, онымен бірге оларды ұрлау да жиілей түсті. Елордада күн сайын кемі 5, әрі кетсе 10 велосипед ұрланады. Халықты велосипедтерін қорғаныс механизмдерімен жабдықтау және арнайы орындарда сақтау қажеттілігі туралы үнемі хабардар етуге қарамастан, велосипед ұрлау саны өткен жылғы ағымдағы кезеңмен салыстырғанда екі есеге өсті. Салдарынан тұрғындарға шамамен 3 млн теңге шығын келген. Ұрланған велосипедтердің орташа құны – 70 мың теңге. Велосипед ұрлығын азайту үшін «Smart Astana» платформасында тұрғындар қос дөңгелекті құралдың суреті мен ерекшелігін, иесінің жеке дерегін енгізсе болғаны. Бұл бағдарлама учаскелік полицейлердің жұмысын жеңілдетеді, – деді полиция майоры.

Елордалықтардың, әсіресе жастар көп жиналатын ойын-­сауық орындарында қоғамдық қауіпсіздік туралы ақпаратты «ойын-сауық мекемелерінен» білуге болады. Яғни мұнда мейрамхана, дәмхана, басқа да ойын-сауық орындарының рейтингі ұсынылып, қолданушылар қауіпсіз мекемені таңдай алады.

«Мысалы, рейтинг жасау кезінде өрт сөндіру құралдарының, бейнебақылау және мамандандырылған күзет қызметінің, дабыл түймелерінің болуы, сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің аумағында жасалған қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны ескеріледі. Азаматтардың «102» арнасына құқықтық тәртіпті бұзғаны үшін шағымданған өтініштер саны да назарға алынады. Айта кету керек, рейтинг тек ұсыныс сипатында, ал мақсаты – елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деді өз сөзінде жоба жетекшісі А.Еспек.

Тұрғындар қажеттілігін ескереді

«Ақылды қаланың» көздейтіні – адам және оның қажеттілігі. Күнделікті тұрмыстың барлық сұранысын қамтитын қосымша денсаулық сақтау мәселесін де назардан тыс қалдырмаған. Оған жауапты «денсаулық сақтау» санаты елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Damumed» компаниясымен бірлесіп, қалалық мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдануына жазылу, медициналық анықтамаларды тексеру, «i-teka» жүйесі арқылы дәрілерді іздеу, өзіңізге жақын орналасқан медициналық ұйымдар тізімін көріп, тіпті QR-кодты сканерлеп, емхана және медицина қызметкеріне қатысты ұсыныс-пікірлерді де қалдыруға болады.

Елорданың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты тетіктер мобильді қосымшада қамтылып, мұнда су көрсеткішін беруге, сондай-ақ көмірді онлайн-ақ сатып алу мүмкіндігі бар.

Ауа райы күрт суытқан сайын көмірге деген сұраныстың да артатыны белгілі. Тұрғындар үшін қатты отынның сапасымен қатар бағасы да маңызды. Енді елордалықтар қай нүктеде қандай көмірдің барын, оның бағасының қандай екенін үйінен шықпай-ақ, мобильді қосымшаның «көмір» санаты арқылы біле алады. Мұнда көмірдің бар-жоғы, сату орталығының мекенжайы, бағасы мен сапасы туралы ашық ақпарат ұсынылған. Мобильді қосымшада 13 сауда нүктесі мен көмірдің 5 түрі көрсетілген. Сатып алушыға ыңғайлы болу үшін қосымшада қызмет көрсетушінің байланыс телефоны жазылған. Егер сату орнында көмір болмаса немесе оның бағасы тым қымбат болса және қызмет көрсету сапасы көңілден шықпаған жағдайда, «Smart Astana» мобильді қосымшасында пікір қалдыруға немесе шағым жазуға болады. Бүгінгі таңда көмірдің орташа бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталып тұр. Мәселен, Шұбаркөл көмірінің тоннасы –15100 теңге, Қаражыра – 15100 теңге және Майкөбе 13800 теңгеден саудалануда.

«Белсенді тұрғын» санатында елорданың күнделікті жаңалықтары, жастарға арналған аула клубтары, велосипед, жүгіру жолдары, көшедегі жаттығу құрылғылары бойынша анықтамалық ақпарат алуға болады. Барлық қызмет пайдалануға ыңғайлы болуы үшін бірыңғай интерфейске бірікті. Қалалықтардың жұмыссыздық деңгейін азайтуды көздеген мобильді қосымшада елордадағы бос жұмыс орындарын табуға болады. Бағдарлама enbek.kz электронды порталымен байланыста жұмыс істейді. Өзекті деген бос жұмыс орындары мұнда да күнделікті жаңартылып тұрады. Қызығы қосымшаға күнделікті кіріп, цифрлық белсенділік танытқан тұрғындар ұпай жинап, оларды «Smart Astana» ұсынған арнайы сыйлықтарға алмастыра алады.

Цифрландыру қай салаға болсын серпін беретіні сөзсіз. Ел астанасын заманға лайық қарқынмен дамытуда айтылған «Smart Astana» мобильді қосымшасы өз тиімділігін көрсетіп, тұрғындардың сұранысы көп бірегей жобаға айналып келеді. Ал ақпараттық технологияның басты көздегені – елордалықтардың сұранысын қамтып, тұрмысын жеңілдету.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button