Басты ақпаратРуханият

Тіл – тұтастық тірегі

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бас қаладағы көптеген игі істерге ұйытқы болып келеді. Әсіресе, ана тіліміздің қолданыс өрісін кеңейтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде жыл сайын бір қыдыру жұмыстар атқарады. Мәселен, 2023 жылы қазақ тілі курсында 1500 тыңдаушыны оқыту жоспарланған. Қазіргі уақытта 819 тыңдаушы курсты аяқтап, қалған 681 тыңдаушыға сабақ өтуде. Қатысушылардың 40 пайызға жуығы – өзге этнос өкілдері. Сондай-ақ аталған басқарманың ұйтқы болуымен тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тілдік барьерді жою мақсатында кәсіпкерлер интенсив қазақ тілі курстары жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Тіл туралы заңнамалардың атқарылуын қадағалайды

Астана қаласында Тіл туралы заңнама талаптарының орындалуына қатысты мәселелер бойынша «I-komek» жедел әрекет ету орталығы арқылы тіл туралы заңнама талаптарын бұзуға қатысты басқармаға 160, «е-өтініш» платформасы арқылы 343 шағым түсіп, барлық бұзушылықтар бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. 2023 жылы жарнама агенттіктері мен қала кәсіпкерлерінен, мекемелерден 2268 эскиз жобасы ұсынылып, 1243-іне (54,8%) тиісті түзетулер енгізілді.

Ұлттық құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында да биыл көрнекті өнімділікке қол жеткізілді.

«Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері О.Асанғазы 42 мекемеде 402 адаммен және «Қарашаңырақ» ҚБ жетекшісі Тұрар Саттарқызы мемлекет және қоғам қайраткерін тарта отырып, 28 балабақшада 753 ата-анамен, 3 ЖОО-нан 334, 2 ОАО-нан 118 студентпен, 5 мектептен 1005 оқушымен кездесіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Абай шығармаларын насихаттау мақсатында әдеби-сазды кеш, Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды тұлғалардың мерейтойларына орай «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» атты әдеби-танымдық кеш, жас ақындар арасында «Маржан жырдың – Мағжаны» республикалық жыр мүшәйрасы, «Алаштың жарық жұлдызы» атты әдеби-танымдық кеш, «Қалам мен ғалам» атты поэтикалық дуэль, Көркемсөз оқу шеберлері байқауы өтті.

Жазушы, драматург, киносценарист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әкім Үртайұлы Әшімовтың 90 жасқа толған мерейтойына арналған «Толғауы тоқсан Тарази» тақырыбында шығармашылық кеш, ақын Ж.Әбдіраштың 75 жылдығына арналған «Мен келдім бүгін сендерге, Өлеңімді алып бұлқынған» атты қалалық мектеп оқушыларының арасындағы мәнерлеп оқудан сайыс өткізді. Бұл шаралар қабырғалы қаламгерлердің еңбегін жас ұрпақ санасына сіңіру және оларlың шығармаларын жастар арасында насихаттау ісіне тың серпін берді.

Наурыз мейрамы қарсаңында көшелер, саябақтар мен сауда орталықтарында 14-24 наурыз аралығында «Жүздің бірі – шешен» интеллектуалды сайысы, жас ақындар арасында «Наурыз айтыс» ұйымдастырылып, «Ырыс алды – ынтымақ», «Қазақстан – ортақ үйіміз», «Тілге құрмет – елге құрмет» тақырыптарында ашық сабақтар өткізілді. Ашық сабақтарда қазақ тілі курсының қатысушылары өлеңдер оқып, көктем, достық туралы әндер шырқап, «Сырға салу, қыз ұзату» сияқты әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлермен, Наурыз көженің жасалу жолымен танысты, бата-тілектер айтылды.

Бабалардан қалған ұлағатты, ғибрат аларлық сөздерді ұрпаққа жеткізу, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбие­леу, ұлттық дүниетаным негіздерін қалыптастыру мақсатында «Атаның сөзі – тәрбие көзі» тақырыбында 500-ден астам автобусқа қанатты сөз жазылған жалпы саны 1500 постер орналастырылды. Бұған дейін де қала көшелері мен даңғылдарындағы 300 баннер мен билбордқа танымал тұлғалардың нақыл сөздері ілу жоспарланып отыр

5 қыркүйек күні Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлына тағзым етіп, Алаш қайраткерлері ескерткішіне гүл қоюдан бастау алған Қазақстан халқы тілдерінің XXV қалалық фестивалі аясында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдас­тыруымен бірқатар шаралар және қаладағы барлық білім мекемелерінде ертеңгіліктер, апталықтар ұйымдастырылып, сынып сағаттары, байқаулар,  семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдегі отырыстар өтті. Мекемелерде А.Байтұрсынұлының еңбектерімен танысу мақсатында дөңгелек үстелдегі отырыстар, кездесулер өтіп, «Ұлт ұстазы» фильмін көрсету арқылы А.Байтұрсынұлы туралы мағлұматтар берілді. Сондай-ақ аталған басқарманың ұйымдас­тыруымен «Өлең – сөздің патшасы» поэзия кеші, «Атаның сөзі – тәрбие көзі», «Ұлыларды – ұлықтау», «Ана тілің – арың бұл!», «Qazaqwa Quiz» интеллектуалды сайысы өтті.

Бабалардан қалған ұлағатты, ғибрат аларлық сөздерді ұрпаққа жеткізу, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелеу, ұлттық дүниетаным негіздерін қалыптастыру мақсатында «Атаның сөзі – тәрбие көзі» тақырыбында 500-ден астам автобусқа қанатты сөз жазылған жалпы саны 1500 постер орналастырылды. Бұған дейін де қала көшелері мен даңғылдарындағы 300 баннер мен билбордқа танымал тұлғалардың нақыл сөздері ілу жоспарланып отыр.

Ұлыларды ұлықтау мақсатында қала көшелері мен даңғылдарына есімі берілген тұлғалар туралы аудиоматериал ретінде әзірленді. Әзірге елу бес ірі тұлға жайлы аудиоматериал жазылды, ол жолаушылар қоғамдық көліктерде ұдайы ұсынылуда.

26 қыркүйек күні мемлекеттік және құрылымдық мекеме қызметшілерінің арасында «Qazaqwa Quiz» интеллектуалды сайысы өтті. Сайыстың мақсаты – қазақ тілін, тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғылымын, өнерін, әдеби мұраларын насихаттау, ұжыммен жұмыс жасау дағдыларын арттыру. Аталған сайысқа қатысуға 17 мекеме  қатысты. Нәтижесінде І орынды құрама топ «Алаш үміті», ІІ орынды «Ә.Мәмбетов мектебі» тобы, ІІІ орынды «Астана қалалық жарық» ЖШС «Елім-ай» тобы жеңіп алды.

Ер есімін ұлықтап…

Биыл елордамызда 13 құрамдас бөлікке, соның ішінде 9 жобалық көшеге, 1 алаңға, жаңадан ашылған бір ауданға атау беріліп, 2 көше қайта аталды. Атап айтқанда, қала көшелеріне Бейбарыс сұлтанның, Әскен Нәбиевтің, Бердібек Соқпақбаевтың, Шапық Шөкиннің т.б. есімдері берілді.

Сонымен қатар, қалалық ономастика комиссиясының қарауына келіп түскен ұсыныс­тар Астана қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауларында, Астана қаласының Қоғамдық кеңесі, қалалық ономастика комиссиясы отырыстарында, мәслихат сессиясында қаралып, оң шешімін тапқан Астана қаласының 23 құрамдас бөлігіне атау беру және қайта атау туралы, 11 білім беру мекемесіне атау беру туралы ұсыныс Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданған. Соның ішінде елорда көшелеріне Мұзафар Әлімбаев, Оралхан Бөкей, Нұрлан Балғымбаев сынды тұлғалардың есімдері мен жер-су атаулары, халық­аралық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында Мажар ақыны – Шандор Петөфидің есімін, Түркия Республикасының құрылуының 100 жылдығына орай Анадолы атауын беру жоспарланып, өз шешімін тапты. Білім мекемелеріне Қазақстанның Халық қаһарманы – Қасым Қайсенов, Алаш қайраткері, ғалым-математик – Әлімхан Ермеков, Қазақстанның халық жазушысы – Шерхан Мұртаза, Берлиндегі  Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы Рақымжан ­Қошқарбаев және т.б. тұлғалардың есімдері беру де жоспарланып отыр.

Сондай-ақ қалалық ономас­тика комиссиясының отырысында «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілетін ұсыныстар пысықталып, 15 ұсыныс аталған тізімге енгізу үшін Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.

Мемлекеттік рәміздерге – құрмет

Рәміздер күніне орай халықтың патриоттық сезімін нығайту, рәміздерге деген құрметін арттыру мақсатында қалалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, әртүрлі мекемелерде 600-ге жуық имидждік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шаралар бағдарламасына ақпараттық сағаттар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, дәрістер, семинарлар, кітап көрмелері, мерекелік концерт, түрлі танымдық сайыстар, сурет пен шығарма байқаулары, жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы, авто-мото шеру, патриоттық акциялар, веложарыс, бәйге, челлендж және т.б. енгізілді.

4 маусымда «Әр үйдегі ту» акциясы аясында қаладағы ірі құрамдас бөліктердің бойындағы тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарына 500-ге жуық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орналастырылса, Ұлттық ұланның ұйымдастыруымен «Хан-Шатыр» СОСО-нан бастап «Бәйтерек» монументіне дейін шеру өтті. Сонымен қатар 500 жалауша мен 200-ге жуық шар тегін таратылып, флешмоб ұйымдастырылды. 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жыл сайынғы авто-мотошеру өткізіліп, шеруге Қазақстанның мемлекеттік Туы бар 60-қа жуық автокөлік пен 20 шақты мотоцикл қатысты.

5 маусым күні Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік Туын салтанатты көтеру және әскери оқу орындары түлектеріне офицерлік шен тапсыру рәсімі 500-дей адамның қатысуымен «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені алаңында өтті. БАҚ пен әлеуметтік желілерде 400-ден астам материал таралды, сондай-ақ «Orda FM» және «Astana FM» радиоарналарында аудиоролик жарияланды. Сондай-ақ «Астана қаласы әкімінің жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияны құру туралы» Астана қаласы әкімінің 2023 жылғы 6 наурыздағы № 511-6 шешіміне сәйкес мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия құрылды.

Үгіт-насихат та қаперден қағыс қалмайды

«Тіл – тұтастық тірегі» атты қалалық акция аясында, «Сауда-саттықа қажетті сөздер жиынтығы» қалта кітапшасы және «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндіретін 500 жадынама сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендеріндегі кәсіпкерлік нысан иелеріне таратылды.

Елордамыздағы сыртқы және ішкі көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін тиісті жұмыстарды, іс-шараларды атқару мақсатында ауқымды жобалар да қолға алынып жатыр. Соның ішінде «Қазақ тілі» қоғамымен бірге «Көрнекі» жобасы басталған болатын. Осы жоба аясында орын алған заң бұзушылықтарды қоғам өкілдерімен біріге отырып заңдастыру жоспарланған. Сонымен қатар астанада бекітілген дизайн-кодқа сәйкес сыртқы жарнама мен маңдайшаларды ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тіл туралы заңнаманың талаптары 840 кәсіпкерлік субъектісіне түсіндірілді, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы 21-бабының талаптарын сақтамауға қатысты 420 бұзушылық жойылды.

Архив саласында атқарылған жұмыстар аз емес

Астана қаласының Мемлекеттік архиві елорданың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінің маңызды аспектілерін сипаттайтын тарихи оқиғаларды, қоғам мен қаланың, халық шаруашылығының даму кезеңдерін, республикамыздың саяси және мемлекет қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет, өнер өкілдерінің өмірі жайлы құжаттарын сақтайды.

Қазіргі уақытта Архивтің сақтауында 742 қор 404 458-ден астам архив бар, оның ішінде: тарихи қорлар (революцияға дейінгі), басқармалық, құжаттамасы, жеке құрам, жеке тектік құжаттары (жеке қорлар), фотоқұжаттар бар. Құжаттардың хронологиялық шегі – 1912-2018 жылдар аралығын қамтиды.

Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Архив 2025» кешендік жоспары және «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бойынша архивтік құжаттарды қамтамасыз ету мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған «Цифрланған құжаттардың үлесі» көрсеткіші бойынша архив 2023 жылдың 9 айында 3 664 архив құжаты, 521 073 парақ (құжаттардың электрондық көшірмесі дайындалды) цифрлық форматқа өткізілді.

Биыл желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Астана қаласының Мемлекеттік архиві бірлескен «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Астана қаласына 25 жыл толуына орай республикалық форум өткізу жоспарланып отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button