Басты ақпаратЕл тынысы

Кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр» деді Мемлекет басшысы.

Президент бүкіл еліміз бойын­ша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланғанын және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.

«Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жария­ланады. Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыз­дағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатыс­ты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіп­орынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет.

«Ең алдымен, құтқару жұмыс­тары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын» деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты.

Жедел штабтың отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» ак­ционерлік қоғамына қарасты Кос­тенко атындағы шахтада болған апат салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.

Ең алдымен, құтқару жұмыс­тарының барысы және қазіргі ахуал туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов баяндады.

«Апат кезінде шахтада 252 адам болған. 206 қызметкер өз бетінше көтерілді. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстарына 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылды. Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады» деді Сырым Шәріпханов.

Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрінің баяндамасын тыңдап болғаннан кейін іздестіру-құтқару жұмыстарын барлық қажетті күшті тарта отырып, күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырды.

«Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын. Жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайды. Бұл – өте шетін әрі мүлдем жол беруге болмайтын мәселе. Біз күн-түн демей, соңына дейін күресуіміз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккен азаматтарға көрсетіліп жатқан медициналық көмек туралы мәлімет берді.

«Медициналық көмек жедел әрі толық көрсетіліп жатыр. Әртүрлі деңгейде газдан уланғандар токсикология бөлімшесінде ем алуда. Медициналық көмек көрсетуге барлық дәрігер жұмылдырылды» деді Ажар Ғиният.

Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.

«Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс» деді Светлана Жақыпова.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынға тиесілі меншік құқығын Қазақстан Рес­публикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені ресімдеу процесі аяқталуға жақын екенін баяндады.

Үкіметтік комиссия мүшеле­рінің баяндамаларын тыңдаған Президент апатты жою және кеншілерді құтқару үшін барлық іс-шараларды қабылдауды, сондай-ақ қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.

«Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіп­орынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыз­дар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсыр­ма береді деп күтіп отыруға болмайды. Вадим Борисович Басинге кәсіпорынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын. Үкімет пен әкімдікке жан-жақты тиісті көмек көрсетуді, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі құрылымдармен бірлесіп, апат салдарын жою және кеншілерді құтқару үшін барлық іс-шараларды қабылдауды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі зардап шеккен адамдардың отбасыларымен жұмыс істеуі керек. Үкіметтік комиссияға азаматтардың қаза болуына әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеуді, барлық кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырамын» деді Мемлекет басшысы.

Көңіл айту жеделхатын жолдады

Қазақстан Президентінің атына Қарағанды облысындағы кен орнында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсуде. Сондай-ақ мемлекеттер басшылары телефон арқылы да көңіл айтып жатыр. Олар қаза тапқан кеншілердің отбасыларының қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген. Соның ішінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров телефон арқылы көңіл айтты және жеделхаттарын да жолдады.

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен жақындарына өздерінің көңіл айту жеделхаттарын Ресей Президенті Владимир Путин, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев және басқалар жолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркия Президенті Режеп ­Тайип Ердоған қоңырау шалып, Қарағанды облысындағы көмір шахтасында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Мемлекет басшысына және барша қазақ халқына қайғырып көңіл айтты. Әңгімелесу барысында екі ел басшылары 3 қараша күні Астана қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы X саммитінің күн тәртібін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды және барша түрік халқын Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, Қарағандыдағы кен орнында болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ көңіл айту жеделхаттарын Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ Вице-президенті, Президент Әкімшілігінің басшысы Мансур бен Заид Әл Нахаян, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, БҰҰ ­миграция жөніндегі халықаралық ұйымының бас директоры Эми Поуп және басқалар жолдады.

Костенко шахтасындағы жарылыстан 46 кенші қаза тапты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button