Мәдениет

АҚЫН ЖАЗҒАН ҚАРАМОЛА ЕРЕЖЕСІ

Ұлы Абай жазба әдебиетіміздің негізін қалағанын бәріміз білеміз. Ал, қағаз бетіне түсіп, қазақ даласына тараған тұңғыш заңның авторы ретінде оның есімін көрсетсек, көпшілігіміз таңданамыз. 

Ақиқаты сол, 1885 жылдың мамыр айында Семей өңірінің Қарамола деген жерінде, Шар өзенінің бойында төтенше съезд өтеді. Оған бес уезд елдің (Семей, Кереку, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан) болыс-билері қатысады. Шыңғыс болысының «Құрметті қазағы» атағы бар Абай да шақырылған. Ғалым Бейсенбай Байғалиев «Абай өмірбаяны архив деректерінде» атты кітабында аталған атаққа мынадай анықтама береді: «Құрметті қазақ» – ел ұғымындағы ауылдың сыйлы ақсақалы, кез келген беделді адамы емес, жергілікті әкімшілік тарапынан ұсынылып, Дала губернаторы бекітетін атақ-дәреже. Бұл дәреже өкімет алдында ерекше еңбегімен көзге түскен қазақтарға ғана берілген».

Съезде Семей генерал-губернаторы Цеклинский Абаймен көзбе-көз кездесіп, оңаша үйде ұзақ сұхбаттасады. «Жандарал оның адал сөзіне, тапқырлығына, өткір шешендігіне қайран қалады. Сұхбат соңында Абайға барша қазаққа қажетті жаңа заң ережесін жазып шығуды тапсырады және шенеуніктеріне Абайды съездің төбе биі етіп сайлауды міндеттейді. Ережені Абай үш күн, үш түн жазады. Оны жандарал бекітіп, съезге қатысқан бес дуанның би-болыстары қол қояды. Заңды күткен, тосып жүрген жұрт оның авторын төбесіне көтереді. Осымен, Абайдың даңқы алғаш рет тобықты асып, алты алашқа жайылған-тұғын» дейді абайтанушы ғалым Асан Омаров «Абай: ашылмай келген қырлары» атты еңбегінде.

Жуырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Абай» залында ұлы Абайдың аталмыш еңбегіне арналған басқосу өтті. Оны Астанада абайтану мәселесімен айналысып отырған ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы ұйымдастырды. Қарамола ережесі туралы деректі де осы кісі жаңғыртып отыр.

Оның айтуынша, бұл заң 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасында араб әрпімен басылып шығарылған. Мұқият түптеліп, шағын кітапша түрінде шыққан бір данасын қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов ғұмырының соңғы кезеңінде Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне тапсырған. Құжатпен бірге белгілі қаламгер Сапар Байжановқа хат жолдаған.

Бұл құқықтық құжатты Қазақстан Орталық архивінің қызметкерлері, жоғарыда аты аталған Бейсенбай Байғалиев пен Ж.Ахмадиев қазіргі қазақ әліпбиі мен әдеби тіліне икемдей көшіріп, 1992 жылғы «Абай» журналының №3 санында тұңғыш рет жариялайды.

«Заңтану – Абайдың құлай сүйсініп, көп зерттеген саласы. Қазақтың дағдылы заңдарын жақсы білетін Абай оны орыс өкіметі заңдарымен салыстыра отырып зерделеген. Бұл ретте Михаэлис (1881 жылы қала прокуроры қызметін уақытша атқарды), судья әрі этнограф Маковецкий, заңгер Гросс сияқты достары қол ұшын береді. Сөйтіп, Қарамола төтенше съезіне Абай заңгер дайындығымен келген» дейді Асан Омаров.

Жалпы, Қарамола ережесі уақыт талабына сәйкес жазылды. Абай өмір сүрген кезең отаршылдықтың қазақ арасына әбден меңдеп, кіріп алған тұсына дөп келді. Бұдан бұрын дала заңдарына сай, әдеп пен салт-дәстүрге сүйеніп тіршілік еткен ел абдырап қалды. Жаңа өкімет қазақты қалай басқару керектігін білмеді. Сонда ел ішіндегі мойыны озық тұлға Абай суырылып алға шықты. Қазақты орыс заңдарымен басқаруға болмайтынын ол өкіметке ұғындырды. Найза, қылыштың заманы өткенін, қазақ өзінің байырғы тұрмысына сай келетін заңмен өмір сүргенде ғана аман қалатынын ол жан жүрегімен сезінді. Осы идея тұрғысынан алып қарағанда Алашорда қайраткерлері Абайдың тікелей мұрагерлері болғанын көруге болады. Бұл – академик Ғарифолла Есімнің пікірі. «Заңды мойындаған адам тәртіпке жүгінеді. Тәртіптен мәдениет шығады. Одан өркениет туындайды» дейді ол ойын әрі қарай өрбітіп.

Саяси ғылымының докторы Әбдіжәлел Бәкір Абайдың аталған съезде төбе би болып сайлануының себептерін таратады. Оның айтуынша, оған біріншіден, данышпанымыздың әлеуметтік ортасы әсерін тигізген. «Әлеуметтік ортасыз адамның тұлға болып қалыптасуы мүмкін емес. Екіншіден, Абай әділеттілік пен тұрақтылыққа, адамгершілікке негізделген атамұраны ұстанды. Үшіншіден, Абай әлеуметтік, қоғамдық-саяси қатынастарды терең ұғынды» дейді ғалым.

Қарамола ережесінің мазмұнына келсек, Алмахан Мұхаметқалиқызының айтуынша, заң бастапқыда 100-ден аса баптап тұрған. Бұған Абаймен бірге аталмыш съезге қатысқан Мүсірәлі куәлік еткен. Билердің талқысынан өткеннен кейін 73 бап қабылданған. Өткен ғасырдың соңында «Абай» журналында да осы баптар тұтасымен басылған. Мұнда әртүрлі дау тудыратын мәселелерден бастап, шешім шығаратын билердің құқықтары, старшындар мен болыстардың міндеттері көрсетілген.

Барлық баптарды қарап шығып, Абайдың данышпандығына көз жеткіземіз. Әсіресе, заңда әйел құқығы жақсы қамтылған. Одан автордың әйелге, анаға, қыз балаға деген ерекше құрметін, адамгершілік көзқарасын бай­қаймыз. Бұған философ ғалым Омар Жәлелұлы мен Әбдіжәлел Бәкір назар аудартады.

Ері мен әйелінің ажырасқанын қазақ ежелден құптамаған. Қазірдің өзінде мұны көбіміз ерсі көреміз. Ал Қарамола ережесінде Абай бұған рұқсат береді. Және соның себептерін анықтап көрсетеді. Мәселен, 41-бап: «Күйеуі белсіз болса, қазақ рәсімі бойынша күйеуінен әйелді айыруға болады. Мұндай науқасы болмаса, күйеуінің ықтияры шешеді. Күйеу қыздан жиырма бес жас үлкен болса, яки бір мүшесі кем болса, немесе күйеу кедей болып, қалың мал бере алмаса, төзе алмастай ұры болса, тағы да жамандығы халыққа әшкере болып, өз басынан ықтияр кеткен болса, әйелі күйеуден тоғыз жас үлкен болса айырылысуға рұқсат» деген мағынада жазылған. Абай заңда әмеңгерлікті де міндетті деп санамай, 46-бапта «Күйеуі өлген жесір әйел сүйсе, күйеуінің бір туысқан бауырына яки ағайынына тиеді, егер де сүймесе ықтияры өзінде» деп көрсетеді.

Заңда қазақ өмірінде қазірге дейін маңызын жоймаған құдалық мәселесіне де үлкен орын берілген. Мысалы, баяғыда қазақта жігіттің қалыңдығы өлсе, оның сіңлісін әйелдікке алу салты кездескен. Ал, 45-бапта «Егер қалыңдығы өліп қалып, балдызы жездесіне бармаймын десе, алған қалың малын қыз әкесі күйеуіне қайтарып береді» деп көрсетілген. Сондай-ақ, 49-бапта «Құда түсіп, құйрық-бауыр жеген күннен кейін құдалық уағдасы бекітіледі» деп жазылған.

50-бапта «Егер күйеуі өлген әйел баласы жоқ болса да, бар болса да күйеуге тимей отырса, күйеуінен қалған барша малға ие болып, билеп тұрады. Егер де күйеуі өлген әйел күйеуге тиемін, шығамын десе, барлық күйеуінен қалған малынан баласы болса сегізден бірін, баласы болмаса алтыдан бірін алады» делінген. Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» атты әңгімесін бәріміз білеміз. Жесір қалған Қаракөздің күйеуге шықпай отыруы осыдан деген пайымды ұсынады Омар Жәлелұлы.

Асан Омаров Қарамола съезіне бес дуан елдің болыс-билері қара ниетпен келгенін айтады. «Олар ұры-қарысы мол «тентек ел» саналған тобықтыны тұқыртып алу қамында бас кісісі Абайды сүріндіретін кез келді десіп, реті келсе айдатпақшы болып бәтуа жасасады» дейді ол. Алмахан Мұхаметқалиқызы да бұл пікірді қостап, тобықты ішіндегі Абайға жау кісілердің де сондай мақсаты болғанын келтіреді. Анығы да сол шығар, себебі аталған съезден кейін Абайдың ақындық қуаты өрістей түседі. Жалпы, Абай 40 жастан кейін ғана өлең жаза бастаған деген әбден қалыптасқан көзқарас бар. Соның бірден-бір себебі – Қарамола съезі. Асан Омаров аталған жиынды ақынға қанат байлаған дара оқиғаға балайды.

Сол 1885 жылы Абай бірнеше өлең жазған. Мәселен, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты белгілі өлеңі дәл сол жылы дүниеге келген. «Бұл өлең –сол кездегі қазақтың рухани кел­бетіне қойылған ескерткіш. Атал­ған шығармадан Абайдың осы кезеңде үлкен тұлға дәрежесіне көтерілгенін байқаймыз. Әйтпесе, «қалың елім, қазағым» деп тұтас ұлтқа сөз арнамас еді» дейді Омар Жәлелұлы. 1886 жылы Абай 18 өлең жазса, «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» атты туындысы – осы жылдың жемісі.

Қарамола съезіне қатысып, заң жазған Абайдың сыншылдық көзқарасы қалыптасты. Алайда Омар Жәлелұлының пікірінше, Абай қазақты сынамаған. Кері­сінше, өзіне жақындатуға тырыс­қан. Оны «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп сездірген.

Әбдіжәлел Бәкірұлының да көкейге қонымды пікірін бере кетейік. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Абай» залының ашылғанына риза болған ол Қазақ­станның әр облыстық кітап­ханасында ұлы ақын атындағы зал болу керектігін айтты. Кітапхана бас директоры Үмітхан Мұңалбаева болса, жуырда Лондонда болып, сол қаладағы кітапханаларға Абайдың ағылшын тіліне аударылған кітаптарын тапсырғанын, Англия астанасында Абай орталығын ашу мәселесі талқыланып жатқанын, тағы бір абызымыз Әбіш Кекіл­байұлының кітапханасын Ұлттық академиялық кітапханаға тапсыру туралы жазушының жары Клара апаймен сөйлескенін, ол уақыттың еншісінде екенін жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button