Басты ақпаратСұхбат

М. АМАНГЕЛДИН: СУЫРЫПСАЛМАЛЫҚ ҚАБІЛЕТІМ СЕРИАЛДА КӨП КӨМЕКТЕСТІ

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын былтыр дүркіретіп тойладық. Соған орай «Қазақфильм» киностудиясы «Қазақ хандығы» атты телехикая түсіруді бастаған еді. Аталған туынды жақында көрерменге жол тартады. Сериалда Қасым ханның әлі таққа отырмаған сұлтан кезін астаналық актер Мейірғат Амангелдин сомдайды. Жас дарын кино әлеміндегі дебютін осындай жауапты рөлден бастапты. Қадамына сәттілік тілей отырып, жақында Мейірғатты әңгімеге тарттық.

slide-14
Фото: qazaqeli550.kz

– Елордадағы «Жастар театрының» актерісіз. Өнер жолына қалай бет бұрдыңыз?

– Өнерге алғашқы құлшынысым мектеп қабырғасында оянды. Кішкентайымнан «Әнші балапан» сынды сайыстарға қатысып жүрдім. Кейін сурет салуға көштім, сәулетші болуға ұмтылдым. Бір өнермен шектеліп қалғым келген жоқ. Алматы менің балалық арманымды орындады. Таныстарым Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында алты мамандықты игеріп шығуға болатын музыкалық театр актері бөлімі бар деді. Сынақтан сүрінбей өтіп, сол бөлімге 2010 жылы қабылдандым. Белгілі актер, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шеберханасында шыңдалдым. 2013 жылы Астанадағы «Жас­тар театрында» тәжірибеден өтуге 13 студент келдік. Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай жол көрсетіп, жөн сілтейтін ағамызға айналды. Оқу бітірген соң осында қалдық. Міне, үш жылға жетер-жетпес уақыт ішінде астаналық атандым.

– Ал кино әлеміне қалай келдіңіз?

– «Қазақ хандығы» киножобасының іріктеу кезеңі былтыр сәуір-мамыр айларында болды. Данияр және Елдос достарымызбен қызығушылық танытқанымыз рас, бірақ кастингке бармадық. Бірде әріптесіміз Әділ Ахметов «Жігіттер, сендер неге бақ сынап көрмейсіңдер?!» деп қолқа салды. Әділ ағамыз сол жерде-ақ бізді телефонға түсіріп, кастинг жүргізушілерге жіберді. Суретті көре сала олар бірден шақырды. Үшеуміз бір күннің ішінде Алматыға жол тартып, фотобайқауға қатыстық. Режиссер Рүстем Әбдірашовтың бөлмесіне бір-бірлеп кірдік. Әртүрлі образда фото жасап, режиссердің нұсқауымен поэзия оқып бердім. Ерекше ықыласпен және қамқорлықпен қарады. Бір айдай күттік. Күні-түні толқып, жауабын айтқанша асық болдым. Оның үстіне мені Қасым сұлтанның рөліне байқап көрді. Біраз уақыттан кейін үшеуміз де видео сынаққа шақырту алдық. Менде кинода тәжірибе жоқ. Бірінші күні Мұрат Бисембин, Берік Айтжанов, Досхан Жолжақсынов ағаларымызды көріп, біраз сасқалақтағаным есімде. Мәтінді ұмытып қалып, қағазға қайта-қайта қарайтынмын. Таңертеңнен кешке дейін камера алдында басқа актерлермен байқап көрді. Ертесінде тағы екі күнге шақырды. Режиссердің өзі жылы қабақ танытуы мені үміттендірді. Тағы бір ай жүрдік. Жазда театр фестивалі болатын, соған дайындалып жүргенде «Қазақфильмнен» хабарласты. «Мейірғат, сені Қасым сұлтанның рөліне бекіттік» деді. Қуанышымда шек жоқ, бірінші болып әкеме хабарластым. Әкем өнерге деген талпынысымды әрдайым қолдайтын.

Мейірғат2
Фото: qazaqeli550.kz

– Тарихи телехикаяда түсіп, қандай тәжіри­белік машыққа үйрендіңіз?

– Сахна қозғалысы әрбір актерге жақсы таныс. Ауылда өспесем де, жастайымнан атқа мініп үйрендім. Дегенмен, аттың үстінде отырып қылыштасу, садақ ату, найза лақтыруды бұрын-соңды білмейтінмін. Бұл машықты екі айдай «Номад» каскадерлерімен шыңдадық. Бәрінің қыр-сырын үйретті. Шайқасатын сахналарды қойып бергеннен кейін өзіміз жеке қалып дайындалдық. Шеберлік сабақтарын түсірілім кезінде шыңдай түстік. Сол атмосфераға ену үшін бізге уақыт берілді. Хандардың болмысын, жүріс-тұрысын, өзін қалай ұстауын сезіну үшін біраз тер төктік. Мәселен, алғашында аттың үстінде бүгіліп отыратынбыз.

– Образға енгенде өзіңіздің бойыңыздан қандай өзгерістер байқадыңыз?

– Театрға келгеннен бастап менің түр-әлпетім мектеп оқушыларына келетін. Ең алғашқы рөлім «Менің атым Қожадағы» Қожа болды. Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббатында» Жасболатты бейнеледім. Бертін келе Сәкен Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар» драмасында басты рөлдегі 14 жастағы Бақытты ойнадым. Оқушы рөлдерге үйреніп қалған мен үшін ханды сомдау біраз қиынға соқты. Түсірілім 5 айға жалғасты, айналамдағылар «Өскенсің, көзіңде ой бар» деген пікір айтып жүр. Мінез-құлқым сабырлы қалыпқа енді. Салмақ та жинадым. Ол жақтың ауасы салқын, аттың үстінде көп жүреміз, үш-төрт мезгіл тамақтанып тұрдық.

– Түсірілім барысында қандай қолай­сыздықтарды сезіндіңіз?

– Алғашқы 20 күнді «Қазақфильмнің» ішінде түсірдік. Табиғаттағы түсірілім Жаркенттен басталды. Ең көп түсірілім – Райымбек ауданы Тұйық ауылында болды. Тұрғындардың айтуынша, елді-мекен теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан. Ауа қысымы байқалады, жүгірсең, тез шаршап қаласың. Суық, тұман тез түседі. Аспанды бұлт жайлағанда мұрт-сақал, үсті-басымыз су болып тұратын. Бірінші қолайсыздық деп осыны айтар едім. Екіншісі – аттардың тұяқтары кішкентай індерге кіріп кететін, соның салдарынан атқа шапқанда қыздарымыз көп құлады. Цирктің аты қолға үйренген болса, қаланың айғырларын ауыздықтау қиын. Олар жазыққа шығып көрмеген, бір-бірін тістеп, теуіп жатты. 1-2 аптадай үйрете алмай жүрдік. Тұйықтан кейін түсірілім Шонжы, Шошанайда (атақты «Марко Поло» сериалы осы жерде түсірілді – ред.) жалғасты. Уақыт өте келе, күн суи бастады. Желтоқсан, қаңтар айларында қиындықтар күшейе түсті. Суық тиіп қалған кездер болды. Түсірілімді Жаркентте аяқтадық, бір қызығы, ескі мешіттің іші даладан да суық. Актерлер тоңғаннан өздеріне берілген сөздерді де ұмытып қалып жатты. Алайда, бізге барынша жағдай жасалды. Ұжым өте тамаша, қай-қайсысы болсын өздерінің жұмыстарын жоғары деңгейде атқарды. Рүстем аға байқағаным, өте еңбекқор режиссер. Жұмысқа бар ынтамен беріледі, тиянақты атқарады.

slide-11
Фото: qazaqeli550.kz

– Туынды Ілияс Есенберлиннің «Көш­пенділер» трилогиясына негізделген. Дегенмен, сериал сценаристері Смағұл Елубай мен Тимур Жақсылықов өзгертулер енгізді. Ал актерлердің тарапынан импровизацияға жол берілді ме?

– Берілді, неге берілмесін? Тарихи тұлғалардың образы әр жерде әрқалай беріледі. Туындыда оның түр-сипаты, мінез-құлқы сипатталады, қалғанын актер өзі табуы керек. Бір қуантарлығы, Рүстем аға актерлерге еркіндік береді. Ол актер үшін өзін-өзі шыңдауға септігін тигізеді, бойына сенімділік ұялатады. Егер, «жоқ, бір қадам артқа жүріп, солға қара» десе, ол актер емес, робот болар еді. Бір айқастың соңында жеңетін жерім бар. Сценарий бойынша сол жерден камераны тоқтату керек болатын. Бірақ, сол мезетте камераны әлі сезініп тұрдым. Режиссерден де әлі ешқандай нұсқаулық жоқ. Бәрі тып-тыныш. Сол жерде нағыз ойнайтын сәт деп білдім. Ойраттардың көзіне қарап, «Алаш!» деп қастарына жетіп бардым. Камераны бақылап тұрмын, сөндірген жоқ. Содан бұрылып, ортаға бардым да, тағы да «Алаш!» деп ұрандатып, жерге қылышты қададым. Түсірілім әлі жалғасып жатыр. Бұрындық келіп, айқасты жеңгенімді білдіріп шапанымды өзіме лақтырып жіберді. Мен болсам, жаудың көзіне шүйлігіп тағы қарадым. Міне, дәл осы сәттерді түсіріп алды.

– Сеніп тапсырылған рөліңізді толық аша алдыңыз ба?

– Қасым хан – қазақ елінің шекарасын кеңейтіп, оны бекітіп берген хандардың бірі. Жәнібек ханның ұлы «жерді біріктіруді» жеделдетіп, көзге түскен хан. Ол билік құрған жылдары қазақ хандығының саяси-экономикалық жағдайы нығайды. Қазақ халқының қазіргі мекен-тұрағы қалыптасты. Әрине, жауапкершілікті аса қатты сезіндім. Бір жағынан, тарихи туынды, екіншіден, кинодағы алғашқы қадамым. Бұл туындыны халқымыз көптен күтті десем, артық айтқаным емес. Қазақ хандығының құрылғандығы жайлы кино керек-ақ. Ал бағасын, әрине, халық бере жатар.

– Кино мен театрдағы актерлердің айырмашылығы неде?

– Әлбетте, бәрі актерге байланысты. Көбісі театр актерлерінде жасандылық көп деп ойлайды. Театрда актер – көрерменнің көз алдында. Міндет – ең соңғы қатарда отырғандарға сөзіңді де, өзіңді де жеткізу. Жанрға сәйкес билеп жүріп ойнап жүреміз, бұл да оңай емес. Ал кинода байыппен сөйлеуге, қарапайым қалыпты ұстануға мүмкіндік беріледі. Сәтсіз кадрларды қайта түсіруге болады. Театр мен киноны қалай салыстырасыз дегенде, Аль Пачино былай деген екен: «…Театрда да, кинода да ойнау – арқан жіпте жүргендей. Жіп теа­трда жоғары ілінсе, кинода жерге қойылады. Теа­трда құласаң, құлайсың». Қай жерде жүрмесең де, басты талап ізденіс пен оқу дер едім.

– Экранға шықпай жатып миллиондаған қаржыны жұмсап үлгерген кинотуындыны бірі даттап жатса, екіншісі – қаншама қаражат жұмсалса да Қазақ хандығының тарихын туралап беретін туындыға еш қарсылығы жоқтығын білдіріп жатыр. Сіз не дейсіз?

– «Қазақ хандығында» ойнаған актер есебінде емес, көрермен ретінде айтарым, дәл осындай туынды қазаққа керек. Тарихи маңызы бар сериалды әдемілеп түсіру қаражатты қажет етеді. Актерлерге берілетін ақыдан басқа сомдаған рөлін аша түсетін киімдер керек. Декорацияны, техникалық қамтуды айтпағанның өзінде. Шетелдік кинолармен салыстырғанда, бізге бөлініп жатқан қаражат аз. Мұхиттың ар жағындағы фильмдер халықтың зор ықыласына бөленетіні де сондықтан. Бірақ, киноны түсіру жағынан біздің режиссерлерді осал деуге болмайды. Елімізде жақсы дүниені жасап шығаруға толық мүмкіндік бар.

– Шетел басылымы отандық туындыны әйгілі «Игра престолов» сериалымен теңеді…

– Әрине, Ресей, Америка, Қытай телеар­наларының сериалымызға қызығушылық танытқаны қуантады. Біздің телехикая шынайы, тарихи оқиғаларға негізделген. Өзіміздің қазақтың қолтаңбасы бар. Туындыда сериалға тән шытырман оқиға да, махаббат та, таққа талас та, төбелес те, антқа адалдық та, сертке берік жандар да бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

astana-akshamy.kz 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button