ҚоғамҚұқық

Ашық жарнамалауға тыйым салынады

Биылғы 1 шілдеде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс бойынша темекі өнімдерін сауда нүктелерінде ашық жарнамалауға және сатуға тыйым салатын заң нормасы күшіне енді. Бұл норманы бұзған сау­да нүктелерінің қожайындары 180 мыңнан 1 млн теңгеге дейін айыппұл төлейді. Бұл шектеу кальянға арналған темекіге, кальян қоспасына, темекіні қыздыруға арналған жүйелерге, электрондық тұтыну жүйелеріне және оларға арналған сұйықтықтарға қатысты қолданылады.

[smartslider3 slider=572]

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы «Темекі өнімдерін сатуға және жарнамалауға тыйым салу» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізіп, осы мәселені кеңінен түсіндірді. Дөңгелек үстелге Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов, Nur Otan партиясының «Ұлт денсаулығы» қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Жәмила Садықова, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина қатысты. Басқосуды ашып, сөз сөйлеген Д.Досқұлов құзырлы басқарма осы саладағы заң нормалары талаптарының бұлжытпай орындалуын үнемі бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Заң талаптары мынадай:
– темекі өнімдерін, соның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды салып және ашық көрсетіп сатуға тыйым салынады;
– суретсіз және бағасы жазылған сатылатын темекі өнімдерінің тізімі ақ-қара түсті әріптермен жазылған арнайы парақшада көрсетіледі;
– тұтынушы тізіммен танысқаннан кейін өзінің талабы бойынша темекі өнімін көре алады.
Бүгінгі таңда темекі өнімдерін өндірушілер мен олардың ірі жеткізушілері барлық қызмет көрсетілетін сату нүктелерін арнайы жабдықпен (темекі өнімдерін бүркемелеу үшін жабылатын бокстармен) жабдықтады. Заң талабы бойынша темекі бұйымдарын бөлшек саудада сату кезінде өнімдер тізбесі жазылған ақпарат беріледі, онда тауардың бағасы туралы анық жазылады. Сатып алушы талап қойғанда ғана өнім ашық көрсетіледі.
Бұл заң халық арасында өнімді сатып алуға аяқ астынан шешім қабылдаудың айтарлықтай төмендеуіне, балалар мен жасөспірімдердің темекіге деген қызығушылығының кемуіне әкеледі. Темекі өнімдерін жаппай тұтыну азая бастайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button