Қоғам

Әскерге аттанды

15 наурыз күні әскерге шақырылушылардың алғашқы тобы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Каспий теңізіндегі әскери бөліміне аттанды.

Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Ардақ Кукатов әскерге шақырылушылар қатаң тексерістен өтетінін атап өтті.
– Тексерудің маңызды кезең­дерінің бірі – әскерге шақырылу­шының өзімен және оның ата-анасымен, оқу орнының өкілдерімен жеке әңгімелесу. Жеке әңгімелесу барысында олардың денсаулық жағдайына, білім деңгейіне, моральдық-психологиялық жай-күйіне және отбасы жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, болашақ сарбазды зерттеу әскерге шақырылушының құжаттарын қадағалап, әрі жас жігіттің өзімен тәжірибелік жұмыс жүргізу әдісі арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, психолог мамандар оларды «Ақ сұңқар» психодиагностикалық әмбебап жүйесі арқылы психологиялық тестілеуден өткізеді, – дейді полковник Кукатов.
Ал департамент бастығының орынбасары, ҚІЖД келісімшарт және шақырылу бойынша әскери қызметшілерді жинақтау басқармасының бастығы, полковник Ғани Артықовтың мәліметіне сүйенсек, Шекара қызметі, Мемле­кеттік күзет қызметі және Ұлттық ұлан сияқты Қарулы күштерге биылғы көктемде Астанадан 800-ден астам жастарды аттандыру жоспарланып отыр екен.
– Кешегі бозбала шақырылушы әскерден үйіне аптал азамат әрі нағыз Отан қорғаушы болып оралады. Сондықтан жастарды әскерге шығарып салу да маңызды оқиға. Бұл тұрғыда аталмыш шара салтанатты жағдайда өткізіледі. Оған болашақ сарбаздардың туыстары мен достары, қаланың басшылық құрамы, ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысады, – дейді ол.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button