Қала тіршілігі

Әскерге шақыру қалай жүргізіліп жатыр?



Биыл Нұр-Сұлтан қаласында әскерге шақыру маусымдарын­да – көктемде 782, күзде 770 азаматты армияға алдыру жоспарланған. Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында осы мәселені қалалық Қорғаныс істері департаментінің бастығы Мұрат Берікполов мәлім етті. Жиында осы жұмысты ұйымдастыру барысы талқыланып, жан-жақты ақпарат берілді.

Биылғы науқанда жұмыс істемейтін жастарды әскерге шақыруға ерекше екпін қойылған. Ал жалпы алғанда армияға алынған жастар 58,1 пайызды немесе 463 адамды құрады. Бірақ індетке байланысты төтенше жағдайдың жариялануы бұл науқанға кері әсерін тигізді. Сол себептен әскерге шақыру маусымы 30 тамызға дейін ұзартылды. Комиссия мүшелерінің арасында инфекцияны жұқтырғандар болды. Бұл да біраз қиындықтарды тудырды. Атап айтқанда, бірқатар шақыру комиссияларының жұмысы уақытша тоқтатылды. Нәтижесінде көктемде әскерге шақырылуы тиіс 782 адамның 714-і немесе 91,3 пайызы шақырылды. Жалпы, биыл 1552 адам армияға алынуы тиіс.
Департамент бастығы осыны айта келе, күзгі әскерге шақыру науқаны әлі жүргізіліп жатқанын, әзірге 88 адам шақырылғанын жеткізді. Сондай-ақ биыл әскери міндетті азаматтарды арнайы жиындарға да шақыру жүргізілді. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының биылғы 2 сәуірдегі Жарлығы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулыларына сәйкес атқарылды. Қорытындысында мамыр айында 150 адам шақырылды. Соның ішінде 50-і офицер мен 100-і сержант-сарбаздар болды. Бұл қатарда шақырылғандар блокбеттерді күшейту, қоғамдық тәртіпті сақтау, нысандар мен көшелерді залалсыздандыру сияқты жұмыстар мен елорда жедел штабының індетпен күреске қатысты шаруаларына тартылды.
Алайда бұл салада проблема­лар да жоқ емес. Мәселен, аудандық шақыру комиссияларының екі құрамы ғана дәрігер мамандар мен орта буын медициналық қызметкерлерінен жасақталған. Сарыарқа және Байқоңыр аудандарындағы шақыру пункттеріне ғимарат керек. Кейбір әскерден жалтарған азаматтарды іздестіру де қиындық тудырды. Себебі олардың тіркелген мекенжайы жалған болып шықты. Көліктер жетіспегендіктен бұл жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмеді. Аудандардың әкімдіктері де әскерге шақыру науқанын ұйымдастыруда сылбырлық танытқан.
Осы орайда қалалық мәслихат депутаттары әкімдіктердің бұл тараптағы жұмысын қатаң сынға алды. Заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қайырлы Таукен жауапты органдар басшыларына барлық түйткілдерді шешу жолдарын ұсынуды айтып, арнайы ақпарат дайындау керектігін жеткізді.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button