Саясат

Таулы Қарабақ: Мүдделер қақтығысы

Әзербайжан мен Армения 10 қазан күні Мәскеуде екі жақты атысты тоқтату туралы бітімге келгенімен, іле-шала бейбіт келісім бұзылып, соғыс қимылдары қайтадан қоздады. Әзірбайжан әскері біраз ауылдарды босаттық деп мәлімдесе, армян тарапы да соққыға жауап бердік деп ақпараттық тайталасқа түскендей. Бұл жерде тек осы екі елдің ғана емес, олардың арттарында тұрған Ресей мен Түркияның да көздеген өз саяси-экономикалық мүдделері аңғарылатындай.

27 қыркүйекте көп жылдардан бері бықсып-жанып келе жатқан қақтығыс қайта бұрқ ете қалғанда, Түркия Әзірбайжанды жақтайтынын бірден мәлімдесе, Ресей армянды ашық қолдай алмай кібіртіктеп қалды. Біздің пайымдауымызша оған екі себеп болды: біріншіден, НАТО-ның құрамында әскери қуаты АҚШ-тан кейін екінші саналатын Түркиямен жанжалдасудың аса қауіпті екенін білді, оның үстіне әр құрлықтарға таралған мүдделерін қорғау үшін әскери және экономикалық қауқарын іркіп жұмсауды ойласа керек. Екіншіден, Пашинян билікке келгелі Арменияның бір бүйрегі Батысқа бұра бастады. Және қашанда Ресейдің сенімді серігі саналатын бұл елдің беті Солтүстік Атлантикалық альянсқа бұрылуы – бірінші рет. Армения ЕО-мен қауымдас­тық туралы келісімге қол қойды. НАТО-мен серіктестік бағдарламасын кеңейте бастады. Ол әрине, Ресейге ұнамады, сондықтан Әзірбайжанның «тепкісіне» салып тәртіпке келтіріп алуды да жөн көретін сияқты. Бірақ әзірбайжан-армян соғысында Ресейдің тоң-торыс сырт қалуы, айналып келгенде өзінің беделіне нұқсан келтіретінін де түсінеді.
14 қазан күні «Полный контакт» бағдарламасында ресми биліктің жаршысы, ресейлік журналист Владимир Соловьёв Әзірбайжан армия­сының Армения аумағына соққы беруі Ресейге де соққы болып тиетінін білдіртті.
«ОДКБ – ол не? Армения – біздің одақтасымыз, ол біздің қорғауымызда болуы керек емес пе еді? – деп аңтарылды В.Соловьев. – Әзірбайжан Армения аумағын атқылай бастады, оны өздері де жасырып отырған жоқ».
Журналистің Ресей бұл жанжалға батыл жауап беруі тиіс және ол елшіні шақырту немесе дипломаттық нота түрінде емес, қатқыл болуы тиіс деп түйіндеді. Бұл жерде В.Соловьевтің нені меңзеп отырғаны белгілі. «Әйтпесе бұл Ресейдің беделіне нұқсан келтіреді» деді ресейлік журналист.
14 қазан күні Әзірбайжан қорғаныс министрлігі Армения аумағындағы әскери нысандарды атқылағанын ашық мәлімдеді.
Бүгінде БАҚ беттерінде «АҚШ Әзірбайжанға көмектесе бастады» деген қауесет тарап жатыр. Бірақ оған нақты дәлел жоқ, тек топшылау ғана бар. Ресейлік бірнеше интернет-басылымдар Ауғанстанның Баграмдағы америкалық базасынан Бакуге жүк ұшағы ұшып келгенін жарыса жазды. Ұшақ Украинаның «Авіалінії Антонова» авиакомпаниясына тиесілі Ан-124-100 «Руслан» дейді. Алайда оның бортында нақты қандай жүк болғанын біле алмай пұшайман. Сондай-ақ АҚШ президенттігіне кандидат Джо Байден Таулы Қарабақты басып алып, бермей отырған Арменияның агрессиясын сынға алғанын да еске сала кетейік.

Бұл соғыс бұрынғыдан өзгерек

Әзірбайжан-Армения қақтығысы кеңес заманынан жалғасып келе жатқанымен, 2020 жылғы күзде тұтанған соғыс бұрынғыдан өзгерек. Мұнда жаңа қару түрлері, дрондар мен ұшқышсыз ұшатын техникалар қолданылуда. Бұған дейін екі елде де әуе техникалары аз болғандықтан, атыстардың көбі құрлық әскері арқылы жүрген. Бірақ кейінгі жылдары Әзірбайжан көп қаржы бөліп, Израильден лицензия­сы бар дрондар, Түркияның жетілдірілген ұшқышсыз әуе техникаларын сатып алды.
Кейбір бақылаушылар сыртқы күштердің, Минск тобының өкілдері АҚШ пен Францияның Таулы Қарабақтағы қазіргі қақтығысқа көңіл бөлмей отырғанын айтады. Әлем індетпен күресуге әуреленіп жатқанда АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі дипломатиялық келіссөздерді ысырып қойып, қарашада өтетін сайлаудың шаруасымен әбігер болуда.
Осы тұста Әзірбайжанның байырғы қолдаушысы Түркия аймаққа көз тігіп, Оңтүстік Кавказға ықпал етіп отырған Ресеймен бәсекеге түсті. Ресей Арменияға да, Әзірбайжанға да қару сатып отыр. Мәскеу өзінің ықпалы жүретін аймаққа Түркияның кіргенін қаламайды.
Жоғарыда айтылған жайттардың бәрін қорытындылай келгенде, қазір Оңтүстік Кавказда үлкен геосаяси ойындар жүріп жатыр деп ой түюге болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button