Басты ақпаратҚоғам

Асқар алған асулар

Жұмыс бабымен әртүрлі жиынға барып жүріп, кейбір журналист аға, апаларымыздың өз атын шақыратын көкек секілді «Мен сөйткен едім, мен бүйткен едім» деп мақтан­ғанын көріп жүрміз. Өз басымыз мұны жараспайтын қылық деп есептейміз. Міндетін адал атқарып, еңбегін бұлдамайтын, бетегеден биік, жусаннан аласа, қарапайым ғана тіршілік кешіп жүрген аға буын әріптестеріміз де бар. Сондай азаматтың бірі – радиода да, телеарнада да, баспасөзде де, мемлекеттік қызметте де айқын із қалдырған, бұл күндері еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер журналист Асқар Ахметов.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ. Анасы кітапханашы болып қызмет істеді. Бала Асқар кішкентайынан кітаптардың арасында өсіп, кітаппен дос болды. Соның ықпалымен ержеткенде тіл маманы болғысы келді. Мектептегі ұстазы Сұран Омаров (мемлекет және қоғам қайраткері Шәріп Омаровтың әкесі) шәкіртінің алғырлығына, оқуға құштарлығына риза болып: «Асқар, сенен бірдеңе шығады» дейтін. Алайда мектеп бітіріп, университетке филология факультетіне құжат тапсырып, конкурстан өтпей қалды. Ауылында радионы көп тыңдайтын еді. Атақты диктор Әнуарбек Байжанбаевтың дауысы құлағында жаңғырып тұрғандықтан журналистиканы таңдады. Сол уақытта елімізде журналистерді оқытатын жалғыз жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп кетті. Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Шәмші Пәттеев, Әлімжан Жарылқағанов секілді бүгінгі белгілі журналистермен оқыды. 1984 жылы оқуды бітіріп, дипломын қолына алғаннан кейін жолдамамен сол уақыттағы тың өлкесінің астанасы Целиноград қаласына келді.

Мектепте бірге оқыған, ұзақ жыл Целиноград мединститутында жемісті қызмет еткен ғалым-ұстаз Земфира Қаһарқызымен отбасын құрып, қол ұстасып Целиноградқа бірге келді, ұлы Қазбектен немерелер сүйіп, қызығын көріп отыр.

Еңбек жолын Целиноград облыстық телерадиосынан бастады. Қаптаған өзге ұлттың ортасына түсіп, алғашында абдырап қалған еді. Басқа жаққа кету туралы да ойы болды. Бірақ Владимир Окунь деген телерадио басшыларының бірі «Қазақ журналистері жетпейді. Екі-үш журналист бар, олардың өзінің жасы ұлғайды. Үй береміз, асықпа» деген соң, оның уәжіне тоқтады. Бұл – осыдан қырық жылға жуық уақыт бұрын болған әңгіме. Содан тың өлкесінің насихатына кірісіп кетті. Осындағы қауырт жұмыс, еңбек озаттары туралы хабарларды, репортаждарды дайындады.

«Қазақша сөйлейтін адам таппаймыз. Менің қиналғаным сол болды. Он минуттық жаңалықтарды өзімізге орыс тілінен аударып, дайындауға тура келді» дейді Асқар Ағабекұлы. Телерадиода Күлмес Рахымжанов сынды ағаларының қолдауының арқасында тәжірибе жинақтап, қалыптасып кетті. Бастапқыда «жастар» редакция­сында жұмыс істеп, кейіннен «ауыл шаруашылығы» бөлімінің меңгерушісі болды. Қызмет бабымен Целиноград, одан кейін тарихи атауын қайтарған Ақмола өңірінің араламаған жері, бармаған ауылы жоқ. Қысы-жазы тынбайтын еді. Мал қыстату, төлдету, егін егу, жинау науқандарынан ақпарат таратты.

Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары өңірдің қазақылануына, ұлттық хабарлардың эфирден берілуіне де біраз еңбек сіңірді. Атап айтқанда, «Алтыбақан» хабарын түсіріп, жүргізушісі болды. Наурыз мерекесі қайтып оралғанда, алғашқы тікелей эфирді өзі жүргізді. Кейіннен осы көктем мерекесі кезінде актер болғаны да бар. Онда түйеге мініп, Асан қайғының бейнесін сомдады. «Тіл және мәдениет» қоғамының жұмысына атсалысты. Соның ішінде Қалибек Қуанышбаев театрының ашылуына үлес қосты. Театрдың негізін қалаған көрнекті режиссер Жақып Омаровқа көп көмектесті. Өнер ошағы қай өңірге гастрольмен барса да, Асқар Ағабекұлы камерасын арқалап барып түсіретін. Атақты «Тамаша» ойын-сауық отауы Ақмолаға келгенде оның өнерін насихаттайтын. Торғайда телерадио кейіннен ашылды. Сондықтан Целиноград телерадиосына сол жақтан Алматыға хабар тарату жүктелді. Асқар Ағабекұлы осы міндетті де абыроймен атқарды. Торғай таланттарының елге танылуына септігін тигізді.

Жиырма жылдай облыстық телерадиода жұмыс істеп, «Арқа ажары» газетіне ауысты. Газеттің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық еді, сол кісінің қарамағында баспасөзде де тәжірибе жинақтады. Жалпы Смағұл Рақымбек, Табыл Құлыяс, Манап Шәкенов, ­Октябрь Әлібеков, Нұрғожа Ораз сынды журналист, қаламгер ағаларынан үйренгені көп екенін айтады. «Егемен Қазақстан» газеті Алматыдан елордаға көшіп келгеннен кейін елдің бас басылымына қабылданды. Сол кезде газет журналистерін баспанамен қамту, редакция ғимаратын жөндеу, басқа да осы секілді ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты.

Асқар Ағабекұлы – тарихы терең Әулиеата өңірінің төл перзенті. Соның ішінде даңқты батыр Бауыржан Момыш­ұлын, шындықтың шырақшысы болған Шерхан Мұртазаны қазаққа берген Жуалының тумасы. Бір салада еңбектенгенмен, талай журналисті шекпенінен шығарған Шерағаңмен «Егемен Қазақстан» астанаға көшіп келген соң ғана араласа бастады. Ол кісі Асқарды «бауырым» деп кең құшағына басты.

«Шерағаңнан үйренгенім өте көп. Ол кісі сөзді бөлмеуге, сабырлыққа үйретті. Аға адамды жерге, руға бөлмейтін бауырмал еді. «Біреуге жақсылық жасасаң, қайтсе де қайтады» деп айтып отыратын. Сол бауырмалдыққа мені де баулыды. Бильярд ойнай алмайтын едім, оны да үйретіп, соған үйір қылды. Кейін өз киін маған сыйлады. Жалпы мені қасынан тастамай, қайда барса да ертіп баратын. Сондағы мақсаты елмен аралассын, тәлім алсын деген екен ғой. Мен Шерағаңды балық аулауға апаратынмын. Оған құмар емес еді. Бірақ қармаққа қарап ойланып отыратын. Сонда ойша кітап жазып отыра ма деймін. Аузынан шыққан ғибратты сөздерді жазып алуды ойламаппын. Бір өкінішім сол» дейді Асқар Ахметов.

Әкесі Ағабек мемлекеттік қызметкер еді. Ұзақ жыл ауылдық кеңес төрағасы болды. Әке жолы ұлына да жұғысты болды. Шерхан Мұртазаның ұсынысымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз хатшысы қызметіне орналасты. Мұнда мемлекеттік қызметтің имиджін, беделін түсірмеу үшін бар білімі мен білігін салып, осы қызметті абыроймен алып жүрді. Одан соң «Қазақстан» ұлттық арнасында кәсіподақ төрағасы болып зейнетке шықты.

«Осыдан қырық жылдай бұрын Целиноградқа келгенде табиғаттың қаталдығын тосырқап, сол кезде орысша сөйлейтін қаладан кеткім келген. Кейін Ақмола Астана болды. Елорданың орнығуына шамам келгенше еңбек еттім. Енді осында сіңіп кеттік. Шынымды айтсам, елге кеткім келмейді, Астананы қимаймын» дейді Асқар Ағабекұлы қарапайым қалпынан танбай.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button