Uncategorized

Жоғалғанды іздеп, үзілген үмітті жалғайды

Елімізде жылына орташа есеппен 600-ге жуық адам жоғалса, оның 80 пайызы ғана не өлі, не тірі табылады екен. Оқу орнынан, үйінен шығып, қайта оралмағандардың арасында үлкені де, кішісі де бар. Жоғалған жандарды іздеу жұмысына ішкі істер органдары, кинология қызметі, төтенше жағдайлар қызметкерлері және волонтерлер жұмылдырылады. Соңғыларының бұл жұмыста пайдасы көп болып тұр. Солардың бірі – елордалық «Lider.kz» волонтерлер ұйымы. Елімізде адам іздеумен айналысатын жалғыз ұйымның жетекшісі Айзада ЖҮСІПОВА бұл жолда қуаныш пен қайғы қатар жүретінін айтады.

Тағдыр тәлкегіне түскен жандардың қайғысына бей-жай қарай алмайтын еріктілер тобы, елдің бәрі күдер үзсе де, алған бетінен қайтпай, адамдарды іздейді. Жақындарының көз жасына қарай бірі тірі, ал бірі, өкінішке қарай, өлі табылады. Ұйым құрылғалы 7 жыл уақыттан бері тұрғындардан келіп түскен өтініштерге қарай Астана қаласында 3000-ға тарта адамды іздеп тапқан. Алайда іздің арты сұйылып, бірте-бірте жоғалып, бірнеше жылға дейін немесе мүлдем табылмай жатқандар да қаншама. Қазіргі таңда елордада 300-ге жуық азамат іздестірілуде. Олардың жартысы – туыстық қарым-қатынасы үзілгендер.

Волонтерлер ұйымы – 25 қала мен өңірде орналасқан бірегей қауымдастық. Олардың қатарында, негізінен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер, дәрігерлер, зейнеттегі полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер секілді барлық саланың мамандары ақысыз қыз­мет етеді. Астана қаласындағы топта 80-ге тарта волонтер бар. Негізінен, әйелдерден тұратын командада ер адамдар аз екен.

Ұйым құрылмас бұрын Айзада ерікті ретінде алғаш іздеу жұмысына аяқасты араластым дейді.

«2016 жылы шаштараз болып жұмыс істеп жүрген кезім. Бір клиентім келіп, қатты қобалжып, көріпкел таныстарыңыз жоқ па деп сұрап, әріптесінің қызы табылмай жатқанын айтты. Мен жоқ деп, қандай жағдай болғанын сұрадым. Сөйтсе екі жасар бүлдіршін жоғалып кеткен екен. Ата-анасымен Нұра өзенінің бойында демалып жүргенде, қыздарын таппай қалған. Бұл 11 мамырда болған жағдай еді. Мен жұмысымды жалғастыра бердім. Бірақ әлгі қыз есімнен кетпей қойды. Жазылып қойған клиенттерімді басқа уақытқа шегеріп, жаңағы клиентке хабарласып, оқиға орнына бірден бардым. Сол кездегі көріністен жүрегім қатты езілді. Қабанбай батыр (бұрынғы Рождественка) ауылында 500-ге жуық волонтер жиналған еді. Қарағанды және Алматыдан арнайы еріктілер келіп көмектесті. Мен де іздеу жұмысына қатыстым. 10 күн іздеп, тек 21 мамырда баланың мәйітін балықшылар тапты. Осы оқиғадан кейін сол кезде танысқан волонтерлер бірігіп, ұйым құруға бел будық. Сол бүлдіршіннің қазасы есімізге түскен сайын көкірегіміз қарс айырылады. Бұл біздің осы игілікті ісімізді тастамауға серпін береді» дейді Айзада.

Волонтер өзі секілді ниеттес адамдарды жинап, еріктілер ұйымын құрып, бүгінде бұл ұйым­ның бас қалада аса танымал екенін айтады. Еріктілер қатары жыл санап арта түсуде. Бір қызығы, әрбір іздеу жұмысынан ке­йін жоғалғандардың туыстары мен жақындары өз қалауымен еріктілер қатарына қосылып жатады екен.

Ұйым жоғалған адамдарды іздеп, үзілген туыстық қатынас­тарды жалғаумен айналысады. Еріктілер тобы ішкі істер органдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, бүгінгі таңда қалалық бірқатар ауданның Ішкі істер басқармасымен меморандумға қол қойыпты. Ең әуелі балалар, мүгедектігі бар және егде жастағы адамдарды кезек күттірмей іздес­тіреді. Еріктілер оқиға орнынан бастап із қуып, бейнежазба немесе куәгерлер арқылы соңына түседі. Топ мүшелерінің бірі әлеуметтік желілердегі чаттарда хабарлама жібереді, ал басқалары жаяу іздейді. Еріктілердің арнайы кеудешесі мен құжаты бар. Іздеу жұмысына волонтерлер кеудешесіз шықпайды. Сонымен қатар оларға шам мен рация да беріледі. Нақты іздеу жұмысына тек 18 жастан жоғары азаматтар ғана қатыса алады. Кәмелет жасына толмағандарға, ниеті болса, жұмыс табылады. Мысалы, 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер жоғалғандар туралы мәліметі бар парақшаларды жапсырумен және әлеуметтік желіде таратумен айналысады. Бірақ оларға тек күндізгі уақытта ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Одан жоғары жастағылар, шын мәнінде, жүрек қалауымен топқа қосылса болады. Бірақ алғашқы іздеу жұмысынан кейін-ақ кейбірі жұмыс барысындағы түрлі қауіп пен кедергіні қиынсынып, өз ниеті­нен бас тартып жатады екен.

«Адамдарды іздеу еріктілерден көп күш жұмсаумен қатар, олар өлі табылған жағдайда да ауыр психологиялық сынаққа әкеледі және оған барлығы бірдей қарсы тұра алмайды. Мәселен, ұйымның алғашқы жылында Әсел есімді волонтер болды. Сол жылы суға батып кеткен баланың мәйітін тауып, анасына хабарлағанда, ол жалғыз ұлы екенін айтып, жер тырнап жылағанын көрген Әсел шыдамады. Тек үш жылдан кейін ғана волонтер болу өте маңызды миссия екенін ұғып, ұйымға қайта оралған еді. Сондықтан жүрегінде аяушылығы жоқ жандар ерікті емес» дейді Айзада.

Волонтердің сөзінше, жаз мезгілінде, әсіресе шомылу мау­сымында балалардың жоғалып кетіп, суға бату оқиғасы көбейеді. Былтыр қаладағы су айдындарында 42 бала суға батқан. Осы жағынан бірінші кезекте ата-ана тарапынан мұқияттылық жетіспейді.

– Балалардың құдыққа түсіп кету жағдайы да жиі кездеседі. Мәселен, топ қызметінің тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі 2019 жылы тіркелді. 13 жасар Бақдәулет Өмірхан екі күннен кейін өз үйінен 150 метрдегі құдық ішінен табылған. Төрт жыл бұрын, ақпан айы, қақаған қыстың кезі, елорда іргесіндегі Қырқыншы стансасында беті ашық, бірақ қар көміп, көрінбей қалған құдық көп болды. Іздеу жұмысын жылдамдату үшін бірден сондай құдықтар картасын тиісті органдардан сұраттық, бірақ олар құзыреті жоқ екенін айтып, бермеді. Сосын өзіміз іздей бастадық. Ақыры үшінші күні түнде таптық. Сараптама нәтижесі баланың екі күн бойы тірі болғанын растады. Бала суықтан және аш болып әлсіреп өлді, – деп еске алды Айзада.

Волонтердің айтуынша, балалардың жоғалуына бірінші кезекте ата-ана кінәлі. Олар бейқамдық танытып, оны қа­раусыз қалдырады. Сондықтан да қайда тұратынын, ата-ананың фамилиясы мен телефонын жеті жасқа дейінгі баланың миына құя беру керек. Егер жаттай алмайды десеңіз, қалтасына қағазға жазып салып қойыңыз. GPS-сағат тағып не ашық түсті киімдерді киіндірген жөн. Сондай-ақ терезеге қоршау қойып, бүлдіршіндерді оған жолатпаған дұрыс. Бәрінен бұрын көзден таса қылмаңыз. Өйткені бала ешқашан өліп қаламын деп ойламайды, өзін-өзі сақтау инстинкті жоқ. Ал жасөспірімдердің қызық қуып, біреуге бірдеңені дәлелдеймін деп үйден кетіп қалатын кезі аз емес. Тіпті бір-бірімен бәсекелесіп те үйден кетіп қалған жағдайлар болған.

– Еріктілік бұл хоббиден бұрын өмір салтына айналып кетеді екен. Бұл жолда мен қаншама жүрегі таза, ниеті ақ жанмен танысып, ерекше бір орта таптым. Көптеген адам да өмірге жаңаша көзқараспен қарап, тәжірибе жинау үшін волонтер болып жатады. Еріктілік – өзгелерге көмектесу, өз елінің дамуына, кемелденуіне қандай да бір үлес қосуға деген ұмтылыс. Бір қуантатыны, ондай жандар бізде де баршылық. Өзіңді-өзің күштеп ерікті болу мүмкін емес, еріктілік – жүрек қалауы. Егер жаныңа жақпаса, бұл іспен айналысудың қажеті жоқ, – деді өз сөзінде А.Болатқызы.

Жақыныңды жоғалтқаннан ауыр ештеңе жоқ. Аласапыран соғыс кезі емес, мамыражай бейбіт күні оның уайымы өте ауыр. Ал шарқ ұрып іздегендегі жанталаста қаралы хабар жетсе, қайғысы еселене түспек. Волонтер бір тиын ақы сұрамай, күн-түн демей сарп еткен еңбегінің қиыншылығы жоғалған жандардың табысқандағы қуаныш сезімінің бір сәтіне де татымайтынын айтады.

Волонтер өзі секілді ниеттес адамдарды жинап, еріктілер ұйымын құрып, бүгінде бұл ұйымның бас қалада аса танымал екенін айтады. Еріктілер қатары жыл санап арта түсуде. Бір қызығы, әрбір іздеу жұмысынан кейін жоғалғандардың туыстары мен жақындары өз қалауымен еріктілер қатарына қосылып жатады екен

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button