Құқық

Қылмыстың көбі – есірткі саудасы

Астана полиция бөлімшесі биыл жыл басынан бері 169 қылмыстық іс қозғаса, соның ішінде 107 қылмыс есірткі сатумен байланысты болған. Елорда полициясында 17 жылдан бері осы есірткі саудасы қылмысымен күрес жүргізіп келе жатқан Астана ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильиныхтың айтуынша, биыл заңсыз айналымнан 262 келі 476 грамм есірткі тәркіленсе, оның 43 келі 444 грамы синтетикалық есірткі препараттары болған.

Тәртіп сақшылары тарапынан «дәстүрлі» есірткі түрлері бойынша өткізілетін іс-шаралар аясында синтетикалық есірткі мен олардың баламаларының таралу қаупі туындаған. Елордадағы есірткі сату және тұтыну мәселесіне орай жүргізілген талдау негізінде каннабис тобы мен апиын тектес есірткілердің тапшылығы «Амфетамин», «ЛСД», «Экстази» деген синтетикалық есірткі құралдарының таралуына сұранысты туғызғаны анықталды.

– Өткен 9 айда елорда аумағында есірткінің синтетикалық түрлерімен байланысты 343 құқық бұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде қылмысқа қатыстысы – 61 факті: яғни 26-сы – есірткі жеткізу және 35-і есірткі сақ­таумен байланысты болған. Қалған 371 факті қылмыстық теріс қылықтар бойынша тіркелді. Он күн сайын есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы мен жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері Астана қаласы психикалық денсаулық орталығындағы есірткі және психикалық белсенді заттарды тұтыну фактілері бойынша медициналық қуәландырудан өткен тұлғалардың тізімін тексеріп, салыс­тырады. Барлық анықталған факті бойынша тізімдегілер қалалық психикалық денсаулық орталығына қару ұстау және сақтау құқығына лицензия болуы, автокөлік құралдарын басқару куәлігінен айыру мәселелері бойынша қарауға жіберіледі, соның нәтижесінде азаматтардан, соның ішінде есірткі тұтынушылардың атына тіркелген қаруды алып алу бойынша 4 факті негізінде материалдар жөнелтілді, – дейді бөлім басшысы.

Есірткі саудасының профилактикасы үшін полиция департаменті қызметкерлері Астана қалалық әкімдігімен және басқа да мүдделі ұйымдар, ҮЕҰ-мен бірге биыл есепті кезеңде 238 іс-шара өткізді. Оның ішінде 24 акция, 21 семинар, 65 дәріс, 14 дөңгелек үстел, 40 кездесу, 29 спорт жарысы, 3 байқау және 42 басқа да жиындар ұйымдастырылған.

Сонымен қатар қазіргі таңда ата-ана баласының ағзасында психобелсенді заттардың бар-жоғын 1-2 минутта анықтайтын шұғыл тестті кез келген дәріханадан сатып ала алады. Есірткі заттарының қанша түрін анықтауға арналғанына қарай оның бағасы – 2-4 мың теңге аралығында. Сынаманы баланың зәріне салып, бірнеше минутта зиянды заттардан таза ма екен, соны біле аласыз. Аталған үлкен бағдарламаны құқық қорғау органдары қарапайым халыққа қолжетімді болу үшін іске қосқан. Бір жағынан, бұл жасөспірімнің жаман жолға түсуінің алдын алуға көмектессе; екінші жағынан, ата-ана тарапынан бақылау бар екенін аңғартады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button