Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана агломерациясы: кешенді жоспар келешегі

Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралып, бекітілді. Жиында бас қала мен оның төңірегінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағымды жағынан ықпал ететін мәселелер, атап айтсақ, жаңа жұмыс орындарын ашу, көлік-логистикалық инфрақұрылым салу, Астана нарығына инвес­тор тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары талқыланды.

Отырыста Премьер-минис­трдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндама жасады.

Үш мың жұмыс орны ашылады

Ұлттық экономика министрлігі Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп Астана агломерация­сын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы (агломерацияның өзегі) және облыс халқының 40%-ы тұратын Ақмола облысының Қосшы қаласын қоса алғанда, Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарының 46 елді мекені кіреді. Соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы 46%-ға өсті, ал болжамды деректер бойынша 2035 жылға қарай 2,3 млн адамды құрайды. Агломерация елді мекендерінен астанаға күнделікті маятниктік көші-қон 200 мыңнан астам адамды және 30 мың автокөлікті құрайды.

«Елордада инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің ұлғаюына, қаланың шет аймақтарының кеңеюіне, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауына және әлеуметтік нысандардың тапшылығына алып келетін бірқатар проблемалар бар. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін әзірленген кешенді жоспарда жүйелі шаралар көзделген. Жалпы, қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген» деп мәлімдеді Н.Байбазаров.

Агломерацияны аумақтық дамыту мақсатында елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын үндестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған. Сондай-ақ осы бағытта агломерация құрамындағы елді мекендердің әкімшілік шекараларын белгілеу жоспарланған, бұл өз кезегінде қала маңы аймағындағы жер қатынастарын дамытуда оң әсер етеді. Вице-премьердің мәлімдеуінше, жалпы ауданы 940 гектардан асатын экоқалашықтар құру көзделіп отыр, олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынатын болады. Халықты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету мақсатында Қосшы қаласында 1 200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша және 350 төсек-орындық көпбейінді аурухана салынады. Сондай-ақ елордада инвесторлардың өз қаражаты есебінен 900 студентке арналған Тау-кен техникалық колледжін және балаларды оңалту орталығын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауылдық жерлерде 9 мәдениет үйін, 3 демалыс орталығын, 2 мәдени ойын-сауық кешенін және 50 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығын салу жоспарлануда.

Агломерацияның көлік-логистикалық инфрақұрылымы мәселелерін шешу мақсатында кешенді жоспарда 6 логистикалық кешен, электровоздарға қызмет көрсету және қала маңындағы тұрақты маршруттарды субсидиялау жөніндегі сервистік орталық салу жөніндегі іс-шаралар көзделген. Агломерацияның елді мекендерінде 400 шақырымнан астам жол жөнделіп, 300 шақырым жол және 4 көпір салынады. 70 км кәріз жүйесін, 500 км сумен жабдықтау және су бұру және 800 км электр беру желілерін, 3 қазандықты, 30 км жылу желілерін және 1 100 км газ құбырын салу, реконструкциялау жоспарланған. «Азық-түлік белдеуін дамыту және инвестициялар тарту үшін 25 азық-түлік өндіру нысаны, 12 өнеркәсіптік тауарлар өндіру кәсіпорны салынады және Аршалы ауданында жалпы ауданы 300 гектар индустриялық аймақ құрылады. Кешенді жоспарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар көзделген. 2028 жылдың соңына дейін 7 өрт сөндіру депосы салынады және халықты хабардар ету жүйесі құрылады» деді вице-премьер.

Агломерацияның экология­лық жағдайын жақсарту үшін қуаттылығы жылына 40 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыптауға арналған 5 жабдық сатып алу, Жібек жолы ауылындағы Есіл өзенін кеңейту мен түбін тереңдету және Бозайғыр ауылындағы орманды қалпына келтіру үшін көшет отырғызу жоспарлануда. «Кешенді жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша 2029 жылға қарай 3 мыңнан астам тұрақты және уақытша жұмыс орнын ашу, 70 мыңнан астам адамды медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібінде өнім шығару көлемін 120%-ға дейін ұлғайту, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 55%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр» деп түсіндірді Н.Байбазаров.

Көлік реттеу бекеттері салынады

Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Астана қаласының маңына қызмет көрсететін маршруттық желі мен қоғамдық көлік саны үнемі өзгеріп, артып келе жатқанын айтты. Ол осы жылдың қаңтар айында қабылданған жаңа бас жоспарды әзірлеу кезінде елорда халық санының өсуімен қатар, агломерацияға тиісті елді мекендердің тұрғындарының көбеюі де ескерілгенін атап өтті. Көші-қон ағындарын реттеу үшін және жол желісіне жүктемені азайту үшін бас жоспарда елордаға барлық радиалды кіреберістерде көлік-реттеу бекеттерін орналастыру көзделген.

«Жыл сайын елорда халқы 50-60 мың адамға көбейеді. Сонымен қатар күн сайын қалаға облыстың 200 мыңға жуық тұрғыны және 30 мыңнан астам автокөлік кіреді. Қазіргі уақытта елорданың қала маңындағы аймақтарына 26 маршрут қызмет көрсетеді. Өткен жылы қалада қосымша 400 автобус жұмыс істей бастады, жалпы былтыр қалаға 900 автобус шықса, қазір бір күнде 1300 автобус шығады. Автопарктегі көліктер санын биыл тағы 300 автобусқа көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз және 15-20 жаңа маршрут ашылады. Бұл бізге қала маңындағы маршруттардың санын көбейтіп, елді мекендер ішіндегі маршруттарды ұзартуға және агломерация тұрғындарының жүріс-тұрысын жылдамдатуға мүмкіндік береді» деді Ж.Қасымбек.

Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдігі бірлесе отырып, агломерацияға кіретін аудандарды синхронды дамыту бойынша белсенді іс-шаралар қабылдады. Астана қаласы облыстың агроөнеркәсіптік кәсіпорындары үшін жақын маңдағы ең ірі өткізу нарығы болғандықтан, Кешенді жоспарда 63 ірі жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде жылыжай кешені, екі көкөніс қоймасы, өндірістік кешен, үш ірі қойма және логистикалық орталық құрылысы бар. Қазіргі уақытта олардың 7-уі іске қосылу деңгейінде тұр.

Жақын маңнан келушілер көп

Ақмола облысының әкімдігімен Астана нарығына жұмыс істейтін инвесторлар үшін жер телімдерін басымдық бере отырып бөлу туралы келісімге қол жеткізілді. Инвесторлар тарта отырып заманауи қоқыс жағу зауытын салу бойынша келіссөздер аяқталуда. Бұл зауыт жылу және электр энергиясын қосымша өндіретін болады. Аталған зауыт тәулігіне 1500 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар агломерация құрамына кіретін елді мекендердегі коммуналдық қалдықтарды жинау мен әкету ескерілді.

«Елорда мектептері мен колледждерінде Астана агломерациясының жақын маңдағы елді мекендерінен 10 мыңнан астам бала күнде келіп кетеді. Оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешу үшін облыспен шектесетін тұрғын алаптарда биыл әрқайсысы 2000 орынға арналған 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Статистикаға сәйкес, қалалық стационарлардағы орындардың 17%-дан астамын басқа өңірлерден келген науқастар пайдаланады. Біз бүгінде қосымша денсаулық сақтау нысандарына қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан үшінші көпсалалы аурухана мен екі перинаталдық орталық салу мәселесі өзекті болып тұр» деп түсіндірді Ж.Қасымбек. Қала басшысының айтуынша, екі перинаталдық орталықтың құрылысын жыл соңына дейін бастау (1 – жеке инвестор есебінен, 1 – Самұрық-Қазына есебінен) жоспарланып отыр. Үшінші көпсалалы аурухана бойынша жобалау биыл аяқталады, нысан құрылысы 2025 жылы басталмақ. Қала әкімі барлық жоспарланған іс-шараларды іске асыру әкімдіктің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.

Агломерацияның негізгі мәселесі қандай?

Бүгінде халық санының тұрақты өсуі – Астана агломерациясының басты ерекшелігі болып отыр. Соңғы 10 жылда тұрғындар саны орташа 72%-ға артқан.  «Бұл ресми санақ бойынша, ал нақты жағдайға келетін болсақ, ауылды мекендер 6 есеге өсім көрсетіп отыр. Мәселен, Жібек жолы ауылының халқы 5,5 есе өскен, 2014 жылы тұрғындар саны 4 675 адам болса, 2023 жылы – 10 622 адам, қазіргі нақты санақ бойынша 30 мыңға жуықтап отыр. Ал Талапкер ауылында 2014 жылғы санақ бойынша 6 882 адам тіркелсе, қазір нақты 30 000 адам тұрып жатыр. Қосшы қаласында тұратындар саны 5 есе өскен, 2014 жылғы санақ бойынша – 21 000 адам, 2023 жылы – 54 000 адам, қазір нақты 112 000 адам тұрады» деді өз сөзінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Баяндамаларды тыңдаған Премьер-министр кешенді жоспарды іске асыру үшін елорда мен өңірдің өзара белсенді іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Олжас Бектенов қалаға жақын маңдағы елді мекендерде халық санының күрт өсуі мен елордаға күнделікті келіп-кететін адамдардың легі агломерацияның негізгі проблемасы екенін атап өтті. «Бұл Астана қаласының инфрақұрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырады. Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді. Сондықтан аталған мәселелерді шешу үшін ауқымды жұмыс істеуге тура келеді» деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған Кешенді жоспар осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Қала маңындағы ауылдардың сумен қамтамасыз ету, су бұру, электрмен жабдықтау, жолдардың жай-күйі сияқты өздерінің проблемалары да баршылық екенін атап өтті.  «Жоспарды іске асыру осындай өзекті мәселелердің де шешімін табуға тиіс. Сонымен қатар елорда іргесіндегі ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашу қажет. Астана қаласы агломерацияның өзегі ретінде іргелес жатқан аумақтардың орнықты дамуына негіз болады. Бұл елорда мен оған жақын маңдағы елді мекендердің тұрмыс деңгейінің арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді» деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы Кешенді жоспарды іске асыру кезінде инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Бұл көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның біртұтас кешенін құруға көмектеседі. Осылайша агломерацияның тірек қаңқасы қалыптасады. «Сондай-ақ 45 ауылдық елді мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет. Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады» деді Олжас Бектенов. Премьер-министр атап өткендей, жоспарланған барлық іс-шараларды жауапты әрі сапалы іске асыру елорда мен қала маңындағы аймақтардың экономикалық даму тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button