Басты ақпаратРуханият

Атына заты сай азамат еді

Жарты ғасырға жуық ғұмырын қазақ баспасөзіне арнап, артында өшпестей із қалдырған, әдебиет әлеміне де құлаш сермеген қаламы қарымды қаламгер Жылқыбай Жағыпарұлының өмірден озғанына қырық күн болып қалыпты. «Қазақ – жылқы мінезді» деп жататынымыз бар. Жылқыбай аға атына заты сай азамат еді. Бойында жылқыға тән тарпаңдық, асау мінез де, тазалық та, адалдық та бар болатын. Бір сөзбен айтқанда, нағыз қазақ кім десе, көрсететін адамның бірі еді.

Қаламгердің бүкіл шығармашылығы кешегі Целиноград-Ақмола, бүгінгі Астанамен астасып жатыр. Қасиетті Қарқаралы топырағында дүниеге келіп, ат жалын тартып мінер шағында тағдырдың жазуымен ежелгі Қараөткел өңіріне келгеніне биыл тура 50 жыл болады екен. Осы жерден арман қуып, Алматыға оқуға аттанды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, тарихшы мамандығын алды. Алайда мақсаты журналист болу еді. Содан жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне әдеби қызметкер болып қабылданды. Бұл басылымда отыз жылға жуық еңбек етіп, бас редактордың бірінші орынбасары қызметіне дейін өсті. Сол жылдары 7 пайыз ғана қазағы бар қалада ұлттық мүддені ту қылып көтеріп, туған тіліміздің өзінің биік тұғырына көтерілуіне, ұлттық рухтың оянуына аянбай қызмет етті.

Мәселен, 1979 жылы Ақмола өлкесінде неміс автономиясын құру жоспары болғаны тарихтан белгілі. Оған қарсы шыққан азаматтардың арасында сол уақытта жалындаған жиырма бес жастағы ­Жылқыбай Жағыпарұлы да болды. Наразылық шеруінің белортасында жүріп, үндеулер жазып, бейбіт шерудің бұқаралық сипат алуына белсенді үлес қосты. Осы оқиғадан кейін
мемлекеттік қауіп­сіздік комитеті тарапынан тексеруден өтіп, осы органның тұрақты назарында болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде «сенімсіздер» қатарында бақылауға алынды

Өмірден өтерінен бір жарым ай ғана бұрын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының ұйымдастыруымен қаламгермен кездесу өтті. Сол жерде Жылқыбай Жағыпарұлының Ақмоланың қазақылануына қосқан үлесі жайында біраз әңгіме айтылды.

Мәселен, 1979 жылы Ақмола өлкесінде неміс автономиясын құру жоспары болғаны тарихтан белгілі. Оған қарсы шыққан азаматтардың арасында сол уақытта жалындаған жиырма бес жастағы Жылқыбай Жағыпарұлы да болды. Наразылық шеруінің белортасында жүріп, үндеулер жазып, бейбіт шерудің бұқаралық сипат алуына белсенді үлес қосты. Осы оқиғадан кейін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан тексеруден өтіп, осы органның тұрақты назарында болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде «сенімсіздер» қатарында бақылауға алынды.

«Сексенінші жылдардың ортасында Целиноград қаласындағы жалғыз қазақ мектебі – Жамбыл атындағы №4 мектепте бірінші сыныпқа бала болмай, бастауыш сыныптар жабылды. Бала саны 200-ге толмайтын мектептің болашағына қатер төнді. Сол уақытта Жылқыбай Жағыпарұлы үй-үйді аралап, ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, қазақ мектебін қиын тығырықтан алып шыққан ұлтжанды ұстаз, марқұм Жанна Байсейітқызы Әрпеноваға жан-жақты көмек көрсетті. Ал 1987 жылы ол баласы бірінші сыныпқа баратын әрбір отбасында болып, ата-аналармен жан-жақты жұмыс жүргізіп, Ақмола шежіресінде алғаш рет Целиноград қаласының қақ ортасында №3, №8 және № 26 орыс орта мектептерінде алғашқы қазақ сыныптарын ашты» дейді әріптес інісі, бүгіндері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұратбек Тоқтағазин.

Оның айтуынша, Жылқыбай Жағыпарұлы республикамыздағы алғашқы «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына ерекше еңбек сіңіріп, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. Қоғамның құрылтайында беташар сөз сөйлеп, баяндама жасады. Өңірде орынсыз бұрмаланған тарихи жер атауларын қалпына келтіру, қала көшелерінің атауын қазақыландыру жұмысына да белсене араласты. 1988 жылы 31 мамырда Целиноградта студент жастардың көмегімен республикамызда тұңғыш рет 1932-33 жылдардағы аштық құрбандарын еске алу митингісін өткізіп, қала ортасындағы мұсылмандар зиратында қалпына келтіру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Осы митингі соңында алдағы уақытта жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өту туралы үндеу қабылдауға ұйытқы болды.

Жылқыбай Жағыпарұлы «Арқа ажары» газетінде белгілі журналист, көсемсөзші, философ Жомарт Әбдіхалықтың бірінші орынбасары болды. Бас редактор өзінің орынбасарына қалтқысыз сеніп, газетті ұйымдастыру ісінде еркіндік беретін. Себебі орынбасары жерге қаратпайтынын білетін. Бас редактор мен орынбасары ерекше сыйластықпен, ынтымақпен жұмыс істеді. Жылқыбай аға тарихшы мамандығын алғанын жоғарыда айттық. Тарихи тақырыптарға, әсіресе әдеби шығармаларында қалам тербеді. Соның ішінде 1932-33 жылдардағы ашаршылық қасіретін жайып салған «Зар-нала» повесінің шығармашылығында алатын орны ерек. Бұл туындыны кезінде Жомарт Әбдіхалық жоғары бағалап, баспасөз бетінде арнайы пікір білдірді. Алланың жазуы дейміз бе, Жылқыбай Жағыпарұлының ғұмыры да Жомарт ағасы сияқты қара жолда үзілді…

Жалпы Жылқыбай Жағыпарұлы – «Үміт толқыны», «Зар-нала», «Қиянат», «Залал», «Қалам киесі», «Ақмола көтерілісі», «Қайта жанған үміт», «Қарасарт» кітаптарының авторы. «Астана», «Ұлт ұясындағы ұлағат» сынды бірнеше кітапты құрастырды.

Жылқыбай аға маңайына балағында биті бар жастарды үнемі үйіріп жүретін. Белгілі журналист, бүгіндері Қосшы қалалық «Жаңа бастау» газетінің бас редакторы Дәулетқали Асауовты құрылыста жүрген жерінен журналистикаға жетелеп алып келіп, «Арқа ажарына» жұмысқа алды. Қазір «Халық үні» сайтының шеф-редакторы Еркеғали Бейсеновті 18 жасынан қасына ертіп жүріп, журналистикаға баулыды. Жалпы Ақмола өңірінен түлеп ұшқан талай журналист Жылқыбай Жағыпарұлын ұстаз тұтады. Тәлімгерлігі «Ел» газетінің бас редакторы болғанында да жалғасты. Осы басылымда талай жасты тәрбиелеп, томағасын сыпырды.

Жылқыбай Жағыпарұлы он жылдан астам уақыт «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеп, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды, ел өміріндегі өзекті мәселелерді кеңінен толғады. Осы басылымнан зейнетке шықты. Қай қызметте жүрсе де адалдығынан айнымай кетті.

«Адалдық – асыл қасиет. Бірақ ол – жас шыбық сияқты өте нәзік. Егер бағбан жерге отырғызған жас шыбығын күнде баптап, қисық өскен бұтақтарын түзеп, күтім жасамаса, ол тереңге тамыр жайып жайқала өспеген болар еді. Адалдық та сол сияқты. Ол барлық адамның бойында кездесетін табиғи қасиет болғанымен, тәлімді тәрбиені қажет етеді. Егер өскелең ұрпақты жастайынан шыншылдыққа, әділдікке, біреудің еңбегін қанамауға, өзгенің несібесіне қол сұқпауға тәрбиелемесе, олардың бойындағы табиғи адалдықты кір шалады» деп жазды өзі «Адалдық» атты ой-толғамында.

Биылғы күзде жетпіс жастың жотасына шығатын еді. Оған дайындықты да бастады. Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлымен кездесіп, осы мәселені ақылдасқан да еді. Жаратқан оған жеткізбеді. Көрнекті ақын Абзал Бөкенше айтсақ, қаламгердің қадамын енді қаламынан тамған сия әрі қарай жалғайды. Ал мұрасын насихаттау – отбасы, шәкірттеріне аманат.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button