Басты ақпаратҚоғам

Атқұмар Алтынай

Бизнесті дөңгелетіп, іскерлік пен біліктіліктің үлгісін көрсетіп жүрген астаналық әйелдердің қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Nomad Woman» атты тұңғыш әйелдер ат спорты клубының негізін қалаушы Алтынай ­ТӘҢІРБЕРГЕНОВА. Ол еліміздің түкпір-түкпіріндегі әйелдердің басын қосып, жаңа бағыт – агротуризмді дамытуға атсалысуда. Елордалық кәсіпкерлер этнотуризм саласына көбірек көшуде, өйткені халықтың салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігін танып-білгісі келетіндердің сұранысы артып келеді.

– Елордада атқа міну үрдісі кең етек алуда. Қазір Астанада 15-ке жуық ат спорты клубы бар. Этноауылда «Jorga Astana» ат спорты клубын ұйымдастырдық. Атпен сейілдеудің бұл түрі қолайлығымен ерекшеленеді, арнайы желісі жайлы, ерде отырғанда соғып тастамайтын жылқыларды таңдадық. Оларды күтіп-баптайтын жас жігіттерге және сүзбе, айран, басқа да ұлттық өнімдерді жасайтын қыз-келіншектерге шаруашылықта жұмыс орындарын аштық. Олар «Ана Time» әлеуметтік бағдарламасы бо­йынша оқытылды. Жоба аясында біз ұлттық мәдениетті қолдаймыз, халықты атқа отыруға шақырамыз және дәстүрлі тағамдар дайындаймыз. Қалалық перзентханалардың бірінде этноұлттық палаталар аштық, ондағы ойымыз дүние есігін ашқан сәби мен жақындарына жайлы жағдай жасауды қаладық, – дейді Алтынай.

Алтынайдың өзі де атқұмар. Атпен сейілдеу тек спорттың түрі ғана емес, мінез-құлқыңды да шыңдауға көмектеседі дейді.Төрт аяғын тең басқан су шайқалмас жорғаны оған сыйға берген, жылқыларының арасындағы сүйкімдісі де сол.

– Бала кезімізде әкем бізді Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы ауылға үнемі апаратын. Онда ата-әжелерімізге мал бағуға көмектесіп, ер-тоқымсыз, жайдақ мінуді үйрендік. Олардан маған маңызды ауылдағы өмір дағдылары мен қарапайым адами құндылықтар мұра болды. Жылқы – мені эмоционалды жағынан тежеп, ашуымды білдірмей, байсалдылыққа үйрететін ғажайып жаратылыс. Ол бізді жағдайлардың құрбаны болмай, күшті және бірқалыпты болуға үйретеді. Кіші қызым да жылқыға құмар. Ол ат спортының конкур деп аталатын кедергіден секіру спорты түрімен айналысады, – дейді сұхбат беруші.

Алтынай Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің мүшесі ретінде халықтың әлеуметтік осал топтарындағы әйелдерге арналған «Nomad Woman» атты алғашқы ат спорты клубын ашып, олардың ат спортымен белсенді айналысуына ықпал етіп, ойға алған бастамасын жүзеге асыра бастады. Мұнда ол айналасында жүрген пікірлестері тарапынан психология­лық қолдау таба алды, жаңа кәсіп – әлеуметтік кәсіпкерлікті меңгеру – бонус болды. Міне, осылайша тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің тұғырын табуға көмектесетін «Ана Time» жобасы дүниеге келді.

– Демеушілердің қолдауы бізге көп көмектесті. Психолог Гүлзат Асанова жобаға дейінгі және кейінгі әйелдердің психологиялық жағдайына талдау жүргізді. Нәтиже әйелдер әл-ауқатының жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Олардың көпшілігі сақ патшайымы Томирис сияқты өздерін күшті және сенімді сезінеді, – дейді ол.

Этноауыл мен ат спорты клубын құрумен қатар, жұбайы Алтынаймен бірге Қазақстан үшін бірегей жоба – киіз үй тігілген этноауылдың қазығын қағатын болады. Жоспарда 20-ға жуық киіз үй тігу бар, онда адамдар ашық ауада демалып, атпен серуендей алады.

– Жолдасым Нұрлан – Үш­төбе киіз үй жасау технология­сын қолданатын жалғыз киіз үй өндірушісі, қолында қазақ үйлерін қалпына келтірудің бірегей матрицасы мен технологиясы бар. Рухани әлеует пен ұлттық сананы арттыру дегеніміз – туған жерге деген сүйіспеншілікке, халық мұрасын бағалауға, жанашырлыққа, елге деген мақтанышқа тәрбиелеу. Ал мұны өз халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне қаныққанда ғана сезінесің. Қазіргі жағдайда мұндай мүмкіндікті тек этноауыл ғана бере алады, – деп атап өтті Алтынай.

Айтпақшы, Алтынай – «Байтақ жер» этно және гастро­туризм саласындағы инновациялық акселератор жеңімпаздарының бірі.

– Этнограф ретінде шетелден әкелінетін киіз үйлерді өзіміздің киіз үйлерге бейімдеуден жақсылық көріп тұрған жоқпын. Қыркүйекте елордада V халықаралық көшпенділер ойындары өтеді. Қазір сол ауқымды шараның тұжырымдамасы әзірленуде, қазақы мәнермен киіз үй тігудің өзектілігі одан әрі арта түсетіні анық, – деп бөлісті кәсіпкер.

Осыншама тірліктің арасында жүрсе де, Алтынай кітап жазуды қолға алды. Кітап өзі және өзіндей замандас әйелдер туралы, олардың ішкі үйлесімі мен даралықты сақтау жайында жазылған ерекше әңгімелер жинағы.

Қандай да бір себептермен есейген кезде орындалмаған балалық шақтағы армандарды есте сақтау қаншалықты маңыз­ды. Оларды жүзеге асырамыз деп жүріп тағдырымыздың тағы бір тарауын бастаймыз. Атсейіс Алтынайдың өмірі – соған дәлел.

Алина ИМАМБАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button