Мәдениет

Ақынға арналған қойылым

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Ақжелкен» студенттер театры «Жастар театры» ғимаратында С.Сейфуллиннің 130 жылдығы аясында ақын Ғазиз Ештанаевтың «Ақын мен ажал» драмалық қойылымын сахналады. Қойылымды тамашалаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары, университет ұстаздары, студенттер және қала тұрғындары кәсіби актерлердің деңгейіндегі шығарманы ойнаған студенттердің өнеріне зор қошеметпен қол соқты.

Спектакльде Сәкен Сейфуллиннің жазықсыз тұтқындалып, абақтыда жатқан азапты күндері, қазақ халқының, ұлт зиялыларының басына түскен қайғы-қасірет пен ашаршылық жылдары суреттеледі. Қойылым режиссерлері Нұрфат Вахитов пен Думан Умаровтың ерек еңбегін атап өткен жөн. Сәкеннің бейнесін сомдаған экономика факультетінің 4-курс студенті Жангелді Маратов көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар Балдырған Аманжолқызы, Аяулым Өтепберген, Еламан Сәдуақасов, Назым Қуантаева, Айсұлу Сыйлағанова, Мөлдір Қуанышбай, Ақжарқын Серікбол, Сымбат Сұралина, Сабина Жексенбай, Шырайлым Жеңіс, Дамира Тоғжанова, Мұхамедьяр Сақтапбаев, Нұржігіт Мелден, Береке Жолтай, Әділ Махамбетов, Айгерім Қайпен, Ұлан Тұрсын, Назерке Қожабекова, Жанна Нұржан, Ұлболсын Орынбасар, Дінмұхаммед Ибрагимұлы, Нұрдәулет Айтмырза секілді студенттер көрерменді шебер ойынымен тәнті етті.

Қойылым соңынан сахнаға шыққан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, драматург, актер, әнші, сәкентанушы ғалым Қанат Жүнісов студенттердің өнеріне ризашылығын жеткізіп, жас өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.

Талғат ҚАНАФИН,

университеттің­ мәдени-­бұқаралық ­жұмыстар жөніндегі ­департаментінің аға менеджері

Сурет авторы: Данил Акрамов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button