Басты ақпаратБілім

Астана – білім ордасы

Кез келген мемлекеттің тұғырын тіктеп, абыройын асқақтататын – сол елдің білім-ғылымы және отбасы құндылық­тары. Қазақстанның келешегі кемел, болашағы жарқын болуына Астанадағы білім ордаларының қосар үлесі зор. 25 жылда бой көтерген елорданың білім ордалары айрықша қаланың еңсесін биіктетіп, рухын асқақтатып тұр. Еліміздің барлық өңірі елорданың білім ошақтарына қарап бой түзеп отырғаны белгілі.

ОҚУ ОРЫНДАРЫ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

Осыдан 26 жыл бұрын, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға ресми көшіру жүзеге асқаны белгілі. «Миллионер қала» мәртебесіне 2017 жылдың маусымында қол жеткізілді, ол кезде тұрғындар саны 1002874 болды. Кезінде 200 мыңнан ғана асатын қалада 2023 жылғы 1 қаңтар жағдайы бойынша қала тұрғындары саны 1354435 адамды құрады, бұл – Алматыдан кейінгі Қазақстандағы екінші көрсеткіш. Яғни 25 жылда бас қала халқының саны үш есеге дерлік өсті. Бұл дегенің миллион­нан аса адамның астаналық болып келуі, қалыптасуы көз алдымызда өтті, осыншама халықтың тағдырын елорда басқаша өзгертті.

Елордада бір күнде – 50, жылына 25000 сәби іңгәлап дүние есігін ашады, 2030 жылы 2 млн, 2050 жылы 3 млн адамға жетеді деген болжам бар.

1998 жылы 4 маусымда Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Қазір ол Қазақ ұлттық өнер университетіне айналды.

Сол кезде әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшаларды ашу мәселесі тұрды. Қаладағы 220 мың халықтың 17 пайызы ғана қазақ саналатын астанада тек бір ғана қазақ мектебі болды, ол – №4 қазақ мектебі.

1999 жылы 18 қаңтарда елордада «Мирас» халықаралық қазақ-америка мектебінің іргетасы қаланды.

1999 жылы 28 шілдеде қаланың Алматы ауданында балалар қалашығының алғашқы кірпіші қаланды. Қалашықта 120-ға тарта асыраушысы жоқ бала тәрбиелеу жоспарланды. Осы жылы 4 қарашада Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаhарманы» С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебі ашылды.

2001 жылы 26 маусымда Астанада «SOS Қазақстан бала­лар қалашығы» ашылды. 1 қыр­күйекте елорданың №2 орта мектебіне ақын Ғафу Қайырбековтің есімі берілді.

2003 жылы 18 маусымда қала іргесінде «Балбөбек» сауықтыру лагері ашылды. 7 шілдеде Қазақ гуманитарлық-заң университеті жаңа оқу ғимаратының алғашқы кірпіші қаланса, 1 қыркүйекте «Көктал» кентінде 850 орындық жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті, 2004 жылы оған Әлкей Марғұлан есімі берілді.

2007 жылы 27 шілдеде «Қазақстан Республикасының Білім туралы» заңы қабылданды. 4 қыркүйекте Астананың оңтүстік-шығыс ауданында халықаралық қазақ-түрік лицейі ашылды, 2008-2010 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасы бекітілді.

2011 жылы 26 сәуірде Астанада ТМД елдері мұғалімдерінің басын қосқан I құрылтай өтті. Оған 500 маман қатысты.

ЕРЕКШЕ ДАРЫН ИЕЛЕРІ

«Астана дарыны» дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау орталығы 2022-2023 оқу жылында қалалық және республикалық деңгейдегі 200-ге жуық зияткерлік олимпиада мен конкурс өткізді, оларға 32 мыңға жуық елордалық оқушы қатысты.

Шаралардың ішінде республикалық олимпиада және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы – ең беделді зияткерлік жарыстар. Аталған іс-шараларға қатысу нәтижесі бойынша елордалық оқушылар «Дарын» РҒПО рейтингінде І орынға шығып, «Үздік олим­пиадалық команда» және «Үздік команда» атағын иеленді.

Республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысқан 115 оқушының 70-і орынға шығып, 10 алтын, 21 күміс және 38 қола медаль жеңіп алды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11-сынып оқушылары арасында өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсында Астананы 47 жобамен 58 оқушы таныстырды. Конкурстың қорытынды кезеңінде қазылар алқасының шешімімен астаналық 37 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды: 13 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль, 8 грамота.

2022-2023 оқу жылында рес­публикалық олимпиадалар мен конкурстарға барлығы 560 оқушы қатысты, оның 314-і жеңімпаз және жүлдегер атанды: 67 алтын медаль, 107 күміс медаль және 140 қола медаль.

Халықаралық рейтингтік олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға 280 оқушы қатысып, 206 медаль жеңіп алды. Оның ішінде: 121 алтын, 36 күміс, 49 қола медаль.

ЕЛОРДАДАҒЫ ЕРЕКШЕ УНИВЕРСИТЕТ

2006 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаев университетін құру туралы жариялады. Әлемнің жетекші университеттері үлгісінде 2010 жылдың маусымында Астанада ашылған Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде елімізде өзге жоғары оқу орындары, озық өңірлік оқу орындары бой түзеп келе жатқаны қуантады. Назарбаев университеті интеллектуалдық-инновациялық кластер ретінде танылып келеді.

Халықаралық стандартқа сай білім қорымен қамтамасыз ету мақсатында университетте заманауи мамандық иелерін дайындайтын 7 мектеп білім береді. Олардың қатарында инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі (SEDS), жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі (SSH), жоғары бизнес мектебі (GSB), жоғары мемлекеттік саясат мектебі (GSPP), жоғары білім беру мектебі (GSE), медицина мектебі (SOM), тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебі (SMG) – жастардың бүгінгі ой-санасының өсіп-жетілуін қамтамасыз етер реформалық бағыт-бағдардың негізгі тетігі, дамудың маңызды арнасы. Әр мектеп Қазақстанның инновациялық индустрияландыру шеңберіндегі индикаторлық көрсеткішін нақтылауға септігін тигізері сөзсіз.

2010 жылы негізі қаланған Назарбаев университеті – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды көздейтін мемлекеттің флагмандық оқу орны. Бұл – қызметі дербестік және академиялық еркіндік қағидатына негізделген Қазақстандағы ең алғашқы университет. Шынында да, Назарбаев мектебі мен университеті – Қазақстанның білім саласындағы бренді.

БРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН МЕКТЕП

2010 жылдың 1 қыркүйегінде Астана қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларға өз есігін ашты.

2011 жылғы 12 шілдеде елордадағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін халықаралық бакалавриатқа авторизациялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық бакалавриат шеңберінде оқушыларға икемдеп берілуіне байланысты химия-биология бейіні қысқарып, мектептің аты Астана қаласындағы Назар­баев зияткерлік мектебі болып өзгерді.

NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, осы бағыттағы жұмысы өте маңызды. Ол баланың барлық салада жан-жақты болып өсуіне мүдделі. Біз көбіне объективті түрде баланы дамытуға тырысамыз да, ал оның ішкі үндестігін, ой-арманын қалыс қалдыратын кезіміз бар, сондықтан бала ойлаудан, армандаудан қалыс қалмауы тиіс. NIS – адамдармен диалог құрып, жүрегімен шынайы сөйлесуге, бөлісуге үйрететін мектеп. Шынында да, нәтижелі жұмыс оқушы жетістігінен көрінеді.

Елімізде 20-ға жуық Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Олар бүгінде көшбасшы мектептер қатарында. Назарбаев зияткерлік мектептері басқа білім ордаларына үлгі болып келеді.

ЕУРАЗИЯДАҒЫ ОРНЫ ЕРЕК

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – Астанада орналасқан Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнының бірі. Еуразия ұлттық университеті 1996 жылғы 23 мамырда екі ЖОО – Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогика институтының бірігуі негізінде құрылды.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – дарынды және мақсатшыл жастардың ордасы. Қазақстанның жетекші көпсалалы оқу орны жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз етіп, еліміздің зияткерлік, экономикалық әлеуетін дамытуға үлкен үлес қосуда.

Мұнда 13 факультет, әскери кафедра, колледж, ғылыми-зерттеу зертханалары мен мекемелері, ядролық технологиялар паркі, мәдени-білім беру орталықтары бар. Білім ордасында еліміздің және әлемнің әртүрлі мемлекетінен 19 мыңнан астам студент білім алады. Студенттер үшін 6 оқу ғимараты, 2 спорт орталығы, 8 студент үйі және студент емханасы, ғылыми кітапханалар, мұражайлар, коворкинг-орталықтар, бизнес-инкубатор шығармашылық алаңдары қарастырылған.

Сонымен қатар 460-тан астам шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнап, академиялық ұтқырлық, қос диплом және ғылыми тағылымдама бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Университеттің шығаратын 18 ғылыми журналының 3-еуі Web of Science Core Collection халықаралық базасына кіреді.

Оқу ордасының қабырғасында студенттік өмір белсенді дамып келеді. Әр түрлі бағытта 60-тан астам студент ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында студенттердің өзін-өзі басқару және еріктілер ұйымы, әлемдік сахналарды бағындыр­ған студенттік театр, оркестр, би мектебі, вокалды-аспаптық ансамблі бар. Талантты жастар халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленуде. ЕҰУ өзінің ширек ғасыр тарихында 80 мыңға жуық маманды даяр­лады.

Қазіргі таңда Астанада 15 жоғары оқу орны студенттерге білім беруде. Елордада 33 колледж бар, оның 9-ы – мемлекеттік, 24-і – жекеменшік.

ОТАНДЫҚ БІЛІМ БЕСІГІ

Ақмола Астана атанған ал­ғашқы жылы қалада бір ғана қазақ мектебі болды. Қазір олардың саны – 35. 1998 жылы небәрі 44 мектеп қана болатын.

Қорыта айтқанда, еліміздің бас қаласындағы білім саласында серпінді жобалар қолға алынды, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін елордада біршама жұмыс атқарылды. Алайда қалада жалпы білім беретін мектептерде және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын тапшылығы, үш ауысымды оқыту, педагог кадрлар мен балабақшалардың тапшылығы проблемасы сақталуда. Осы ретте елорданың білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасы қабылданып, іске асырылуда.

Елордамыздың білім беру жү­йесінде 336819 баланы қамтып отырған 728 білім беру ұйымы жұмыс істеуде (244-і – мемлекеттік, 484-і – жекеменшік).

Қазіргі таңда елордада 236757 бала контингенті бар 164 жалпы білім беретін мектеп бар. Бүгінде қаламызда бала саны шамадан тыс 18 мектеп, үш ауысымды 8 мектеп жұмыс істеуде. Оқушылардың орын тапшылығы 26 мың орынды құрайды. Елордада 15 жоғары оқу орны, 33 колледж бар, оның 9-ы – мемлекеттік, 24-і – жекеменшік.

Қазақстанның бірден 34 университеті британдық QS EECA 2022 агенттігінің нұсқасы бойынша үздік жоғары оқу орындарының тізіміне енді. Ал QS World University Rankings әлемдегі үздік университеттер рейтингін құрастырушылардың мәліметінше, 165-орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті иеленсе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 357-орында тұр.

Мемлекет басшысының ұстаздардың жағдайын жақсартуға қатысты қабылданған, мұғалімдердің статусын көтеруге бағытталған заңы ұстаздардың беделін көтеріп, мерейін тасытып, әлеуетін арттыра түсетіні анық. Осы ретте қала әкімдігінің, Білім басқармасының елордалық ұстаздарды қолдаудың ең үздік моделін көрсетіп отырғанын айрықша айту қажет. Елорданың ұстаз­дары еліміздегі барлық ұстаздар ­қауымына мектеп, мұғалім, оқушы қандай болуы керек дегенде үлгі тұтар, алдыңғы қатарлы, үздіктер екенін мақ­танышпен айтуымыз қажет.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button