«Астана ЭКСПО-2017» ҰК қайта ұйымдастырылды
Астана қаласы әкімі, «Астана ЭКСПО–2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілістің қорытындысы бойынша компанияның жаңа ұйымдастыру құрылымы таныстырылды.
Ә.Жақсыбеков компания ұжымына басқарма төрағасының жаңа орынбасары Марлен Жакежановты таныстырды. Ол заңгерлік департамент, тәуекел менеджменті және корпоративтік басқару, бухгалтерлік есеп және есептілік, экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің жұмыстарына жетекшілік етпекші.
Ұйымның жаңа құрылымына сәйкес басқарма төрағасының орынбасары Владимир Лютовтың міндетіне сәулет, құрылыс, қауіпсіздік, жаңа технологиялар және IT мәселелері кіреді.
Сатып алулар, нысандарды пайдалану және операциялық қызметтерге басқарма төрағасының орынбасары Алмас Жаманбеков жауап береді.
Басқарма төрағасының орынбасары Вера Кобалия көрмені жұртшылық арасында кеңінен таныту, халықаралық қатысушылар мен туристерді тарту, коммерцияландыру және демеушілік, контет және көрмеден кейін нысандарды пайдалану мәселелеріне жетекшілік етеді.
Александр Суворов өз еркімен басқарма төрағасы орынбасарының қызметінен босатылды.
Біріктірілген бірқатар құрылымдық бөлімшелерді есептемегенде, ұлттық компанияның департаменттері өзгеріссіз қалдырылды.
Сондай-ақ, аппараттық мәжіліс шеңберінде көрмені жұртшылық арасында кеңінен таныту, Тіркеу құжаттамасына сәйкес демеушілерді тарту, халықаралық қатысушылармен келісімшарттар жасасу, Елбасының тапсырмасы аясында корпоративтік қатысушыларды – әлемдік брендтерді, инновациялық «жасыл» технологиялардың көшбасшыларын тарту және жергілікті мазмұнды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.