Басты ақпаратЕл тынысы

Астана – қаржы инвестициялық орталық

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, АҚШ, Германия және тағы басқа елдерге мемлекеттік сапармен барғаны белгілі. Сапар аясында озық елдердің алпауыт корпорация басшыларымен кездесіп, елге инвестиция құюға шақырып, бизнесін дамытуды ынталандырып келеді. Себебі шетелдің ірі-ірі компанияларымен бірге заманауи технология келеді. Бәрінен бұрын, қаржы келіп, тұрақты жұмыс орындары ашылады. Біз Астананың инвес­тициялық әлеуеті туралы сөз етпекпіз.

КӨШ БАСЫНДА ҚАЙ ҚАЛА?

Әлемнің озық елдерінің экономикалық өсімінің бір қыры – ­инвестиция тарту деңгейінен көрінеді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) әдістемесі негізінде жүргізілген рейтингте Қытай мен АҚШ тікелей шетел инвестициясын тарту рейтингісінде бірінші-екінші орынға таласып келеді. 2000 жылдардың басынан бұл үдеріс қалыптасты. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қытай шетел компанияларынан 111,8 миллиард доллар инвестиция тартса, АҚШ-тың көрсеткіші – 74,6 миллиард доллар. Қыруар қаржы бизнес саласына серпін беріп, сервистік қызмет сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруда септігі көп. Міне, ресми Пекин мен Вашингтон инвесторға қолайлы бизнес климат жасауға ерекше мән беруінің себебі – осы.

Әлем елдерінен бөлек, мегаполистер де инвестор тартуға мүдделік танытып, әлемнің қаржы орталығына айналуды көздейді. Жаһандық қаржы орталықтарының индексіне (GFCI) АҚШ пен Қытайдың үш қаласы кірді. Көш басында Нью-Йорк қаласы тұр. Одан кейінгі сатыға Лондон, Сингапур, Гонконг, Сан-Франциско, Шанхай, Лос-Анджелес, Пекин, Шэньчжэнь және Париж қаласы жайғасты. Бұл рейтингтің алғашқы қатарына Берлин, Дубай, Мадрид, Мәскеу, Стамбұл, Рим сынды қалалар енбегендіктен, біздің Астана мен Алматыны іздеудің өзі артық. Дегенмен, Орта Азияда инвесторларға ең тартымды қаланың бірі – Астана.

1  триллион 462 млрд2022 жылы  Астанаға рекордтық көлемінде

тартылған инвестиция көлемі (теңге)

– Шынында, Астананы инвес­торлар үшін «магнит қала» деп атайды. Елорда елдің инвестиция­лық қақпасы ретінде танылып үлгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Астана қаласының әкімдігі капитал ағынына қолайлы инвестиция­лық ахуал қалыптастырды. 2022 жылы 1 триллион 462 миллиард теңге көлемінде рекордтық инвестиция тартты. Бұл көрсеткіш елорданы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша тау-кен өндірмейтін өңірлер арасында көшбасшыға айналдырды. Одан бөлек, тұрғын үй құрылысы бойынша 1-орын, шикізаттық емес сектор бойынша және негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлеміне бойынша 2-орында тұр, – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов.

2023 жылдың 8 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 784,6 миллиард теңгені құрады. Басты көрсеткіштің бірі – шетелдік инвестиция көлемі 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 793,7 миллион долларға жетті. Астанаға Нидерланды, Бельгия, АҚШ, Швейцария, Ресей, Оңтүстік Корея және басқа елдердің компаниялары инвестиция салды.

ЕЛОРДА – БИЗНЕСКЕ ТАРТЫМДЫ ҚАЛА

Астана – инвестициялау үшін ыңғайлы қала. Біріншіден, гео­графиялық тұрғыда қолайлы орналасқан. Екіншіден, ірі көліктік-логистикалық торап саналады. Үшіншіден, үлкен тұтыну нарығы бар. Төртіншіден, инфрақұрылымы қолжетімді. Бесіншіден, инвесторлар үшін мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары бар. Мәселен, отандық және шетел инвесторлары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін және жобаны сүйемелдеуді  жүргізетін  «Астананы дамыту» орталығы мен «Astana Invest» фронт-офисіне жүгіне алады.

– Инвестициялық келісімшарт механизмі жер учаскесін беру, кедендік баж және салықтан босату, шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігі қарастырады. Қолдау­дың тағы бір тетігі – «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңнамаға сәйкес берілетін жеңілдіктер. Бұл басымдық «Астана – жаңа қала», «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларына ұсынылады. Өз кезегінде шетел инвесторына жер учаскелерін, кейбір салықтар мен кедендік баждардан босатуды және сырттан жұмыс күшін тарту жеңілдігін береді, – деп басқарма басшысы елорданың инвесторға тартымды болуының сырын айтты.

784,6 млрд 2023 жылдың 8 айында негізгі капиталға салын­ған инвестиция көлемі (теңге)

Астананы шағын және орта бизнес саласына қолайлы етуде индустриялық парктер оң әсер етеді. №1 Индустриалды парк аумағы түрлі салада қызмет ететін бизнес субъектілері шоғырланды. Алдағы уақытта 409 гектар болатын 150 жобаға арналған екінші парк құрылады. Жобаның мерзімі – 2024-2025 жыл. Басқарма басшысынан екінші парк туралы сұрадық.

– Онда машина жасау, химия, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустрия­сы, ағаш өңдеу, фармацевтика, агроөнеркәсіп кешені және тағы басқа бизнестің бағыттары бойынша жұмыс істейді. Екінші парк резиденттері үшін кедендік баждар мен салықтардан босату, жер учаскесін өтеусіз қосалқы жалдау және ШЖК-ны квотадан тыс тарту мүмкіндігі қарастырылады. Жеңілдіктің бұл түрі шетелдің инвесторларын қызықтыратыны анық, – деді ол.

Елордаға инвесторлар 1,1 триллион теңге қаржы құйып, оған 163 жобаны қамтитын 15,9 мың жаңа жұмыс орны құрды. Сөйтіп, бас қала инвестициялық жобалардың бірыңғай пулына айналды.

– 2022 жылы 39,7 миллиард теңге сомасына 10 жоба пайдалануға берілді, 1,1 мың жаңа жұмыс орны құрылды. 2023 жылы 1,7 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 84 миллиард теңгеге 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланды. Жыл басынан бері 700 жаңа жұмыс орнын құрумен 53,55 миллиард теңге сомасына 6 жоба іске қосылды. Атап айт­сақ, «Rainbow Logistic» ЖШС логистикалық паркі, «АлауМедСервис» ЖШС-нің медициналық орталығы, «Астана-Авто-Строй» ЖШС-нің асфальт-бетон зауыты, «ҚТКСС» ЖШС бетон өндіру зауыты, «ЭНКО» ЖШС қойма кешені, «АстанаПластСтрой» ЖШС терезелер мен балкон жұптарын дайындау және монтаждау және «Тәп-тәтті» ЖШС кондитерлік, ұн және нан-тоқаш өнімдерін дайындау бойынша өндірістік кешені іске қосылды. Жыл аяғына дейін 1 мың жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 30,3 миллиард теңгеге тағы 17 инвестициялық жоба іске қосылады, – деді басқарма басшысы Халел Әкімжанов.

P.S: Лондон, Сингапур, Шанхай, Лос-Анджелес сынды қалаларға инвесторлар өздері қаржы құюға ниетті. Өйткені кәсіпті тіркеу және жүргізу, кеден және салық бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бәрінен бұрын сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі жоғары. Астана қаласында да осындай үдеріс қалыптасып келеді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button