Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Сарыарқадағы серпінді жобалар

Астананың тарихы Сарыарқа ауданынан басталады. Ол – елорданың ескі ауданы. Аумағында «Агроқалашық», «Көктал», «Көктал-2» тұрғын алаптары және «Орман отырғызу учаскесі» кенті орналасқан елді мекенде атқарылып жатқан игі істер көңіл қуантады. Жалпы аумағы 6 775 гектар жерді алып жатқан аталмыш аудан халқының саны бүгінде 340 мыңды құрады. Газетіміздің осы санында елорданы көркейтуге елеулі үлес қосып келе жатқан Сарыарқа ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тыныс-тіршілігіне тоқталғанды жөн көрдік.

Ауласы көп аудан

Астанадағы ауласы көп аудан – Сарыарқа ауданы. Бүгінгі таңда ондағы 587 ауланың 142-сі күрделі жөндеуді қажет етеді. Соңғы үш жылда 125 аула мен 32 қоғамдық кеңістік абаттандырылды.

2023 жылы күрделі жөндеуден өткізу үшін жоспарланған 29 ауланың 17 мекенжайында құрылыс жұмыстары аяқталды. Олардың басым бөлігі «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүргізілсе, қазіргі кезде 7 аулада жұмыс жүріп жатыр. Сонымен бірге 107 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы басталып, 3 қоғамдық кеңістік, олардың 1-еуі ауданның орталық бөлігінде және қалған 2-еуі тұрғын алаптарда абаттандырылуда. Бұл ретте ойын алаңдары ғана емес, сонымен қатар автотұрақтар да жаңартылып, барлық жастағы адамдар үшін аймақтар көгалдандырып, шамдар ауыс­тырылып, жаяу жүргіншілер жолдары асфальтталды.

Ағымдағы күрделі жөндеуден өткізілген ауланың бірі – Қосшығұлұлы 7 мекенжайында орналасқан. Толық абаттандыру аумағы 2411 шаршы метрді құрайды. Оның ішіне балалар ойын алаңын қондыру, спорт және workout алаңдарын, демалыс аймағы, футбол алаңын абаттандыру және т.б. жатады. Ойын алаңдарында тартан жабыны төселген. Бұл балалар құлап қалған жағдайда жарақат алу мүмкіндігін төмендетеді. Сондай-ақ барлық жобалық эскиз тұрғындармен ақылдасу, шағын архитектураларды таңдау арқылы жүзеге асады. Оған қоса аулаішілік асфальт төсемдерін ауыстыру, автотұрақ орындарын жаңарту, ауланы қосымша жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары да жүргізілді.

Бүгінгі таңда Сарыарқа ауданында Бөгенбай батыр даңғылындағы 10 ауланы қамтитын тұтас тұрғын үй алаңы абаттандырылып жатыр. Алдағы уақытта Ш.Айманов көшесі, Ы.Дүкенұлы және Ш.Уәлиханов көшелерінің учаскесінде балалар алаңдарын жаңарту, демалыс аймақтары мен воркаут алаңдары бар қоғамдық орындарды абаттандыру жоспарлануда.

– Ауданымызда тұрғындар үшін жайлы орта құру, энергияны үнемдей отырып жарықтандыру, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл ретте біз аудан тұрғындарының тілектеріне сүйенеміз. Айта кету керек, құрылыс жұмыстары кезінде бірде-бір ағаш зардап шекпейді, керісінше, қосымша 150-ден астам жасыл көшет отырғызылады. Жұмысты шілде айында аяқтау жоспарлануда. Бұл аулаларды абаттандыру 4460 тұрғынға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы.

Сондай-ақ Бейбітшілік көшесі бойындағы абаттандыру жұмыстары аяқталды. Қолданыстағы тротуар кеңейтіліп, тас төсемі жаңартылды және асфальт төселді. Қосымша 15 тұрақ орны жайғастырылып, кедергісіз орта қарастырылды.

Тарихи көшелерді абаттандыру аясында, Ш.Уәлиханов, Ы.Дүкенұлы,  Ш.Айманов көшелері мен Бөгенбай батыр даңғылы аумағы толықтай жөндеуден өткізілді. Оның ішіне жаяу жүргіншілер желісін кеңейту, 12 ауланы күрделі жөндеу, көгалдандыру, жарықтандыру бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Шапағат» сауда үйі маңындағы стихиялық сауда орындары жойылып, кәсіпкерлерге қаланың сауда үйлерінен және базарлардан заңды түрде орындар берілді.

Жалпы, Сарыарқа ауданы жылдан-жылға көркейіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жаңа әрі тартымды орындар ашылып жатыр.

Жарықтандыру жұмыстары жалғасуда

Бұған қоса, аулаішілік асфальт төсемдерін ауыстыру, автотұрақ орындарын жаңарту, ауланы қосымша жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Баспасөз қызметі мамандарының мәлімдеуінше, Сарыарқа ауданы бойынша көшелердің 90 %-ы жарықтандырылған және ауданның 297 көшесінде жарықдиодты шамдар орнатылды. Ағымдағы жылы техникалық мүмкіндік болған жағдайда тарихи жарықтандыру болмаған 30 көше бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Күн сайын тұрғындардан келіп түскен ескертулерді жою және жарықтандыруды қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Сарыарқа ауданында Соңғы үш жылда 125 аула мен 32 қоғамдық кеңістік абаттандырылды

Ал сәндік жарықтандыруға келетін болсақ, 15 көше бойынша 191 нысан ғимараттар мен құрылыстарды сәндік жарықтандыруға жабдықталған. Ағымдағы жылдың соңына дейін ғимараттарды сәулеттік-сәндік жарықтандырудың бірыңғай тұжырымдамасын жүзеге асыру жоспарланған болатын. Сарыарқа даңғылы бойынша 12 нысан, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларға жақын жаяу жүргіншілердің проекциялық өткелдерін орнату жоспарланып отыр.

Тұрғын үйлер жөнделіп жатыр

Тұрғын үй басқармасының тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша ағымдағы жылға жоспарланған 10 үйдің бесеуінде үйдің қасбетін, кіреберістерін, инженерлік жүйелерін қалпына келтіру және т.б. жұмыстар аяқталды. «Өркен қала» тұрғын үй қорының жаңғырту бағдарламасы бойынша тұрғындар мемлекеттен пайызсыз қаражат алып, айына орташа есеппен 2 000 теңге төлеп, ортақ мүліктеріне толықтай жөндеу жүргізуде.

Жылыту маусымы кезінде жылу және ыстық су берудегі іркілісті болдырмау мақсатында коммуналдық қызметтермен және қызмет көрсету ұйымдарымен бірлесіп жылу алмастыр­ғыштардағы, крандардағы, ысырмалардағы бойлерлерді ауыстыру бойынша жұмыстар, сондай-ақ жылу торабының контурын жуу және сығымдау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, тұрғын үйлердің автономды қазандығын орталық жылумен жабдықтауға көшіру үшін жылу магистралінің құрылысы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Бүгінгі таңда аудан бойынша орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған 904 көппәтерлі тұрғын үйдің бекітілген кестеге сәйкес, алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша бүгінгі таңда 765 үйде жұмыстар жүргізілді.

Арықтар, су өткізу құбырлары және дренаж құдықтары жайластырылды. Ағымдағы жылы 15 көше мен 8 орамішілік аумақ бойынша арық желісі мен су өткізу құбырларын абаттандыру жоспарланған. Бүгінде 5 нысан, атап айтсақ, Кеңдала көшесі, 3,5,6, Қарауыл көшесі, К.Күмісбеков көшесі 9/2 және Конституция 16, Юбилейная көшесінде жұмыстар аяқталды, қалған 10 көшеде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Көгалдандыру – игілікті іс

Сарыарқа ауданы аумағында 70 гүлзар, сквер, қоғамдық кеңістік және «Көктал» саябағы орналасқан. Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы шамамен 36 мың жасыл көшет отырғызу жоспарланған. Қазірдің өзінде 2 мыңнан астам ағаш, 600 бұта және 6 мың көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Күзгі кезеңде 1 900 ағаш, 1 400 бұта отырғызылады. Сонымен қатар, жасыл желектерді автоматты жергілікті суару жүйесімен суғару қолға алынды.

Қазіргі таңда аудан бойынша 29 нысан абаттандырылған. Мұндай суару алдымен суды үнемдеуге ықпал етеді. Тамшылатып суару кезінде су өсімдіктердің тамырына ғана барады. Кейбір учаскелерде күніне жарты сағат жергілікті суару жүйесі қосылады. Осы уақыт ішінде өсімдіктер ылғалға толып үлгереді. Сонымен бірге суару сапасы артады. Жергілікті жүйемен суару барлық қол жетпейтін учаскелерге жетеді, ал тамшылатып суару барлық тамыр жүйесін қоректендіреді. Арнайы техника тас төсемдеріне кірмейді және тозу баяу жүреді. Оған қоса, көшедегі бір жолаққа тосқауыл қойылмайды. Жергілікті суару жүйесі және тамшылатып суару кезінде крандар мен нүктелер төмен орналасқандықтан осылайша суғару кезінде қысымның кесірінен машинамен кір жайылып, топырақ барлық жаққа ұшып, көлшіктер пайда болады.

Ағымдағы жылдың күзгі мау­сымында 2200-ге жуық ағаш отырғызу жоспарланған. «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында К.Байсейітова көшесі, К.Күмісбеков көшесінің бойындағы саябақ, Абай даңғылы алма, қарағай, қарағаш, ұсақ жапырақты қарағаш, қайың ағаштарымен толығады.

Жаңа жағалау пайда болды

Астананың Сарыарқа ауданында жеке инвестициялар есебінен Шабал Бейсекова көшесіндегі көпірдің жанынан жаңа қоғамдық кеңістік ашылды.

Жалпы абаттандырылған аумақ 0,96 га құрайды. Жағалауда қала тұрғындары үшін амфитеатр; балалар және спорт алаңдары; велосипед, жүгіру, серуендеу жолы; баскетбол, волейбол, футбол алаңы; өрмелеу алаңы және скейтпарк орналастырылған.

Құрылыс маусымы басталғалы Көктал-1 елді мекеніндегі Көктөбе көшесінде және Агроқалашықтағы Фахд бен Абдул Азиз көшесінде қоғамдық кеңістіктер жайластырылды. Сонымен қатар, «Шапағат» сауда үйінің маңында және Желтоқсан-Бұқарбай батыр-Бейбітшілік көшелерінде жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бас қалада инфрақұрылымдық жағдайларды жақсарту мақсатында жолдар жөнделіп,  тұрғындар үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер салу жалғасып жатыр. Ал Сарыарқа ауданында абаттандыру жұмыстары екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңнің жұмыстарын ағымдағы жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, алдағы уақытта Есіл өзенінің оң жағалауындағы аймақ та көркейетін болады. Бұл ретте биыл елорданың оң жағалауында 130-ға жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Қазірдің өзінде 50-ге жуық орында тиісті жұмыстар аяқталған. Жыл басынан бері қалада 42 аула және 2 қоғамдық кеңістік және соған қоса «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 34 аула абаттандырылды.

Елордада көгалдандыру мәселесіне де айтарлықтай назар аударылып отыр. Биыл қалада 1 млн-ға жуық жасыл желек отырғызу жоспарлануда. Оның ішінде 452 мың жасыл желек қалада, қалғаны елорда жанындағы «Жасыл белбеу» аумағында отырғызылады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button