Басты ақпаратҚала тіршілігі

Астанаға қашан газ тартылады?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананы газбен жылыту жүйесіне көшіру керек деген тапсырма берген болатын. Бұл жөнінде қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Елорда табиғи отынмен қашан қамтамасыз етіледі? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Әлі екі жыл бар

Ресми деректерге сүйенсек, Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанның бірқатар қалаларын газификациялау жұмысы 4 ке­зең­нен тұрады. Бірінші кезең Қызылорда – Жезқазған – Қара­ғанды – Астана бағыты бойынша 1081 шақырымдық, 820 миллиметр диаметрлік құбыр тартылмақ. Оның құны 267 млрд теңгені құрайды. Ал екінші кезең 2020-2023 жылдары жоспар бойынша 48 миллиард теңгеге Бурабай арқылы Көкшетауға дейінгі 276 шақырымдық қашықтыққа диаметрі 630 миллиметр болатын құбыр қойылмақ. Үшінші кезеңде 2025 жылға дейін Петропавлға, одан кейінгі 2028-2031 жылдарға жоспарланған соңғы кезеңде Жезқазған мен Теміртауда екі ірі компрессорлы станса салынбақ. Бұл жылына үш миллиард текше метр газбен қамтуға мүмкіндік бермек. Осындай ауқымды жұ­мыс­тардың нәтижесінде 10 жыл­дан кейін шамамен 2,7 млн қазақ­стандық үйлерін газ отыны­мен жылытатын болады деп күтілуде.
«Астанабасжоспар» ҒЗЖИ» ЖШС бас инженері Болат Дәулетовтің мәліметінше, қазіргі уақытта Астанаға дейінгі «Сарыарқа» газ құбыры магистралінің жобасы дайын. Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырынан басталатын магистраль Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы Астанаға ке­ліп, ары қарай Көкшетау мен Петро­павлға жалғанады.
– Тапсырыс берушілердің мәлі­метінше, қалаға газды екі жылдан кейін әкелу керек. Бірақ оған дейін Астана бұл өзгерісті қабыл­дауға қауқарлы болуы қа­жет. Осыған байланысты қазір басқармаларда газдандырудың техникалық-экономикалық жобасына сараптама жұмыстары жүргізілуде. «Сарыарқа» магистра­лінен тартылатын табиғи газ №2 авто­маттандырылған газ тарату стансасына, одан кейін басқа­ла­рына қосылады, – дейді бас инженер.
Бұл тұрғыда Отын-энерге­тика­лық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Арсен Қожановтың айтуынша, газификация жобасының құжаты – «Госэкспертиз» РМК мамандарының қарауында.
– Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, Астанадағы газ тарту желісін салу жұмысы үш кезеңге бөлінген. Қазіргі уақытта газификация үдерісін жылдамдату үшін техникалық-экономикалық негіздемемен қатар біздің басқарма 9 кешеннен тұратын бірінші кезеңнің жобалық-сметалық құжа­тын әзірлеп жатыр. Бұл құжат осы жылдың төртінші тоқсанында аяқталуы керек. Ал келер жылы 114 шақырымды құрайтын бірінші кезеңнің 4 кешенінің құрылысы бас­талып, 2020 жылы аяқталуы тиіс, – дейді ол.

Бес жылдық жоспар жасалды

Тұрғын үй, әлеуметтік және коммерциялық құрылыстардың инженерлік және көлік инфра­құрылымын дамыту сияқты қала құрылысы бойынша бесжылдық кешенді жоспар әзірленді. Аталмыш жоспарды әзірлеген кезде «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ» ЖШС мамандары қала әкімдігінің алдағы барлық жұмысына талдау жасаған екен.
– Әдетте бұған дейін мұн­дай бесжылдық жоспар қарасты­рылмаған. Бұл тәжірибе елордада алғаш рет қолданылуда. Біз мұны барлық мекемемен келісіп, алдағы шығындарды есептедік. Ең бастысы, басқармалар арасында келіспеушілік болмайды. Мысалы, депутаттар жаңа мектептерге қол жеткізудің ұзаққа созылатынын жиі айтады. Ал кешенді жос­парда бұл мәселелер ескеріліп, әр мекеменің ауқымды жұмысқа қалай және қай уақытта кірісу керек екені көрсетіледі. Сонымен қатар бұған кез келген сәтте өзгертулер жасалмайды. Жоспар алты ай сайын жаңартылып отырады. Жүзеге аспаған жобалар келер жылдың жоспарын толықтырады. Яғни, құжат 2030 жылға дейінгі Бас жоспар негізінде 2023 жылға дейін әзірленді. Оған келер жылы тағы бір жыл қосылады, – дейді «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ» ЖШС директоры Сәрсембек Жүнісов.
Енді ірі жобаларды жүзеге асыруда бұл жоспардың қалалық басқармалардың анықтамалық құжатына айналатынын айтады әзірлеушілер. Олардың есебіне сәйкес, бес жылдық жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттар­ды жасау құны 1 трлн 798 млрд теңгені құрайды екен. Соның ішін­де Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының жоба құны 489 миллиард теңге болса, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының жобасы 626 млрд теңге шамасында көрінеді. Бұл мекемелер алдында ең ауқымды жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Ол – қаланы газбен қамтамасыз ету.
Жалпы, елордадағы салынып жатқан барлық нысандарды қосқанда қаланы жылыту үшін 2765 гКал қажет болса, екі ЖЭО-ның күшін қосқанда жылу қуаты 2500 гКалдан аспайды. Ал қазіргі уақытта 2334 гКал тұтынылуда. 5 жылдық жоспарға сәйкес, 2020 жылға қарай Есіл өзеніне дейінгі кіші айналма жолдағы құрылыс басталады. Онымен қоса, реновация бағдарламасы бойынша қаланың ескі бөлігіндегі апатты үйлер сүріліп, орнына заманауи ғимараттар салынуда. Сондықтан қалаға қосымша жылу қуаты ауадай қажет. Ол үшін қандай жұмыстардың жүргізіліп жатқаны туралы «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ» ЖШС бас инженері Болат Дәулетов былай дейді:
– Әзірге 100 гКал ғана жылу қуаты артылуда. Ал егер жылу жүйелерін ары қарай дамытпасақ, 2020 жылы 423 гКал, 2025 жылы 1034 гКал, ал 2030 жылы 1500 гКал жетіспейтін болады. Бұл дефицитті жою үшін 2019 жылы ЖЭО-1-дегі барлық су ысытқыш қазандықтарды, ал ЖЭО-2-дегі кейбір қазандықтарды табиғи газға көшіру керек. 2025 жылы ЖЭО-3-тің №1 су агрегаты мен қазандық агрегаты пайдалануға беріліп, ол газға ауыстырылуы тиіс. Тағы 5 жылдан кейін жылу беру орталығының құрылыс жұмыстары толық аяқталуы қажет.

Көмір керек болмайды

ЖЭО-1 толықтай газға көшкен кезде 2020 жылы ең алдымен Көктал-1 және Көктал-2 тұрғын үй алаптары мен Железнодорожный, сонымен қатар Оңтүстік-шығыс ықшам ауданы қамтылмақ. Ал 2021 жылы қаланың батыс жағындағы Қорғалжын тас жолының бойы, 2023 жылы елорданың барлық бөлігі газбен жылыту жүйесімен қамтамасыз етілмек. Сонымен, 2025 жылға дейін көмір отынымен жылытылып отырған барлық нысандар табиғи отынға көшірілмек. Шұбар, Көктал-1 тұрғын алаптарындағы сияқты 200-ге жуық автономды қазандықтар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады деп күтілуде. Демек, алдағы уақытта қаланы жылытуда қатты отынның бұрынғыдай қажеті болмайды деген сөз.
Тұрғын үйлерге газдың қалай берілетіні әзірге белгісіз көрінеді. «Астанабасжоспар» ғылыми зерттеу институты мамандарының айтуынша, құбырлар жерасты арқылы өткізілетін тәрізді. Дегенмен жаңа жылу жүйесінің құрылысын салушыларға газ құ­рылғысын орнатудың алты нұс­қасы ұсынылыпты. Мысалы, жекеменшік сектордағы үйлердің әрқайсысына яки топ­тық блок түрінде немесе тұтас ауданды жылумен қамтитындай бір орынға орнату нұсқалары қа­растырылған. Сол сияқты бұл құ­рылғылар көп қабатты тұрғын үйлердің шатырына да орнатылуы мүмкін.

Сорғы стансалары дайын ба?

Бұрнағы күні Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қала­сы бойынша департаментінің ұйым­дастыруымен «Астана-Теплотранзит» АҚ құрылыс және қайта жаңарту нысандары бойынша баспасөз туры өтті. «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасы Василий Курисько бастаған жұмыс тобы жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарды аралады. Мамандардың айтуынша, жылыту маусымы алдында жылу құбырлары 100 пайыз тексерістен өткен.
– Біздің кәсіпорын жылу энергиясын орталықтан тұтыну­шыға дейін тасымалдауды қам­тамасыз етеді. Сондай-ақ жылу магистралін, сорғы стансаларын, электр құралдарын жылыту маусымына дайындайды. Дайындық барысында кәсіпорын жүргізетін инвестициялық бағдар­ламаларға 1 млрд 300 млн теңге бөлінді. Оның 1 млрд 100 млн тең­гесі жылу құралдарын жөндеуге жұмсалды. Бірқатар учаскелерде құбыр желілері қалпына келтірілді. Бұл магистраль балабақшаны, тұрғын үйлерді, шағын және орта бизнес нысандарын жылумен қамтиды. Дұрыс пайдаланған жағдайда құбырлар 30 жылға дейін жарайды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмысы аяқталды. Магистраль құрылысы кезінде жылы суды өшірмедік, – дейді «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасы.
Жалпы, Астанадағы жылу энергиясын беру және тарату қызметтерін ұсыну бойынша табиғи монополия субъектісі болып отырған «Астана-Теплотранзит» АҚ елордада 7060 км жылу жолына қызмет көрсетеді. Кәсіпорынның 14 сорғы стансасы жұмыс істей­ді. Стансалардың көпшілігі автомат­тандырылғандықтан, диспетчерлік орталықтан қадағаланып, қашық­тықтан басқарылады екен. Василий Куриськоның айтуынша, бұл стансалар газбен жылыту жүйесіне де толық дайын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button