Басты ақпаратДенсаулық

Астаналық дәрігер қандай болуы керек?

Олар күн сайын түрлі тағдырлармен бетпе-бет келетін қайсар жандар емес пе?! Өмір мен өлімнің арасында жанталасып жатқан науқасты азабынан құтқаратын да, қиналғанда жанынан табылып, жылы сөзімен де шын қамқор болатын – осы жандар.

 

Егер елорда денсаулық сақтау мекемелерінде әрбір ем алушының бесіншісі еліміздің өзге аймақтарынан келетінін ескерсек, астаналық ақ халатты жандарға сұраныс та, талап та өзгеше екеніне көз жеткізуге болады. Осы ретте қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Астаналық дәрігер» жобасын іске қоспақшы. Бұл елорда медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, олардың үздік қызметін ынталандыруға ықпал ететін болады. Бүгінгі күнде дәрігерлер 550 учаскеге бөлінген емханаларда алғашқы көмек көрсетеді. Өткен жылдың екінші жартысында тағы да 105 учаске ашылып, терапевт-дәрігерлердің жүктемелері біршама жеңілдеді. Қазір орташа есеппен әр учаскелік дәрігердің қарауына 1700 адам тіркелген. Емханалардың қызметін цифрландыру жүйелі түрде жүргізілуде. Тұрғындардың түгелге жуығының электронды денсаулық паспорты бар. Рас, медицина саласында, әсіресе, қалалық емханаларда кадр тапшылығы, қызметкерлердің сапалық көрсеткіші бойынша бірқатар мәселелер бар.
Бірақ осы проблемаларды шешу үшін әкім тарапынан бірқатар қадамдар жасалды. Атап айтқанда, емхана дәрігерлерінің кәсіби шеберлігін көтеру және азаматтармен қарым-қатынас әдетін нығайтуға бағытталған семинарлар өткізілуде. Былтырдың өзінде 5000 медицина қызметкері біліктілігін арттырған. Клиникаларда шетелдік мамандардың қатысуымен 25 шеберлік сыныптары өткен. 100-ден аса дәрігер әлемнің озық клиникаларында тәлім алған. Заман талабына сай дәрігерлердің ұстанымы да өзгеруде. Бүгінде аурудың алдын алу, ақпараттандыру жұмысы жандандырылып, профилактикалық көмек көрсету жұмыстары алға шықты. Скрининг, гипердиагнос­тика, фертильді жастағы әйелдерге, оның ішінде көпбалалы аналарға медициналық көмек көрсету өз нәтижесін көрсетуде.

«Үйдегі дәрігер»

Астаналықтардың өмір сүру ұзақтығы 76,2 жасқа дейін артты. Бұл – ел бойынша орташа көрсеткіштен 3,2 жылға жоғары. Бұл көрсеткішке бала туу көрсеткішінің артуы мен жалпы өлім-жітімнің төмендеуі арқасында қол жетіп отыр. Елорда қоғамдық денсаулық сақтау саласының тағы бір жаңа жобасы «Үйдегі дәрігер» деген атпен қанат қақты. Оның мақсаты – көп пәтерлі тұрғын үйлердің төменгі қабатын емдеу амбулаторияларына айналдыру. Тұрғындарға тиімділігі сол, қажет болғанда осы маңда тіркелген тұрғындар жарты сағатқа жетпейтін уақытта емдеу орнына жетіп, дәрігерге көрінуі тиіс.
Мұндай орындарды жабдықтау­ға бизнес өкілдері де қолдап отыр. Нәтижесінде 2023 жылға дейін қала бюджеті 15 млрд теңге үнемдейді. Бүгінгі күнде «Үйдегі дәрігер» желісінен 8 млрд теңге үнемделді. Алдағы бес жылдың шамасында осындай 51 орталық ашылады деп жоспарлануда. Қалада Инсульт орталықтары, шала туған шақалақтарға шақталған катамнез бөлімшесі ашылды. Ауруханалар біріктіріліп, барлық мамандардың күшін көпбейінді бір орталыққа жұмылдыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде 15-ке тарта жас ана өмірін сақтап қалды.

«Бәрін білетін білезіктер»

«Бәрін білетін білезіктер» де дәрігерлердің жұмысын көп жеңілдетті. Қалалық №4, 9 және 10 емханалардың диспансерлік есепке тұрған науқастарға тегін берілетін ID денсаулық-білезіктері науқастың аяқ астынан қан қысымы көтеріліп не жүрек соқпасымен ес-түссіз құлағанда науқастың жағдайын жақындарына жылдам жеткізеді. Білезіктегі QR-кодта науқастың қандай дәрілерге аллергиясы бар, қандай ем алып, қайда тіркелгені туралы мағлұмат жинақталған. Статистика бойынша жыл сайын 500-ге жуық науқас қаладағы стационарларға ес-түссіз жағдайда түседі. Дәрігерлер жедел жәрдемге кіріспес бұрын денсаулығы туралы барлық мәліметтерді білуі емнің тиімділігін арттырады. Бұл аз уақыттың ішінде шешім қабылдап және науқастың өмірін сақтап қалу үшін өте маңызды. Қазіргі уақытта елордада диспансерлік есепте тұрған науқастардың саны 120 мың адамды құрайды.

Жедел жәрдем жүйткиді

Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылады. Жедел жәрдем қызметін жетілдіру үшін 85 жедел жәрдем көлігі сатып алынады, оның 25-і – реанимобильдер. Жедел медициналық көмек стансасының бригадалары өмірге қауіп төндіретін барлық жағдайларда, жазатайым оқиғалар мен күрделі аурулары кезінде қала тұрғындарына шұғыл көмек көрсетеді. Мұнда қаланың әртүрлі бөліктеріне орналасқан, уақытылы жетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін және шұғыл көмек көрсететін 14 қосалқы станса ашылып, жұмыс істейді.
Астанада тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінген. Қалалық ауруханаларда 200 мыңнан аса адам емделді, 57 мыңға жуық ота жасалды, 28 мыңнан астам бала дүниеге келді, 600 мыңнан астам шақырымға жедел жәрдем көрсетілді, қала емханаларына тұрғындар 4,5 млн рет қаралған. Мұның бәрі – елорда қоғамдық денсаулық сақтау саласының бас­ты көрсеткіштері.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button