Басты ақпаратЭкономика

Астаналық кәсіпкер смузи шығарады

Елордалық кәсіпкер Сәлім Нағым екі жылдан бері «Vital Smoothies» атты табиғи шырын түрлерін шығарумен айналысып келеді. Бір қызығы, бұл өнімнің аналогы елімізде жоқ. Ендеше оның ерекшелігі қандай? Осыны білмек ниетпен отандық брендтің авторын әңгімеге тартқан едік.

Лондон вокзалында туған идея

– Сәлім, мұндай смузи шығару идеясы қалай келді?
– Жұбайым екеуміз де Англияда білім алып, 2011 жылы Қазақстанға оралдық. Келген соң мен өз мамандығым бо­йынша мұнай-газ саласында бірнеше жыл жұмыс істедім. Екі-үш жылдан кейін мұнай бағасы арзандап, қолға алған жобаларымыздың қарқыны бәсеңдей бастағандықтан, мен қосымша бизнес көзін іздестіре бастадым. Артынша келіншегіммен бірге Англияға қыдырып, оқыған жерлерімізге бір барып қайтпақ болдық. Лондоннан Кембриджге қарай жол жүргелі тұрғанымызда, вокзалдан «Innocent» деп аталатын смузи сатып алғанбыз. Соны ішіп отырып, бізде неге осындай табиғи сусын жоқ деген ойға қалдық. Астанаға келе сала сол саланы жан-жақты зерттедік. Алғашқыда сұранысқа қатысты күмәніміздің көп болғаны рас. Бірақ Еуропада танымал нәрсенің бізге де ерте ме, кеш пе, міндетті түрде келетінін ескеріп, тәуекелге бел будық. Сөйтіп 2016 жылдың қыркүйегінде алғашқы өнімімізді шығардық.
– Ол кезде алғашқы капитал үшін жинаған қаржыңыз бар ма еді?
– Өзіміздің де жинағанымыз болды, онымен қоса «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгініп, төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алдық. Оған Израиль мен Австриядан өндіріске керекті құрал-жабдықтарды алдырттық. Бір жылдан соң еліміздегі «Сәби» қайырымдылық қорының әлеу­меттік маңызы бар отандық стартаптар арасында ­ұйымдастырған гранты 30 мың АҚШ долларын иелендік.
– Бастапқы уақытта қиындықтар көп болған шығар?
– Әрине. Бұл өнім бізде бұрын-соңды болмағандық­тан, алғашқыда ақылдасатын кісілерді таппадық. Сондықтан шетелдің сайттарын қарап, технологияны солардан өз бетімізше үйренуге тура келді. Оның үстіне, 2015-2017 жылдары ұлттық валютамыздың кенеттен құлдырап кетуі біздің бизнесімізге де кері әсер етті. Біз несиені – теңгемен, ал құрал-жабдықты евромен алған едік, инфляцияның кесірінен ол бізге екі есе қымбатқа түсті. Өніміміз туралы адамдарға түсіндірерде де смузи сапасына қатысты сенімсіздіктен туған сұрақтарға кезігіп қаламыз.

Табиғи өнім қалайша ұзақ сақталады?

– Қазір супермаркет сөрелерінде шырынның түр-түрі толып тұр. Сіздердің смузидің олардан ерекшелігі неде?
– Біріншіден, біздің өнімнің құрамы – 100 пайыз табиғи жеміс-жидек. Шырынсыққыш аппараттың көмегімен алынатын басқа да табиғи сусындар бар ғой. Бірақ ондай шырындардың сақталу мерзімі екі-үш күннен әрі аспайды, өйткені сығылғаннан кейін өнім құрамында адам ағзасына зиянды бактериялар көбейіп, ашу процесі басталады. Мұнымен қоса, шырынсыққыш аппараттың тоқтаусыз айналып тұратын бөлшектері қызып, жеміске тигенде, канцерогенді заттар бөлінуі мүмкін. Ал біздің өнім суық әдіспен сығу арқылы алынатындықтан, ешқандай зиянды химиялық реакциялар жүрмейді. Ағылшынша «сold press» деп аталатын бұл тәсіл қазір Еуропада кеңінен танымал. Тіпті, кәдімгі үйлердің өзінде қарапайым шырынсыққыштардың орнын осындай аппараттармен ауыстырып жатыр.
– Басқа табиғи шырындардың сақтау мерзімі екі-үш күнге дейін ғана жетеді дедіңіз. Сіздердің өнім одан ұзағырақ сақтала ма?
– Иә, өйткені біз смузиді пас­теризациядан өткіземіз. Әдетте тетрапакеттегі шырындарды 130 градус температурада жарты сағаттай ұстайды. Соның нәтижесінде олар 1 жылдай сақталады. Бірақ тым жоғары температурада ұзақ өңдеу өнімнің сапасына әсер ететінін де ұмытпау қажет. Біз смузидің дәмі мен түсі өзгеріп кетпейтіндей етіп, одан төмендеу температурада және азырақ уақытта қыздырамыз. Нәтижесінде өнім 20 күнге дейін бұзылмай сақталады. Дүкендерге жеткізетін жолды және олардың сақтау шарттарын ескеріп, қаптамаға 15 тәулік деп жазамыз.

Өнім жақында Ресейге экспортталады

– Жеміс-жидекті өзімізден сатып аласыздар ма, әлде шетелден бе?
– Алғашқы кезде шетелдік жеміс-жидекті көбірек алып жүрдік. Кейіннен өзімізде де молырақ өсіріле бастады. Мысалы, бұрын өнім бізге тек Алматыдан келсе, қазір Шымкент пен Көкшетаудан да әкелінеді. Алма, құлпынай, қарақат, қызылша, сәбізді жаз кезінде сол жақтардан аламыз.
– Қайсысы сіздерге тиім­дірек? Отандық жеміс-­жидек пе, әлде шетелдікі ме?
– Бағасы жағынан бізге – отандық өнім, ал құрамындағы шырынның көптігі жа­ғынан кейде шетелдікі тиім­дірек. Мәселен, Польшадан әкелінетін алма шырынды көбірек береді. Себебі олар жемісті вакуумдық қоймада сақтайды да, құрамындағы нәрі сол қалпы тұрады.
– Смузиді қанша түрлі дәм бойынша шығарасыздар?
– Қазір жеті түрлі дәм бар. Бірнеше дәмді араластырарда оны алдын ала зертханада тексереміз. Мысалы, алма, сәбіз және қиярдың шырынын бір-бірімен қосатын болсақ, оның құрамындағы пестицидтердің көрсеткіші көтеріліп кетеді де, ағзаға зиянды реакциялар түзеді. Сондықтан шырынның әр жаңа түрін жан-жақты зерттеп, содан кейін ғана нарыққа шығарамыз.
– Өнімдеріңіз қай қалаларда сатылады?
– Астана қаласындағы бар­лық супермаркеттерден, сондай-ақ Алматы және Қарағандыдағы дүкендерден табуға болады. Алдағы уақытта Ресей­дің Новосібір, Челябинск және Екатеринбург сияқты бізге жақын қалаларына экспорт жасасақ деген ойымыз бар.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button