Білім

Асыға күтетін кез

Алтын күз еліміздің астанасын жарқын реңкке бояп, айналасын ерекше қуанышқа бөлегені белгілі. Оқушылар жыл сайын күзгі демалысын асыға күтеді. Осы орайда елордалық оқушылардың күзгі демалысын қалай өткізгенін білу мақсатымен қаладағы ірі ойын-сауық кешендеріне арнайы барған едік.

Күзгі каникулда әр оқушы өзіне қолайлы, жайлы орынды таңдайды, кейбірі парк пен кинотеатрға, театрға барса, кейбірі бассейн мен антикафеге немесе ойын-сауық кешеніне барады. Бұдан бөлек, көптеген жасөспірім бос уақытын білімін ұштау үшін өзін дамытуға арнайды.

Ауа райының салқындауына байланысты оқушылар демалыс уақытын жылы, жабық жерде өткізгенді қалайды. Мысалы, 5-сыныпқа дейінгі оқушыларға белсенді демалыс ұнайды. Сондықтан да олар демалыста ата-­анасымен, достарымен Mega Silk Way, «Хан Шатыр» сияқты ірі ойын-сауық және сауда-саттық орталығына жиі соғып, Kango батут паркіне, Mega мұз айдыны мен Chaplin кинотеатрына және тағы да басқа қызықты жерлерге барды.

«Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында балалардың көп шоғырланған Famecity, Sky Beach Club, Chaplin кинотеатры сияқты алаңдары бар. Кинотеатр­да балалар билеті 1400-2000 теңге аралығында, ал бассейннің бағасы 4-14 жасқа дейінгі балалар үшін – 7000 теңге, одан үлкендерге билет құны – 12000 теңге. Сондай-ақ Sky Beach Club-та әртүрлі жеңілдік бар. Мысалы, 3 жасқа дейін барлығы тегін және көпбалалы отбасыға толық күн үшін 50 пайыз жеңілдік берілген. «Күзгі демалыста жай күндерге қарағанда балалар саны 60 пайызға өсті» дейді Sky Beach Club маманы. Ал Chaplin кинотеатры әкімшілігі осы мезгілде оқушылардың саны 70-80 пайызға өскенін айтады. Famecity ойын алаңындағы балалар саны 50 пайызға өскен.

Mega Silk Way ойын-сауық кешеніндегі Kango батут паркінде барлық тарифті жалпылама алсақ, бағасы 3700-67000 теңге аралығында. Бұл алаңда 1 жасар баладан бастап ересектерге дейін көңіл көтере алады. Happylon аттракциондар алаңында балалар мен отбасыларға ұсынған көптеген жеңілдік бар. Мысалы, көпбалалы отбасы, қанша ақша салса да, оны 2 есе етіп картасына жүктейді. Бұл – өте керемет ұсыныс. Сонымен қатар туған күн иесіне әр аттракционда 30 пайыз көлемінде жеңілдік беріледі. Ал Mega Chaplin кинотеатры өкілінің айтуынша, осы кезде оқушылар саны 75-80 пайызға артқан.

– Қазіргі кезде алға қойған, көздеген мақсатым мен арманым – биология мен химияны оқып, жоғары оқу орнына түсу. Негізі, білім алу процесіме көңілім толмайды, сондықтан өзімді дамытуға барынша күш саламын. Маған осы күзгі демалыс ұнап жатыр, себебі сабақта ментальді денсаулығым нашарлап кеткенін сезіп жүрдім, әсіресе бақылауларда қатты күйзеліс болды, демалысқа шыға сала сонымен жұмыс істедім. Интроверт болғандықтан, қатты шулы жерді жақсы көрмеймін, ойын-сауда орталықтарына көп бара бермеймін, мен үшін үйде ноутбукпен кино көріп демалу – керемет демалыс, – дейді 10-сынып оқушысы Гүлмира Маратқызы.

– Өзіме сурет салған ұнағандықтан, уақытымды осыған арнаймын және ойын-­сауық кешеніне барып жүрмін. Бос уақытымда кітапханаға барып, мелодрама жанрындағы кітаптарды оқығанды ұнатамын, – дейді 6-сынып оқушысы Жансая Қайрат.

IT саласында мықты маман болу үшін талпынып жүрген 10-сынып оқушысы Абылай Айтжан демалысын жоғары оқу орнына түсу үшін деп бірнеше жоба жасап, осы салада тағы басқа программалау тілін үйреніп жүргенін айтады. Айтуынша: «Мектептен берілген осы күзгі демалыстың арқасында бітпей қалған көптеген шаруамды, яғни қаншама әйгілі IT мамандарымен кездесіп, қазір жаңа стартаптарды бастауды көздеп отырмын» дейді болашақ IT маманы.

Гүлнәзік Балтабек – Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы. Күзгі каникулда білімін шыңдап, көп кітап оқып, өзін-өзі дамытып, алдағы олимпиадаларға дайындалу үстінде.

Осы демалыста бір байқағанымыз – елордада антикафе саны күн санап көбеюде. Антикафе – көбінесе жасөспірімдерге арналған, яғни кафенің ішінде қаншама ойын-сауда немесе әртүрлі жанрдағы кітаптармен бірге балалардың көңілін көтеретін кафе (мысалы, JJ-Room, Gotham және т. б.). Оған баратын оқушылар қатары көп.

Осылайша, күзгі каникулды әр оқушы әрқалай өткізу үстінде. Демалыста балалар ментальді және физикалық тұрғыдан демалып жатқанын байқадық.

Аяулым МИРЕХАН,

Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button